19.09.2020, 12:56
Оқылды: 160

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев жұмыс сапарымен Казталов ауданына барды

Бүгінде 16 ауылдық округі, 48 елді мекені, 29 мыңға жуық тұрғыны бар Казталов ауданында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған ауданда түрлі мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып, алыс елді мекендерге көгілдір отын жеткізіліп, сапалы жолдар төселіп, тұрғын үйлер, мектеп пен спорт кешендері бой көтеріп, әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтуде. Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев Қосөзен елінде жұмыс сапарымен болып, қолға алынған игі істердің атқарылу барысын қадағалады.

 Ескалиев 1 - 1

         Биыл аудан орталығынан шалғай орналасқан Бейстерек, Талдықұдық, Кіші Талдықұдық, Кішкенешал ауылдарына көгілдір отын тартылып, Талдыапан ауылындағы әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмысы атқарылуда. Төрт елді мекенді газбен қамту жұмысына 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ауылдарға көгілдір отын жеткізу үшін 96 желі тартылу керек болса, бүгінде 30 шақырымға құбыр салынған. Ауыл көшелеріне газ тарту жұмысы қатар атқарылуда. Көгілдір отын желісі әр үйдің ауласына дейін жеткізіліп берілмек. Ал газды үй ішіне жүргізіп беру тұрғындарға 220 мыңға теңгеге шықпақ. Аталған қаражатты үй иелері екі бөліп төлеулеріне болады. Мердігер компания газ тарту жұмысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отыр. Осы кезге дейін от жағудың машақатын тартып келген 200-ге жуық отбасы ендігі жерде көгілдір отынның рахатын көрмек.

Ескалиев 1 - 2

Аудан әкімі Альберт Есалиевтің айтуынша, бес елді мекендегі әлеуметтік нысандарды қыс мезгілінде жылыту үшін сұйық және қатты отынға жыл сайын 100 миллион теңге қаражат жұмсалып келген. Аталған нысандар көгілдір отынға қосылған кезде бес елді мекеннің газға төлейтін шығыны сегіз миллинонға дейін төмендейді екен.

Ескалиев 1 -6

Ал халық саны көп Жалпақтал ауылында қос қабатты тұрғын үй мен спорт кешені салынып, бірқатар көшелерге күрделі жөндеу жүргізілуде.

Ескалиев 1 -

Ауылдың кіреберіс күре жолы бойынан салынып жатқан 160 орындық спорт кешені «КПО б.в» компаниясының есебінен қаржыландарылуда. Құрылыс жұмыстары биылғы көктемде басталған. Бүгінде спорт кешенінің іргетасын қалау жұмыстары толық аяқталып, ғимараттың қабырғасы қалануда.

Ескалиев 1 - 3

- Елдегі карантин режиміне байланысты құрылыс жұмысын кешуілдеп бастадық. Бүгінгі таңда жалпы жұмыс ауқымының 65 %-ы атқарылды. Құрылыста 30 адам жұмыс жасаса, оның тең жартысы жергілікті тұрғындар. Нысанның құрылысымен қатар айналасын абаттандыру жұмысы да бірге атқарылуда. Құрылысты осы жылдың желтоқсан айында толық аяқтауымыз керек, - деді мердігер компанияның өкілі Жасылбек Темірғалиев.

Еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өткен жылдары Жалпақтал ауылында екі қос қабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген болатын. Биыл сол маңнан үшінші қос қабатты үйдің іргетасы қаланған. Жалпы аумағы 514 шаршы метрді құрайтын 12 пәтерлі тұрғын үйдің биыл қабырғасы қаланып, шатыры жабылуы тиіс.

ескалиев 1 - 5

Сонымен қатар аталған ауылда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен жалпы ұзындығы 4,1 шақырымды құрайтын жеті көше жөнделіп, 3,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары салынуда. Бірқатар көшелердегі жөндеу жұмыстары аяқталған болса, мердігер компания қалған жұмыстарды қараша айында толық бітірмек.

Ескалиев 1 -4

- Биылғы жылы мемлекеттік бағдарламалар арқылы аудан-ауылдарға қомақты қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, күрделі жөндеулер жасалып, жолдар салынып, таза ауыз су мен газ құбырлары тартылуда. Бейстерек, Талдықұдық, Кіші Талдықұдық, Кішкенешал ауылдарының тұрғындары есеп беру жиынында көгілдір отын тартып беруді сұраған болатын. Бұл мәселе де өз шешімін тапты. Газ тартып жатқан мердігер компания жұмыстарды жыл аяғына дейін толық аяқтауы керек. Келер қыс мезгілін аталған ауыл тұрғындары газбен қамтылған, жылы үйлерде қарсы алу керек. Спорт кешенінің құрылысы елдегі жағдайға байланысты жай басталған. Бірақ соған қарамастан нысанды жыл соңына дейін аяқтау қажет. Басқа аудандарда салынған спорт кешендерінде жіберілген олқылықтар орын алмауы тиіс. Қоғамдық бақылауға бекітілген өкілдер құрылыс жұмысын қадағалап тұрса, сапа жақсара түсері анық. Құрылысқа жергілікті материалдарды қолдануымыз керек. Тұрғын үйдің құрылысын Маңғыстау облысының мердігер компаниясы жүргізуде екен. Өңірде құрылыспен айналысатын барлық кәсіпорын біздің облыста тіркеуде болғаны жөн. Себебі олардың салық төлемдері өңір қазынасына құйылу керек. Қос қабатты тұрғын үйдің құрылысы өте баяу жүргізілуде. Олар жұмыстарын ширата түсуі қажет. Көшелерді күрделі жөндеу жұмыстары жақсы жүргізілуде. Алдағы уақытта қалған көшелерге де сметалық құжат жасақтап, жөндеуден өткізу жолдарын қарастыратын боламыз, - деді облыс әкімі.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале