14.02.2022, 16:59
Оқылды: 85

МКК баспанасын жалға берушілерге салық төлеу қажеттігін ескертті

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті тұрғын үйді жалға беретін тұлғаларға салық міндеттемелерін орындау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220214175254632e

Ведомство мәліметінше, жеке кәсіпкер (бұдан әрі - ЖК) ретінде тіркелмеген жалға берушілер салық міндеттемелерін бірыңғай жиынтық төлемді (бұдан әрі - БЖТ) төлеу жолымен немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны (бұдан әрі - ЖТС) ұсыну жолымен орындай алады. Жеке кәсіпер тұрғын үйді жалға беру кезінде бюджетпен есеп айырысу кезінде патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін (бұдан әрі - АСР) пайдалануға құқылы.

Бұл ретте әдістердің әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен шектеулері бар. Атап айтқанда, тұрғын үйді жалға беретін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғалар жыл сайын есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) табыс етеді. Декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде алынған табыстың 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығын төлейді.

Жеке тұлғалар жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе cabinet.salyk.kz web-порталында Салық төлеушінің кабинеті арқылы тапсыра алады. Егер тұрғын үй салық агентіне (жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын тұлға, заңды тұлға, оның құрылымдық бөлімшелері, резидент емес заңды тұлға) жалға берілген жағдайда жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді салық агенті төлем көзінен жүзеге асырады.

Жеке тұлғалар салық міндеттемелерін республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, астананың тұрғындары үшін 1 АЕК және қалған елді мекендердің тұрғындары үшін 0,5 АЕК мөлшерінде бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы жүзеге асыра алады. Мұндай жеке тұлғалар төлем жүргізілген күннен бастап төлем жүргізілген айдың соңғы күніне дейін бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер деп танылатын болады. Бұл ретте бірыңғай жиынтық төлем төлеушінің күнтізбелік жыл ішіндегі табыс мөлшері 1 175 еселенген АЕК-тен аспауы тиіс.

Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкер тиісінше алынған кірістің 1 немесе 3 пайыз мөлшерлемесі бойынша жеке табыс салығын (2023 жылға дейін жеке табыс салығын төлеуден босатылған) есептейді. Сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарда белгіленген мөлшерлемелер бойынша әлеуметтік төлемдерді (әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, МӘМС жарналары мен аударымдары) төлейді.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272 және 275-баптарына сәйкес салық есептілігін ұсынбау, сондай-ақ салық салу объектілерін және салық есептілігінде көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру әкімшілік жазаға, оның ішінде ақшалай айыппұл түрінде өндіріп алуға әкеп соғады», - деп ескертеді комитеттен.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале