ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екі кезеңі шеңберінде еліміздің барлық өңірінде бұлақтар мен су айдындарының жағалауларын тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Фото: gov.kz
Байқаудың алғашқы кезеңі наурызда, ал екінші кезеңі 11 шілдеде өтті. Нәтижесінде республикамыздың барлық облысы мен Шымкент қаласында 94 бұлақ пен 62 су нысаны тазартылды. Акцияға жалпы 23,7 мыңнан астам адам, оның ішінде 3 мыңға жуық ерікті қатысты. Сондай-ақ су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» құрылып, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Ақтөбе су қоймасы аумағынан 2 тоннадан астам, ал Қостанай облысындағы Тобыл өзенінің жағалауынан 3 тонна қоқыс шығарылды.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев атап өткендей, қысқа уақыт ішінде бұл акция азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосып, бұлақтардың маңызын кеңінен насихаттай алды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен қолдау тапқан бастама барысында су ресурстарын сақтауға бейжай қарамайтын жастардың белсенділігі ерекше байқалды.