22.07.2026, 10:15
Оқылды: 28

Нарынның нар тұлғасы

Биыл «Құрмет белгісі» орденінің иегері, КСРО халықтық  бақылау  саласының еңбек  сіңірген қызметкері, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала  аудандарының құрметті азаматы, қоғам  қайраткері  Кәкен  Көбейсіновтің туғанына 95 жыл толады.

WhatsApp Image 2026-07-21 at 17.52.47

Ол 1931 жылы жетінші қыркүйекте Бөкей ордасы ауданының Мешітқұм ауылында жарық дүниеге келді. Әкесі – Көбейсін Ежіғали, анасы – Сақыпжамал Биәлі. Кәкен Көбейсінұлы Бөкей ордасы ауданындағы қазіргі Жәңгір хан атындағы жалпы орта білім беретін мектепте оқыды. Сталинград шайқасы кезінде аудан майданның тылы болғандықтан, 12 жасынан бастап бұзау бағып, еңбекке ерте араласады. Содан кейін егіс бригадасында есепші, сүт фермасында және колхозда түрлі бағытта жұмыстар атқарды. 18 жасында колхоз төрағаларын даярлайтын үш жылдық училищені үздік бітіріп, агроном мамандығын алып шықты. Одан соң РФ-ның Саратов ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және ғалым-агроном мамандығы бойынша аспирантураны бітірді. 1952-1963 жылдары Орда ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінің оқытушысы, «Орда» кеңшарының бас агрономы, Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Фурманов аудандық аумақтық ауыл шаруашылығы-өндірістік басқарма бастығының орынбасары болып қызмет етті. Ал 1963-1991 жылдары облыстық мемлекеттік-партиялық, кейін облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Адал еңбегі үшін «КСРО халықтық бақылау органдарының еңбек сіңірген қызметкері» деген құрметті атаққа  ие болды. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Көп жыл бойы облыстық партия комитеті бюросының мүшесі, облыстық және аудандық халық депутаттары кеңестерінің депутаты, облыс әкімінің қоғамдық уәкілі болды. Кәкен Көбейсінов зейнет жасына жеткен соң, осы өңірдің барлық қасіретін басынан кешірген жерлестеріне көмектесуді жалғастырды. Нақтырақ айтсақ, «Капустин Яр» әскери сынақ полигоны мен «Азғыр» атом полигонының әсерінен зардап шеккендерге қолдау көрсетті. 1992 жылдың 20 сәуірінде облыс әкімдігінің қолдауымен «Нарын» қозғалысы» қоғамдық бірлестігін құрды. Бұл қозғалысқа мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жазушы, «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов те қолдау  білдірді.

Кәкен Көбейсінов 1998, 2000, 2008 жылдары еліміздің сол кездегі Президенті Н. Назарбаевтың қабылдауында болды. Ол Мемлекет басшысына бірқатар мәселелер мен ұсыныстарын айтты. Соның бір нәтижесі, 2005 жылы Батыс Қазақстан облысындағы «Капустин Яр» және көршілес Атырау облысындағы «Азғыр» полигондарынан зардап шеккен азаматтарды оңалту жобасы аймақтық бағдарламалар аясында жүргізілді. Бағдарлама зардап шеккен тұрғындарды әлеуметтік қорғауды, медициналық тексеруден өткізуді және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуды қамтыды. 2009 жылдың 26 қарашасында Жаңақала ауданының орталығында 100 орынға арналған «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы ашылды. 2013 жылдың шілдесінде К. Көбейсіновтің ықпалымен Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының денсаулық сақтау басқармалары арасында Азғыр полигонындағы ядролық жарылыстардан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарын оңалту орталығында қалпына келтіру емімен қамтамасыз ету жөнінде келісімге қол қойылды. Ағамыздың ел үшін сіңірген еңбегі көп. Ядролық полигондардың зардаптарын жоюға, олардың экологиялық және әлеуметтік әсерін зерттеуге мол үлес қосқан. 2010 жылы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылын және ауданның шалғай елді мекендерін газдандыру жобасының жүргізілуіне де ұйытқы болды.

Біз соғысқа қатыспағанмен, ардагер аталарымыздың әңгімелерін естіп өстік. Бөкей ордасы қанқұйлы жаудың бетін қайтарған, кескілескен Сталинград майданына іргелес жатыр. Көпті көргендердің сөзінше, сол зұлмат жылдарда Бөкей жерінде де жасырын тыңшылар болған. Олар эшелондар мен Кеңес әскері жүрген аумақты хабарлап отырған. Көбейсінов Кәкен ағаның балалық шағы, соғыс қасіретмен тұспа-тұс келеді. Еңбекке ерте араласып, есейген жеткіншектердің бірі. 1943 жылы Сталинград майданында жау ұшағы құлап, ұшқыш аман қалған көрінеді. Жау ұшқышы бас сауғалап, Мешітқұм ауылына жетіп, осы аумақта жасырынып қалады екен. Ішкі істер халық комиссариттарының қызметкерлері оны қанша жерден іздегенімен, таба алмайды. Сол кезде Кәкен ағамыз жау ұшқышының жасырынған жерін байқап, оның құрықталуына көмектеседі. Осы оқиғадан кейін Кәкен аға халық арасында «Батыр бала» атанып кетеді. Қазіргі кезде Кәкен Көбейсіновтің есімі мен суреті, өмірбаяны Астана қаласындағы әскери мұражайдың «Сталинград майданының қаһармандары» тақтасында ілулі тұр. Ағамыз өмірден өтсе де, оның еңбегі мен қайраткерлігі ұрпақ жадында қала бермек. Ол – «Невада-Семей», «Нарын» деп жар салып, атом сынағынан зардап шеккен азаматтардың көмек-қолдауға ие болуына септескен бірегей тұлға.

Қайролла Сабиров,

«Нарын қасіреті» тарихи-ағарту  қоғамдық  қорының төрағасы, 

Бөкей  ордасы  ауданының  құрметті  азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале