26.03.2022, 21:42
Оқылды: 196

Облыс әкімі Тасқала ауданының халқымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Тасқала ауданының халқымен кездесті. Облыс басшысының есеп беру кездесуі «сұрақ-жауап» форматында өтті.  

IMG-20220326-WA0085

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Кемелұлы Тоқаев 7 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Онда «барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін» делінген. Сондай-ақ кездесулер  барысында «халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп атап көрсеткен. Жаңа құжатқа сәйкес, облыс әкімі жарты жылда бір рет «әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу» өткізеді.

IMG-20220326-WA0092

– Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің биылғы халықпен кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін белгіледі. Бұдан былай әр деңгейдегі әкімдер әдеттегідей ұзыннан-ұзақ баяндама оқып, жиналғандарды мезі етпейді. Баяндамаға жоспарланған уақыттың төрттен бірі ғана беріледі. Кездесудің негізгі уақытын «сұрақ-жауап» форматында өткіземіз. Сұрағын қойып үлгермеген немесе сауалын көпшіліктің алдында айта алмаған тұрғындарды кездесуден соң, жеке қабылдаймыз.  Тұрғындарды жеке қабылдауға құқық қорғау органдардың басшылары, депутаттар, мекеме басшылары да қатысады, – деді облыс әкімі кездесу барысында. Ғали Нәжімеденұлы аталмыш ауданды тоғыз жолдың торабында орналасқан стратегиялық маңыздағы және әлеуеті зор аудан деп атап өтті.

IMG-20220326-WA0082

Облыс әкімі айтып өткендей, тұрғындардың сұрақтары алдын ала жинақталған. Сауалдардың басым бөлігі жол салу мен жөндеу, электр желілерінің тозуы, газ және ауыз су өткізу, интернет пен мобильді байланыс, жер ала алмай жүргендердің мәселелеріне қатысты қойылыпты.

IMG-20220326-WA0083

- «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС-сы 2018 жылға дейін мемлекет меншігінде болса, содан былтыр күзге дейін жеке меншік компания ретінде қызмет етті. Былтыр қайтадан коммуналдық меншікке аудардық. Енді аталмыш компанияның игілігі үшін бюджеттен қаражат бөлуге мүмкіндігіміз бар. Қазір компания жаңа техника сатып алуда. Бүгінде электр қуатының тарифі өте төмен. Президенттің тапсырмасы бойынша тарифті өсіруге жарты жылға тыйым салынды. Сондықтан бұл салада іргелі істер атқару үшін  республикалық бюджеттен қаражат сұраудамыз», – деді тозығы жеткен электр желілерін қалыпқа келтіру бағытындағы іс-шараларға тоқталған облыс басшысы.

IMG-20220326-WA0072

Одан әрі аудан әкімдігінің электронды поштасына келіп түскен бірнеше сұраққа жауап берді.

IMG-20220326-WA0084

Сондай-ақ залда отырған тұрғындар тарапынан жиырмадан астам сұрақ қойылып, облыс және аудан әкімдері, құзырлы мекеме басшылары жауап берді. Айта кету керек, YouTube арнасындағы ресми аккаунтқа халықтың пікірлері мен сауалдарын жолдауы үшін онлайн-байланыс ұйымдастырылды.

IMG-20220326-WA0081

Кездесуде Тасқала ауданының әкімі Бауыржан Айтмағамбетов ауданды дамыту бойынша қысқа мерзімді жоспарларды баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды.

IMG-20220326-WA0065

Есеп беру кездесуінен соң Ғали Нәжімеденұлы жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және полиция басқармасының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдады.

IMG-20220326-WA0078

IMG-20220326-WA0067

IMG-20220326-WA0080

Аталмыш аудандағы есеп беру кездесуі жөніндегі толық мақаланы «Орал өңірі» газетінен оқи аласыздар.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале