13.06.2017, 13:08
Оқылды: 295

Мұнайдар БАЛМОЛДА: «Ғұбайдолла батырдың тұлғасын қазақтың қай батырымен де қатар қоюға болғандай…»

Сөз  басы

Батыс Қазақстан облысы көлемінде белгілі болған бұл саяси ұйым хақында республика жұртшылығы соңғы жылдары құлақтана бастады. Таңданарлығы – бұл ұйым Ұлы Отан соғысы басталардан сәл ғана бұрын құрылып, соның алдында жаппай тұтқындалған алаш арыстарының аманатын арқалап қалғандай әсер етеді. «Солардан жанымыз артық па, көкейде  жүрген көп ойды халқымыз білсін, ойда бар, алайда қолдан келер іс-шара жоқ болса да, жұрттың арманын жүзеге асыруға талпынайық» деген пікірлерді мансұқ еткен он төрт азаматтың тағдыр-талайы кім-кімді де бейжай қалдыра алмасы хақ. Арасында Орал педагогикалық институты тарих және физика-математика факультеттерінің алты студенті болған бұл жастар ұйымының он төрт мүшесінің бәрі де ұсталып, сотталған.

Ал ұйым басшысы Ғұбайдолла Әнесов сол кезде небәрі он жеті жаста еді. Ол – 1943 жылы он тоғыз жасында Орал қаласындағы НКВД түрмесінде оққа байланған оғлан һәм қаламгер Мұнайдар Балмолданың сиясы кеппеген «Он төрт» атты жаңа романының басты кейіпкері. «Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, граммдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы», – депті Бауыржан Момышұлы. Қазақ халқының тарихында бүкіл саналы ғұмырын елінің болашағына арнаған асыл азаматтар, сұңғыла қайраткерлер һәм жалынды күрескерлер арасынан ойып тұрып орын алатын алаштың айбоз ұлы хақында тарихи-танымдық ізденістер қалай басталған еді?

Тарихнама  не  дейді?

Ақиқатын айтсақ, Ғұбайдолла Әнесовтің өмірі мен қызметі тарихи тұрғыдан жеткілікті зерттелмеген. 1992 жылы «Жас қазақ» газетінің 28 мамырдағы санында тілші Ғалым Жайлыбаевтың жоғарыда аталған ұйымның белді мүшелерінің бірі Сейітқали Бажекеновпен арадағы сұхбаты жарық көрді.

Осы шағын сұхбаттан кейін аталған тақырыпқа алғаш түрен салып, облыс жұртшылығын «Жалпақтал жастарымен» кеңірек таныстырған оралдық белгілі журналист Аманкелді Шахин еді. Ол 1995 жылы «Орал өңірі» газетінің үш санында «Жалпақталдағы жасырын жастар ұйымы сталиндік репрессияға ұшырап еді» атты мақалалар топтамасын жариялады (Орал өңірі. – Орал, 1995 ж. – 5, 7, 9 желтоқсан).

Содан бері де уақыт деген ұлы дарияның ағысы өз арнасымен білінбей, арналы ағып жатты. Ұлт ісі дегенде үнемі тастүйін жүретін ағамыз, профессор Серікқали Шарабасов бір күні үйге телефон шалып, Ж. Молдағалиев атындағы орталық кітапханада журналист А. Шахиннің «Сол бір сүргін» атты кітабының тұсаукесері болатынын айтты және соған дейін зерттеуді бір қарап шығып, зобалаң жылдар шежіресінен сыр шертетін деректі еңбекке кәсіби тарихшы ретінде ақ жол тіле деп қолқа салды. Бұл 2002 жыл еді. Кітапты қайта-қайта парақтап, түйген-білгенімізді жергілікті зиялы қауыммен бөліскен едік. Осы жиында жасалған баяндаманың мақала нұсқасы «Орал өңірі» газетінде жарияланды.

Кітап авторы бұл тақырыпты тарихи тұрғыда тереңдете зерттеу қажеттігіне тоқталып, жаны жайсаң аға қолда бар деректерінің көшірмелерін маған тарту етті. Бертін келе, «Үміт» лингвистикалық гимназиясындағы шәкіртім Қымбат Есенбаева екеуміз аталған тақырыптан ғылыми жоба дайындауға білек сыбана кірісіп кеттік. Гимназия директоры Дариға Мұштанованың белсене араласуымен ҰҚК Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұрағатына рұқсат қағаз алып, бұрын А. Шахин пайдаланған тергеу хаттамаларын тарихшының көзімен қайта пайымдап, ол кісі жарияламаған кейбір құжаттарды ғылыми айналымға қосу нәтижесінде Ғұбайдолла Әнесов және ол жетекшілік еткен ұйымның тарихын тағы бір мәрте сараладық.

Тарихи шындық үшін мына нәрсені айтуға тиіспіз. Аталған ұйымның атқарған қызметіне алғашында күдікпен қараған әріптестеріміз де болды. Бұл сол жылдардағы құзырлы мекемелердің шикіөкпе жастарды арандатып, арнайы мақсатпен қолдан құрастырған қуыршақ ұйымы емес пе? Сталиндік қанды қасаптан кейін қаршадай балалардың сондай дәрежедегі ұйым құруы мүмкін бе? Сол заманда науқанға айналған, антикеңестік пиғылдағы жандармен осылай күресіп жатырмыз деген коммунистердің жалған ұраны емес пе? ҰҚК мұрағат қорларындағы ұйым мүшелерін жауаптаған тергеу хаттамалары қолдан толтырылған жоқ па?

Сол тұста ұйым мүшелерінен жалғыз тірі қалған Сатқали Молдағалиев ақсақалдың Орал қаласында тұратын үйіне шәкіртімді ертіп барып, ұйым тарихы туралы ұзақ әңгімелестік. Астыртын ұйымның белсенді мүшесімен болған бұл дидарласу мұрағатта сақталған тергеу хаттамаларының тарихи шындық екеніне көзімізді жеткізе түсті.

Ұлтжанды азамат Жантас Сафуллиннің бастамасымен жарық көрген, танымал журналист Қазбек Құттымұратұлының редакторлығымен шығатын «Дана-қаз» журналының 2012 жылғы тұңғыш №1 саны он төрт оғланның тағдырын қайта жаңғыртты (Жаңабек Жақсығалиев. Олар қазақ халқын қорғаушылар еді.11-20 бб.).

1943 жылы Орал қаласындағы НКВД түрмесінде 19 жасында оққа байланған оғлан Ғ. Әнесов – мемлекеттік деңгейде әлі толық тарихи бағасын алып үлгермеген  боздақ. Қазақ тарихына есімі алтын әріптермен қашалған Халық Қаһарманы Қ. Рысқұлбеков сынды саңлақпен тағдырлас Ғ. Әнесов тұлғасы соңғы жылдары жұртшылық назарын өзіне аудара бастады. Әзірше көңілге медеу болары – жалындаған жас жетекші Ғ. Әнесов негізін қалаған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» туралы қысқаша мәліметтің Білім және ғылым министрлігі бекіткен мектеп оқулығына енуі (Т. Тұрлығұл, С. Жолдасбаев, Л. Қожакеева. Қазақстан тарихы. 11-сынып. А., 2007 ж. 64-65 б.б.). Сөздің қысқасы, қай қырынан алып қарағанда да, Халық Қаһарманына лайықты асыл ұлдың ерлігі – бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге.

Тарихи  танымға  тартылған он  төрт  оғлан

Мұнайдар Балмолда – өңірімізге белгілі, қаламгерлік қабілетімен сан қырынан танылып жүрген, өзінің тұрақты аудиториясын қалыптастырған «сегіз қырлы бір сырлы» шығармашылық иесі.

Біздіңше, қаламгердің алғашқы романының «Он төрт» деп айдарлануы өзіндік ерекше мәнге ие. Байқап отырсақ, автор бұл жерде, біріншіден, «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты антикеңестік ұйым мүшелерінің саны он төрт болғанын, екіншіден, бас кейіпкер Ғұбайдолланың он төрт жасынан бастап аға аманатын арқалағанын өзара қиюластырып, оқырман санасына енудің оңтайлы тәсілін іздеген.

Сайып келгенде, мұның бәрі әдеби тұрғыда өзара үйлесімін тауып, көркемдік шешім тұрғысынан ұтымды, сәтті шыққан.

Жазушы мұндай көлемді шығарманы алғаш қолға алғанына қарамастан, оған аса зор жауапкершілікпен қарағаны және  жоғары кәсіби дайындықпен келгені «соқырға таяқ ұстатқандай» көрініп тұр.

Сөз жоқ, көркем шығарманың тілі шұрайлы, бұлтартпас тарихи деректерді қалт жібермей, мұқият пайдаланып, он төрт боздақтың қилы-қилы тағдырларын жазушылық қиялына салып, әсерлі суреттегені романның алғашқы парақтарынан-ақ көзге ұрып тұр.

Таңғаларлығы сол –  ұзақ жылға созылған толғаныс пен жанкешті еңбектің нәтижесінде небәрі екі ай мерзім ішінде қалыңдығы кірпіштей кесек те көркем дүниенінің өмірге келуі, қаламгерлік орта сүйсінерлік құбылыс.

Қалай десек те, мұның бәрі автордың жалпақ қазаққа жол тартып бара жатқан шығармасына, тарқатып айтсақ, ақ алмас қылыштың жүзіндей жарқылдаған алаш оғландарының рухына деген ерекше іңкәрлігі мен шынайы сүйіспеншілігінен туындап отыр.

Біздің пайымдауымызша, М. Балмолданың осыған дейінгі жазған дүниелері бір төбе болса, бұл жолғы туындысы өз алдына бір төбе.

Романның біссімілләсі Фурманов аудандық атқару комитетінің төрағасы Жолдасбай Шоқпаровтың кабинетіндегі «жолдас Сталин» портретінің қабырғаны бойлай жерге «дүрс» етіп құлап, мұны біреу-міреу көріп қойған жоқ па екен деп, айналасына алақ-жұлақ қарап, бойын қорқыныш билеген «шолақ белсендінің» әбден абдырап, сасқалақтаған кейпінен басталады. Бұл – жолындағыны жайпауға дайындалып жатқан, сталиндік машинаның ызғырығы алыстан сезіле бастаған сол дәуірдің сұсты бейнесін бірден көз алдыңызға әкеледі.

Көркем шығарманың ең алғашқы «Портрет» тақырыпшасы былай тәмамдалады: «Балшық демекші, аяғының балшығын қағамын деп еденді теуіп жіберіп, одан көсемнің төрдегі суреті құлап, қызық болды ғой. Әй, Жолдасбай, Жолдасбай, сонша сужүрек болармысың. «Сенген қойым сен болсаң» дегендей, ел сенім артқан басшының түрі осындай, Сталинннің жансыз портретіне де құдайындай табынады, содан өлердей қорқады, ал ел-жұрттың жайкүйі жайлы не деуге болар? Елдің де өз үрейі өзінде, көзінде, көңілінде. Ол портреттен бұл портреттің суреті жаман…» (3-бет.), — деп оқырман санасына жеке басқа табынушылықтың шарықтай бастағаны және сол бір кезеңдегі аудандық кеңсе үйлерінің жағдайының онша мәз емес, түртіп қалсаң, құлайын деп, құлазып тұрған тұсы әсерлі бейнеленген.

ҰҚК  Батыс Қазақстан облыстық  басқармасының мұрағат деректеріндегі Ғ. Әнесовтің тергеу хаттамаларында 1936 жылы Фурманов (қазіргі Жалпақтал) поселкесінде 14 жастағы Ғұбайдолланың отбасымен бірге сол кездегі Фурманов аудандық комитетінің іс жүргізушісі болып қызмет атқарған 25 жастағы Сатымов деген туысқаны тұрғаны баяндалады. Бірақ ағасының есімі кім екені мұрағат қорларындағы деректерде ашып айтылмаған.

НКВД жендеттері жауаптағанда Ғ. Әнесов өзінің ағасы Сатымовтың бақилық болуының негізгі себебін оның құрт ауруына шалдығуымен байланыстырған. Осы дерекке иек артқан М. Балмолда оның үнемі жөтеліп жүретін көксаулығын: «…Өзін (Ғ. Әнесов – Ж. Ж.) жөтел буып, әлсін-әлі жұдырығын аузына апара береді. Онысымен жөтеле де алмай қиналады. Сөйте жүріп амандасты», — деп тағы бірнеше жерде сол мұрағат дерегін құлпырта пайдаланып, таза тарихи құжаттарға тіл бітірген.

Романның 7-бетінде болашақ «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының жалынды көсемі, он төрт жасар Ғұбаш ағасы Сатымовтың өлер алдындағы саяси өсиетін мұқият тыңдап отырады. Осы жерде назар аударарлық  бір эпизод бар. Мәселен, аға алдында үлкен саяси аманат арқалап отырған, интеллектуалдық деңгейі соншалықты биік, табиғатынан дарынды туған зерек ұлдың, жақын ағасының мен ертең «түйе бағуға» кетемін деген қарапайым сөзін түсінбеуі қаншалықты ақиқатқа сәйкес келеді?

Ондағы айтпағымыз жазушы осы бір елеусіздеу көрінетін нәрсені алға тартып, басты кейіпкердің ірі тұлғалық болмысын бозөкпе бозбала деңгейіне дейін құлдилатып жіберген жоқ па деген жымысқы ой, оқырман санасында жылт етуі мүмкін екендігі.

Алайда кітаптың алдағы беттерінде, нақтыласақ 10-бетте оқырман ситуацияның басқаша сипат алғанына көз жеткізеді: «Інісімен табалдырықта тұрып қоштасқан Сатымовтың көп ұзамай өзі айтқандай, қайтыс болғанын әке-шешесінен естіді… Сатымовтың өзіне айтқан өсиеті он төрттегі мектеп оқушысына қатты әсер етті. Ол сол күн, сол сәттен бастап көп ойланды. Маркс пен Ленин еңбектеріне сын көзбен қарап, газеттерде жазылған мақалалар мен айналада болып жатқан тіршіліктен көп нәрсе ұқты, іштей өзін-өзі қайрап, берки берді… Ойын баласы Ғұбайдоллаға осылай ерте есею кіріп, болмысындағы салмақтылық арта түсті. Ағасының аманатын есінен шығармады (10-бет), — деп, бұрынғы қатардағы көптің бірі саналатын мектеп оқушысының ендігі өмірінде аға аманатымен бірге тарихи бетбұрыстың басталғанын, оның елдік, ұлттық деңгейге ұласқанын ашып көрсетіп, бір кісіден екі образ жасаған. Бірі – бала Ғұбаш! Екіншісі – ержетіп, ақыл тоқтата бастаған жалындаған жас Ғ. Әнесов!

Тарихи тақырыпқа роман жазудың өзіндік ерекшелігі һәм қиындығы бар. Ол қиындық – жазушы тек сол көтеріп отырған тақырыптың тарихын емес, сол кезеңнің, сол заманның қоғамдық-саяси өмірінің қалтарыстары мен бұлтарыстарын терең түсініп, бейнелі тілмен айтсақ, «жілігін шағып, майын ішуі» керек.

Яғни тарихи үрдістер мен үдерістердің ішкі иірімдерін кәсіби тарихшыдан кем білмеуі тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, автор өзін «дипломсыз тарихшы» екенін байқатқан. Оған дәлел-дәйектер романда жетіп артылады. Мәселен, күштеп ұжымдастыруға қарсы Жаңақаладағы қарулы көтеріліс туралы фактілерді Сатымовтың аузына салып,  інісі Ғұбашқа өсиет айтып жатқан  сәттегі әңгіме арасына кірістіруі тақырып мазмұнын аша түскен.

Осы орайда қаламгердің «анау қиырдағы Жапон еліне қара, ұлтшылдық сезімі оларды алға сүйреп барады» деуінде де терең мағына бар. Өйткені мұның бәрі кезінде алаш арыстарының айтқан сөздерімен үндесіп, астасып жатыр. Жазушы бұларды тегіннен-тегін жазып отырған жоқ. Сүйенген тарихи дерегі мықты.

«Он төрт» романының авторы тарихи деректермен шынайылығы әлдеқашан анықталған ақиқатты суреткерлік шеберлік, көркемдік тәсілмен одан әрі әсерлендіріп, ұйым қызметін одан әрі ширата түскен. Оған дәлел өрімдей жастардың көңіл күйі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы арқылы тарихи деректерге жан бітіріп, олардың бірауыз сөзімен, бір ерекше қимылымен кейіпкердің кім екенін танытуға ұмтылған. Тарихи деректерден алыстамағанына тағы бір мысал, 19-бетте: «Сөйтіп жүргенде қас қылғандай үкіметтің ақылы оқу туралы жарлығы шықты. Бұл жарлық үш досты ажыратты. Насыров пен Бажекенов Жалпақталға  қайтатын болды. Екеуін вокзалдан ауылға шығарып салуға Ғұбашпен бірге Оралдың гидротехникумында оқып жатқан досы Қамал Мақұлбаев та келді». Осы ретте автор тарихи деректермен қоса, осы тақырыпқа қатысты жарияланған тарихи зерттеулерді, ұйым мүшелерінің естеліктері мен олардың ұрпақтарының әңгімелерін роман желісінің өзегіне айналдыра білген.

Көркем туындыдағы тағы бір ерекше назар аударарлық нәрсе қаламгердің қазақ жыраулары мен ақындарының рухты өлеңдерін өзінің мақсат-міндетіне сай керек жерінде тиімді пайдалануы. Яғни Махамбет, Мағжан, Сұлтанмахмұттардың тарихи жырларын интерпретациялау арқылы романның көркемдік құндылығын арттыра түскен.

ҰҚК Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұрағатындағы құжаттар бойынша «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» астыртын ұйымын құру мен қалыптастырудағы Ғұбайдолла Әнесовтің тұлғалық даралығы, көшбасшылық бірегейлігін автор үнемі назарда ұстап, нанымды суреттейді. Оның үстіне көркем шығармадағы басты кейіпкер автордың өзі деген түсінік бар әдебиетте. Мысалы, 42бетте «Ол Ғұбашты қатты құрметтейді. Оның білімдарлығы мен тапқырлығына тәнті және қайсар мінезін қашанда айтып, сүйсініп жүреді. Біздің Мәззап Ғұбашпен түйдей құрдас бола тұра, бала сияқты қызық өзі, Ғұбаш әңгіме айтса, аузын ашып тыңдайды ғо…

– Несін айтасың. Өзіміз де сондай емеспіз бе? Арамыздағы басшымыз Ғұбашты бәріміз де құрмет тұтамыз ғой. Ол сөйлегенде қалай тыңдап қалғаныңды аңғармайсың. Айтқан сөзіне басыңды изей бересің. Өзінің білмейтіні жоқ, — деп Сейітқали Ғұмардың иығына қолын асып, екеуі келген жақтарына бұрылды», — деп суырылып шығып топ бастаған саяси ұйым серкесінің меритократиялық қасиеттерін, оның өзге қатарларына қарағанда болмыс-бітімінің бөлек, мысының басым екенін осындай детальдармен тиянақтап кетеді.

Тобықтай  түйін

Иә, «Бекмаханов ісінен» кейін ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға қазақ жазушылары білек сыбана кіріскені белгілі. Құдайға шүкір,  І. Есенберлиннен басталған алтын шынжыр үзілген жоқ. Кеңес дәуірін былай қойғанда ел тәуелсіздігімен бірге қаншама тарихи романдар жазылып жатыр. Соның бірі – қолымыздағы дүние.

М. Балмолда бұл жолы тарихи тақырыпқа жазатын жазушылық қырымен ерекшеленіп, көркем шығармасымен жұртшылық назарын өзіне аударып отыр. Айтатынымыз, «Он төртті» мұқым қазақ баласы оқуы тиіс.

Ойымызды тобықтай түйсек, автордың көркем шығармашылық қиялындағы барлық кейіпкер атаулы – бәрі де өмірде болған тарихи адамдар. Роман оқиғасы шын өмір дерегінен алынған. Ең бастысы – өлке тарихының таңдақтарының көркем шығарманың өзегіне айналуы қуантарлық құбылыс.

Ғұбайдолла Әнесов құрған Жалпақталдағы жасырын жастар ұйымы туралы бұған дейін ғылыми айналымға енген тарихи фактілердің көркемдік тұрғыдан игерілуі, романда азаттық үшін айқасқа түскен алаштың айбоз ұлдарының күрескерлік, қайраткерлік қызметінің ерекше сомдалуы, әсіресе, ел тәуелсіздігімен бірге көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жас толқынға өнеге.

Жаңабек  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

тарих  ғылымдарының кандидаты, доцент,

ҚР білім беру ісінің үздігі

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале