8.12.2022, 14:45
Оқылды: 248

Министрлік заң жобасын әзірлеу жұмысын бастады

Бұған дейін Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаевтың Бәйтерек ауданы тұрғындарымен кездесу өткізіп жатқандығын хабарлаған болатынбыз. 

WhatsApp Image 2022-12-08 at 14.21.00

Кездесуде вице-министр БАҚ саласын дамытуға қатысты министрлікте қаралған мәселелер туралы айтты.
-Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында министрліктің алдына салалық заңнаманы жетілдіру міндетін қойды.
Тапсырма аясында БАҚ саласындағы жаңа заманауи жүйені құру мақсатында министрлік заң жобасын әзірлеу жұмысын бастады.
Жаңа заңға сәйкес журналистердің құқықтық мәртебесі артады. Заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға кепілдік беріледі. Мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру тетіктері гранттық қаржыландыруға өту арқылы реформаланады және тағы басқа оң өзгерістер енгізіледі.
Тұтастай алғанда енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар өңірлік, аудандық БАҚ өкілдерінің кәсіптік қызмет деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Екінші мәселе өңірлік ақпараттық тапсырысқа қатысты.
2021 жылдың желтоқсанынан бастап республикалық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларындағы өзгерістерге сәйкес республикалық комиссия өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясаттың тақырыптық бағыттары бойынша ұсыныстарды қарап, тапсырыс береді.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар үміткерлердің шығармашылық ұсынысын қосымша бере отырып, конкурсқа қатысушылардың өтінімін республикалық комиссияның қарауына жібереді. Оларды қарау қорытындысы бойынша ақпарат беріледі. Бұл шаралар министрлікке бюджет қаражатын тиімді бөліп, жекелеген БАҚ үшін негізсіз артық шығын шығармай, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жергілікті биліктің назарын бюджет қаражатын барынша біркелкі бөліп, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыруға жергілікті БАҚ-ты барынша көп тарту қажеттігіне аударғым келеді. Себебі негізгі жұмысымыз жергілікті БАҚ-ты қолдау және дамытуға бағытталуы тиіс. Үшінші мәселе өңірлердегі БАҚ-ты дамытуға бағытталған, - деді Серік Рахметоллаұлы.
Вице-министр облыстардағы ақпарат сайттарында көбіне республикалық БАҚ-та жарияланған ақпараттар ғана таратылатындығын, сондықтан өңірлік БАҚ-тың жеке контентін күшейту қажет екендігін айтты. Мұнымен қоса, арнайы медиа жобаларды қолға алуды ұсынды.

Динара Тілекқызы,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале