3.07.2021, 17:06
Оқылды: 829

Облыс әкімі Казталов ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

3 шілде күні облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Казталов ауданында болды. Өңір басшысы Жалпақтал ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысып, аудандағы құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты.

 005

Қос өзен елі – малға шұрайлы, пендеге жайлы мекен. Соңғы уақыттары бұл аумақта ірі перспективалық жобалардың жүзеге асып жатқандығы да мәлім. Облыс орталығымен байланыстырар жабынды жолды былай қойғанда бірнеше ауылдық округ пен елді мекенде мектеп, балабақша, спорт алаңдары, «Street Workout», саябақтар салынып, ел-жұрт ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында көш бастап тұрған жаңашыл ауыл – Жалпақтал. Бүгінгі күннің өзінде аталған ауылдың негізгі көшелеріне жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргінші жолдары, 12 пәтерлік екі тұрғын үй, спорт кешені мен тынымбақтар салынды.

02

3 шілде күні облыс әкімі Ғали Есқалиев ауданымызға жұмыс сапары барысында Жалпақтал ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысты.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» тапсырысымен салынған нысанның іргесі 2020 наурыз айында қаланған болатын. 2021 жылдың маусым айында «Наурыз» ЖШС жүргізген құрылыс жұмыстары аяқталып, 3 шілде күні заманауи нысан ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Спорт кешенінде жаттығу, күрес, волейбол, футзал, баскетбол залдары заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 160 орындық кешенде бір мезетте 60-тан астам спортшының қалаған спорт түрімен айналысуына жағдай жасалған. Ал нысанның аумағында шағын футбол, жүгіру алаңдары салынған. Аталған спорт кешенінен Данияр Елеусінов, Нұрбол Серіков сынды спорт саңлақтарының ізбасарлары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.

2

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатында облыс әкімі аудан жұртшылығын 6 шілде – Нұр-Сұлтан қаласы күнімен және атаулы нысанның ашылу салтанатымен құттықтады.

- Ауыл – елдің тірегі. Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын әр ауданда кем дегенде бір заманауи спорт кешені болу керектігі жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Президентіміздің тапсырмасы негізінде облысымызда 2019-2020 жылдары 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, жүргізілуде. Оның екеуі қолданысқа берілді. Бүгін сіздермен бірге Жалпақтал ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл заманауи нысанда көк байрағымызды желбіретіп, әлемдік аренада Әнұранымызды шырқатар кәсіби спортшыларымыздың қатары көп болғай!

01

Сонымен қатар «Дені саудың – жаны сау» демекші, облысымызда бұқаралық спорттың дамуына да үлес қосуымыз керек, - деген өңір басшысы аудан жұртшылығын спортпен шұғылдануға шақырды.

Салтанатты шарадан соң облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы заманауи нысандағы спорт үйірмелерімен, нысанның құрылыс сапасымен танысты. Аймақ басшысы спорт кешенінің ғана емес, Жалпақтал ауылындағы «Design shool» ЖШС жүргізіп жатқан 12 пәтерлік екі қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.

12

Жауапты мердігер құрылыс жұмыстарын шілде айында аяқтап, тамыз айында пайдалануға береміз деп сендірді.

Облыс әкімі тек Жалпақтал ауылы ғана емес, Казталов, Жұлдыз ауылдарында да болып, жоспарлы құрылыс жұмыстарымен танысты. Ол Казталов ауылында 600 орындық А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің құрылыс алаңында болды. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер «Жиенбай» ЖШС.

1

Учаске басшысы Сағат Ғаббасовтың сөзіне сенсек, құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталып, халық игілігіне беріледі.

- Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың ақпан айында басталды. Нысан 3 блокқа бөлінген. 1 блок жалпы бөлім және жоғары сыныптарға арналған болса, 2 блокта асхана мен спорт зал, ал 3 блокта бастауыш сынып оқушыларының білім алуына жағдай жасалады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта кірпіш қалау, электромонтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қосымша техникалар да өз жұмыстарын атқаруда. Құрылыс жұмыстары мерзімнен кешіктірілмей орындалуда. Нысан жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі, - деді ол.

12

Ал аудан орталығындағы 0,35 гектар аумақты қамтитын 12 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Мердігер «Нұр Құрылыс-Болашақ» ЖШС басшысының сөзіне сенсек, ғимараттың негізгі жұмыстары аяқталуға жақын. Мерзімінен кешіктірілмей пайдалануға беріледі деп күтілуде.

7

Өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылындағы облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан мектептің де құрылысымен танысты.

Аумағы 2,25 гектар жерді қамтитын нысанның құрылыс жұмыстары енді басталған. Мердігер «Алау-Құрылыс» ЖШС басшысы белгіленген мерзімде нысанның құрылысы аяқталып, ауыл балалары заманауи білім ордасында білім алады деп сендірді.

6

Құрылыс жұмыстарымен танысқан өңір басшысы ауданымызда түлектердің бастамасымен бой көтерген нысандармен танысып, аудан халқымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, түйткілді мәселелер мен ұсыныстар назарда болатындығын жеткізді. Ал құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерлерге нысанды белгіленген және уәде етілген мерзімнен кешіктірмей, пайдалануға беруді тапсырды.

 8

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале