28.11.2019, 18:57
Оқылды: 179

Облыстық имамдар форумы өтті

Орал қаласындағы Достық үйінде «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты облыстық имамдар форумы өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Есмағанбет, облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов, мешіт имамдары мен медресе шәкірттері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

imamdar forumy (2)

 Жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі туралы фильммен басталды. ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы Мұратбек Қыстаубаевтың айтуынша, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІІ республикалық имамдар форумында «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері», «Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» атты үш құжат қабылданды. Қазіргі күні діни басқарма мамандары олардың мән-маңызын түсіндіру  жұмыстарын жүргізуде.

imamdar forumy (3)

 – Келесі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл  толады. Соған байланысты 30 игі шара ұйымдастырылады. Ел бірлігін нығайтуға үлес қосқан, рухани тәрбие жолында еңбек етіп жатқан имамдарға алғысымыз шексіз. 2015 жылы алғаш рет республикалық имамдар форумы өтті. Сонда діни қызметке ұстын болатын ақида мен фиқһ ілімін айқындап, көркем мінез сипаттарын насихаттауға қатысты құжаттарды бекіттік. Алғашқы тұғырнама сол кезеңдегі күрделі сауалдарға жауап беріп, уақыт тамырын тап басты. Имамдардың жамағат арасында жүргізген үгіт-уағызы арқасында жыл сайын жат көзқарастағы ағымға ілескен 500-ге жуық азаматты дәстүрлі бағытқа қайтардық. Екінші форумда «Имамға қандай талап қойылады?» деген сауалға жауап беретін басты ұстанымдар айқындалып, діни қызметкерлердің тұлғалық  келбетін қалыптастыруға жұмыстандық. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Қоғамда білімді азаматтар көбейгенімен, рухани тәрбие беруді ширату керек екені аңғарылуда. Қазіргі уақытта имамдар рухани құндылықтарды нығайтуға бар күш-жүгерін салуы тиіс. Соған байланысты биылғы форумда қабылданған құжаттар арқылы дін қызметкерлеріне басты бағыт-бағдар берілді,- деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Есмағанбет.

imamdar forumy (1)

Сондай-ақ, облыстық имамдар форумында облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов өңірдегі діни ахуал жөнінде баяндама жасады. Ал Жәнібек аудандық мешітінің имамы Есенболат Абдуғалиев «Діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» жайында айтса, Бәйтерек ауданы Асан ауылдық мешітінің имамы Мұратбек Жахатов діни рәсімдер тізімімен таныстырды.

Шара соңында Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешіттің имамы Мейрамбек Абдрахманов облыстық имамдар форумының үндеуін жариялады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале