12.09.2020, 17:39
Оқылды: 335

Облыста Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай тұрғындар арасында «Тіл – аманат» акциясы өтуде

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Дүниедегі нәрселердің бәрі қысылады, мұздайды, қатады – түсі қашып, өлік сияқты жатады. Күн жазыла бастағанда, жаз болады: бәрі жадырайды – жазылады, көгереді, көркейеді», деген болатын. Иә, бабалар армандаған тәуелсіздік қазақ халқының басына бақ болып орнады, ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Бірнеше ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктірген ынтымағы жарасқан ел болдық.

IMG-20200912-WA0022

Тіл – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өзегі, халықтың басты белгісі.

Ұлтымыз қандай да бір саяси жүйелер мен көзқарастардың, ұстанымдар мен ниеттердің құрбаны боп кете жаздаса да, тілі мен рухын жоғалтпай сақтап келеді. Қазақтың тілі – қасиет болса, сөзі – кие.

Облыста ай басталғаны бері Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен бірге жыл бойы жасалған шараларды қорытындылау мақсатында Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – тұтастық туы» атты тілдер фестивалі аясында атаулы шаралар өтуде. Биылғы тіл мерекесі ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда облыс тұрғындары арасында «Тіл – аманат» акциясы ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарға баулу жолы жалғасын тапты.

IMG-20200912-WA0015

- Туған тіліміздің тұғырының биік болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ете отырып, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тіл мәдениеті мен тазалығын тәлімдік тұрғыда саралау әрбір қазақ перзентінің басты мақсаты. Биылғы карантиндік жағдай әдеби-мәдени шаралардың өтуіне кедергі туғызғанымен, арнайы қадағалаумен жыл басынан бері өткізіліп келе жатырған шаралардың жалғасы ретінде және тіл мерекесі аясында кең көлемді атаулы шаралар ұйымдастырылуда. Орталық Абай алаңында облыс және қала тұрғындары арасында «Тіл - аманат» акциясы «Тіл – тұтастық туы» атты жалпыхалықтық тілдер фестивалі аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан облыс, қала тұрғындарын Қазақстан халқы тілдері мерекесімен құттықтап, көпшілікті ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақыра отырып, Абай Құнанбайұлы шығармашылығына қатысты сұрақ-жауап ойындарын өткізумен бірге белсене қатысқан тұрғындарға арнайы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ алаңдарда өлкеміздің өнерлі жастары өз өнерлерін ортаға салып, Абай Құнанбайұлының шығармаларынан үзінді оқып, тұрғындарды мемлекеттік тілде сөйлеуге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды. «Тіл – аманат» акциясы Қадыр Мырза Әлі алаңында және әлеуметтік желіде онлайн түрде өз жалғасын тапты – дейді шараны ұйымдастырушы Айдарбек Ахметұлы.

Облысымыздағы атаулы жалпыхалықтық тілдер фестивалі Жастар мәдениет үйінде қыркүйек айының жиырма екісі күні қорытындыланып, тіл жанашырларын марапаттауға арналған мерекелік шарамен жалғасын табады.

Гүлмира Сәрсенғали,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале