
Облысты көгілдір отынмен қамту жұмыстары назардан тыс қалған емес. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.
Күн тәртібінде көмір энергетикасын дамыту және көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов селекторлық режімде қатысты.
Облыста көмір тұтынудан көгілдір отынға көшу үдерісі қарқынды жүруде. Қазіргі кезде өңірдің табиғи газбен қамтылуы 99,8%-ға жетті. Яғни 405 ауылдың 371-іне газ құбыры тартылды. Ақжайық, Бәйтерек және Жаңақала аудандарындағы қалған 34 елді мекенге көгілдір отын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Сондай-ақ Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Тасқала және Шыңғырлау аудандарындағы ауылдарды газдандырудың жоспары жасақталды.
2025 жылы Бәйтерек, Казталов, Тасқала және Теректі аудандарындағы 22 әлеуметтік нысанға 216 тонна көмір жеткізілген. Соңғы үш жылда облыс бойынша көмір жеткізу көрсеткіші 2720 тоннаны құраған. Ал электр энергиясы саласындағы бірыңғай сатып алушы институтының енгізілуі нәтижесінде «Батыс Қазақстан АЭЖК» үшін 1 кВт/сағ тарифі 32,5 теңге деңгейінде тұрақталды.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
"Жайық Пресс"