17.01.2022, 9:50
Оқылды: 97

Мұнай-газ саласының майталманы

Ортамызда болса, биыл Есет Роватұлы Әзербаевты туған елі, жерлестері –  ақжайықтықтар төбесіне көтеріп,  80 жылдығын тойлап жатар еді. Бірақ тағдыр оған жазбады. Осыдан бес жыл бұрын ғұмыры талайларға үлгі боларлық тамаша жан өмірден көшті. Алайда жарқын бейнесі оны көре қалғандардың, қатар жүргендердің есінде өшпестей болып сақталып қалған. Олай болатын себебі оның бітірген істері, тындырған шаруалары, қазірде іске асып жатқан жарқын идеялары мен мақсаттары осынау бір ерекше жаратылған жанның нұрлы жүзін халықтың жадынан мәңгі өшірмейтіні кәміл. Шыны керек, адамдар қатар жүргенде қасындағы жандардың қандай қасиет пен зор таланттарға ие  екенін толық мағынасында бағалап, аса мән бере қоймауы мүмкін. Бірақ кейін ондай ерлерін ескеріп, ұмытпайтыны кәміл.

 C1489B6E-7682-4CA5-9990-47EA3533F211

Бірден айтқан жөн, Есет Роватұлы бірінші көрген адамға ішін бермейтін, тұйықтау, ашылып сөйлемейтін, тіпті суықтау болып көрінетін. Сырын тереңге жасырған қой көзімен адамға барлай, бағалай, тіпті сынай қарап әп дегенде шешіле қоймайтын. Алғаш көрген адам мына кісі тәкаппар, мінезі тік жан деп ойлап қалатын. Бірақ оны   көргендер, жұмыстас, әріптес болғандар, жанында жүргендер тәкаппарлығын көрмегендігін, қай-
та жүрегі жұмсақ адам болғанын айтудан жалықпайды. Ол еңбек етуді мұрат еткен, қарапайым жанұяда, сонау соғыстың түтеп тұрған шағында дүниеге келіпті. Одан әрі соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтірудің қиын кезеңдерін бала  болса да өз көзімен көріп, сезініп жүріп  ержетті. Ал бозбала, жас жігіт шағында сол тұстағы КСРО деген алып елдің экономикасының қарыштап дамыған қарқынды жылдарын, сол кеңес елінен қалған мұнай-газ саласының беріде  тәуелсіз Қазақстанда қалай аяғынан тұрғанын да Есет Роватұлы жақсы білді, өзі ортасында жүрді.

Барлық ғұмырын газ саласына арнаған Есет Әзербаев өмірінде түрлі қызмет атқарған.  «Бұхара – Урал» газ құбыры желісі бойында орналасқан «Домбаровка» компрессор стансасында ауысым инженері болды. «Мақат» компрессор стансасында әр түрлі лауазымда жеті жыл тер төкті. Соңынан ол  Батыс Қазақстан облысының жерінен өткен «СОЮЗ» және «Орынбор - Новопсков» газ желісі құрылысының басшысы болды. Кейін Кеңес одағы газ өнеркәсібінің ірі құрылымдарының бірі – «ЮгТрансГАЗ»-ды ұзақ жыл бойы басқарды. Оның құрамына Қазақстан жерінен өтіп жатқан «Средняя Азия - Центр» магистральды газ құбыры кіретін еді. Бұл сонау Кеңес одағының кезіндегі өлшеммен алғанда қазақ азаматына биіктігі мен жауапкершілігінен бас айналатын осынау өте жауапты лауазымды сеніп тапсыруы көп жайдан хабар бергендей ғой. Иә, Есет Роватұлы бүкіл бір мемлекет сенгендей азамат болған екен ғой деп біз бүгін мақтанышпен айта аламыз. Еңбекке деген адалдығы, өз мамандығын жетік меңгергендігі оны қызметте ылғи жауапты учаске мен қиын жұмыстарға жұмсауға басты себеп болғаны даусыз. Ямал аймағында компрессор стансасын салуды да оған сеніп тапсырыпты. Есақаңның, тіпті мемлекет-аралық аса маңызды құрылысты да басқарғанын айта кеткен жөн. Ол Ливиядағы ең ұзын газ желісін салып беруге басшылық жасаған.

Арада талай жылдар өтті. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болып, өз алдына өмір сүруге кірісті. Ата-бабаларымыздың арманы болған егемендікті Есет Роватұлы да қуана қарсы алды. Әрине, оны мықты маман ретінде қызметке шақырған мемлекеттер, тіпті шетелдік мемлекеттер де болды. Бірақ Есақаң өзінің туған елінде, соның ішінде Ақ Жайығында  еңбек етуді ұйғарды. Ол Орал қаласында Қарашығанақ  кенішінде жұмыс істеп жатқан кәсіп-
орындар мен Қазақстан Республикасы аймағында орналасқан газ өндіретін басқа да нысандарды  біріктіретін «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясын құруға бастама көтерді. Оны облыс әкімшілігі қолдады. Бұл Есет Роватұлының болашақты ылғи әріден ойлайтын, елі мен ұлтының қамын үнемі есінен шығармай жүретін нағыз патриот болғанын көрсетпей ме?   Сол кездегі экономикалық қиындықтарға қарамастан Есет Әзербаев еліміздің қала, аудандарын, алыстағы ауылдарын газдандырудың орасан зор жоспарларын жасап, оған батыл кірісіп кеткенін газ төңірегінде жүрген мамандар жақсы біледі. Азаматтың сол армандары бүгінде жүзеге асып, халық көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Оларды атап айтсақ, «Бейнеу - Шымкент», «Алматы - Талдықорған», «Са-
рыарқа» және басқа да магистральды газ құбырлары еліміздің оңтүстік аймақтары мен Орталық және Солтүстік Қазақстан өлкелеріне өзіміздің газымызды өзімізге пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

Жоғарыда айтып өттік қой, Есет Роватұлымен таныс болғандар немесе оны бір көргендер ең алдымен оның ерекше жан екенін, харизмалық тұлға екенін байқамауы мүмкін емес. Әрине, бір көрмеге көп сөйлемейтін, тұйық, қарапайым біреу болып көрінетін. Онысын көрген біреулер кейде қателесіп, «ой, мынау шіреніп қалған біреу ғой...» – деп ойлап қалады екен. Ал сіз оның кәсіби мамандығына байланысты әңгіме бастап көріңізші бітті!.. Сағаттап әңгіме айтуға ерінбеуші еді азамат... Бұл саладан оның білмейтіні жоқ, ойлары терең, талдап келіп кеткенде газ өнеркәсібінен алыс адамдардың өзі сауатын мықтап ашқандай әсерде қалушы еді.

«...Енді ол өзінің мамандығы ғой, жақсы білген шығар...» – дейтіндер де табылар. Алайда  Есағаң «нағыз технар» болғанымен,  басқа салалардан да биік білімді, мағлұматы мол, терең жан-тұғын. Мәдениет пен өнер тақырыбына бара қалсаңыз, тіпті қамшы салдырмайтын. Тарих туралы да таңды таңға ұрып әңгімелеуге бар десек, қателеспейміз. Есет Роватұлы мамандығы мен қызметіне байланысты көбіне басқа елдерде, соның ішінде шетелдерде жұмыс істеді ғой. Бірақ соған қарамастан туған тілін, халқының тарихын, ата-баба дәстүрін терең білді. Әңгімелесіп отырғанда мақал-мәтелдерді өте шебер, орнымен пайдаланатын. Кейде осы қалай деген қариялардың өзі онымен әңгімелескенде, Есағаңның қай тақырыпқа болмасын жүйріктігін мойындап жатқанын талай көрдік. Осы жерде айта кету керек, ол көп білсе де онысымен мақтанбайтын. Әңгімелесіп отырған жанды да мұқият тыңдап, пікірлеріне құлақ асатын.

Есет Әзербаев қатардағы маманнан бастап, жоғары ла-уазымдарда  қызмет атқарған азамат еді. Газ саласында ірі кәсіпорындарды басқарды. Соған орай табысы да мол болды. Өзінің азаматтығын, кеңпейілдігін жоғалтпады. Сонау бір жылдарда газ саласына мол қаржы бөлінгені, онда қызмет істегендердің табысы да өте жоғары болғаны белгілі. Осы арада мемлекеттің бұл салаға бөліп жатқан орасан зор қаржысына Әзербаевтың өте мұқият қарағанын, оның әр тиынын шашау шықпай жұмсалуын өте қатал талап еткенін айта кеткеніміз жөн. Азамат халықтың игілігіне, елдің бақуаттылығына адал еңбек етуді ғана ойлады. Ол өте таза жан еді. Әзербаевтың тағы бір қыры – газ қазақтың жерінен шығып жатқан Құдайдың қазаққа берген бір байлығы деп санайтын. Сондықтан осы саладан артылған қаржыны мәдениетті, өнерді өркендетуге барынша демеушілік жасап келгенін облыс, республика жұртшылығы жақсы біледі. Талантты жастарға, өнер иелеріне де, мұқтаж жандарға, ауыр науқастарға да демеу-сүйеу болғанына көп мысал келтіруге болады. Соңында жарқын істері мен шынайы азаматтық асыл бейнесі қалған Есет Роватұлын халқы ұмытқан жоқ. Соның бір көрінісі 2018 жылы Орал
мұнай-газ және салалық технологиялар колледжінің алдына Есет Әзербаевтың мүсіні (бюст) қойылды.  Бүгінде осы колледждің ең үздік оқитын екі студентіне Әзербаев атындағы шәкіртақы тағайындалған.

Сонау бір жылдарда көгілдір отынды пайдалануда басқаларға жалтақтамай, өзіміздің тә-уелсіз газ жүйесін құруға негіз қалаған, «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының тұңғыш президенті Есет Әзербаевтың есімін жоғарыдағы айтқан колледжге берсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау  деген арман мұнай-газ саласының ардагерлерін үнемі мазалайды. Өйткені Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, зор еңбек сіңірген Есет Әзербаевтың есімі еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылғандығына еш күмән жоқ.

 Облыс  ардагерлерінің атынан: А.Қ.Есенғалиев, В.К.Жүнісов, Т.Е.Наушиев, Қ.Ш.Нұпов, Я.К.Чудров, П.В.Климов, В.Д.Есмағұлов, А.Т.Әлмұхамбетов,
Е.И.Сағындықов, А.К.Ахметов

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале