ҚР Жоғарғы Сотының мәліметінше, Қызылорда облысының тұрғыны хирургиялық ота кезінде денесінде дәке тампоны қалдырылғанын айтып, сотқа арызданды.

Фото: zhaikpress.kz
Дәрігерлер жіберген қателіктің салдарынан науқас ұзақ уақыт бойы ауырсынуды бастан кешіріп, қайта ота жасатуға мәжбүр болған.
Сот анықтағандай, бастапқы отадан кейін екі ай өткенде басқа медициналық мекемеде науқасқа қайта ота жасалып, одан бұрын қалған дәке тампоны алынған. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде уәкілетті орган ота жасау және одан кейінгі бақылау стандарттарының бұзылғанын, сондай-ақ медициналық құжаттардың дұрыс жүргізілмегенін растады.
Сот ұсынылған дәлелдерді зерттей келе, медициналық мекеменің кінәсін толық дәлелденді деп тапты. Нәтижесінде емханадан науқастың пайдасына моральдық зиян мен материалдық шығын ретінде 1,5 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.