6.01.2021, 15:44
Оқылды: 134

Облыстық перинаталдық орталық күрделі жөндеуден өтпек

Өткен сәрсенбіде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова жұмыс сапарымен Ақ Жайыққа келіп, Орал қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Ол алдымен облыстық перинаталдық орталыққа барып, медицина қызметкерлерімен тілдесті.

орт1

2006 жылы бой көтерген облыстық перинаталдық орталық 145 кереуетке есептелген. Яғни гинекология бөлімшесінде 20, босандыру бөлімшесінде 60, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесінде 25, нәрестелер патологиясы бөлімшесінде 40 кереуеттік орын болса, сондай-ақ оған балалар мен ересектер реанимациясындағы 12, күндізгі стационардың 15 кереуеттік орны кіреді екен. Перинаталдық орталық өңір тұрғындарына мамандандырылған акушерлік, гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсетеді.

орт2

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибековтың айтуынша, орталықта 423 адам жұмыс жасайды. Олардың 52-сі дәрігер, 209-ы орта медбикелік персонал, 97-сі кіші медициналық персонал, 65-і әкімшілік және техникалық құрам. Сондай-ақ мұнда былтыр 7423 нәресте дүниеге келген, бұл деректі 2019 жылмен салыстырғанда 1382 сәбиге артып отыр. Десе де облысымызда жаңа туылған нәрестенің өлім-жітімі де артқан. Нақтырақ айтсақ, былтыр жаңа туған нәрестелер өлімі 8,5 пайызды (2019 жылы 7,8 %-ы) құраған. Сәбилердің өлімі шала туылуына байланысты өсіп отырған көрінеді.

орт3

Орталықтың медициналық жабдықталуымен танысқан Ләззат Рысбекқызы одан соң Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасы ғимаратында ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығына барды.

ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында тұрғындардың игілігіне берілген бұл орталықта денсаулығында туа бітті ақауы бар, яғни тірек-қимыл қозғалысында немесе жүйке жүйесі ауруларымен дүниеге келген нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар ем ала алады.

орт5

- Елбасының тікелей қолдауымен «Самұрық – Қазына» қорының қаржылай демеушілігінің арқасында орталық Канада, АҚШ, Германия, Ресей секілді елдерден шығарылған заманауи құрылғылармен жабдықталды. Мұнда айына 50, жылына 600 науқас ем-дом қабылдайтын болады. Емдеу курсы 21 күнді құрайды. Оларға тек тренажерлік құрылғылар ғана емес, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, ойын залы және галоионтерапиясы, механотерапиясы, бальнеотерапиясы, дефектолог, логопед, сенсорлық бөлме секілді арнайы жасақталған емдеу бөлмелері де жабдықталған. Ал аудан-ауылдан келген балалар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін стационар қызмет етеді. Орталықтың жалпы аумағы 600 шаршы метрді алып жатыр, - дейді көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Бекет Бадашев.

орт6

Оңалту орталығында невролог, реабилитолог, ортопед, ЕДШ дәрігері, педиатр, физиотерапевт, педагог-психолог мамандар мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді оңалту жұмыстарын жүргізеді.

орт7

- Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапармен келгендегі мақсатымыз – өңірдің дамуына үлес қосатын әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралау. Алдымен облыстық перинаталдық орталыққа барып, орталықтың медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін қарадық. Өйткені бүгінде облыстық денсаулық сақтау саласын қаржыландырудағы қиындықтар, медициналық құрал-жабдықтарды жаңалау және облыстық перинаталдық орталықтың ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Перинаталдық орталықтың жағдайымен толық таныстым. Бұл мәселені ҚР Парламент Сенатының және Мәжілісінің депутаттары болып, бірігіп шешетін боламыз. Ал Елбасының тікелей қолдауымен ашылған «Қамқорлық» орталығына келсек, мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында.

Одан соң ол «Кублей» ЖШС мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясына барып, ғимараттарын аралап, ұжыммен тілдесті.

                                                                Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале