18.10.2021, 12:19
Оқылды: 200

Облысымыздың зерттеушілері Алматыда

Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері, ғалым-мамандар мұрағат көздерімен жұмыс, ақпарат жинақтау мақсатында Алматы қаласындағы архивтерде, ғылыми орталықтарда жұмыс жасауда.4

Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі қызметтерді жүзеге асырушы «Dana» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жантас Сафуллин бастаған ғылыми экспедиция құрамында танымал журналист-зерттеуші, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Альфия Байболсынова, осы университеттің доценті, т.ғ.к. Бақтылы Боранбаева, ІІ-ші дүниежүзілік соғыс бойынша маман-ізденуші, М.Мәметова музей-үйінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, танымал өлкетанушы, «Атамекен» туризм орталығының директоры Айболат Құрымбаевтар бар.

Оралдық зерттеушілер алдымен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде барып, осы мекеменің  директоры Сәбит Шілдебаймен кездесті. Өңірлік комиссия мүшелерін қарсы алған Сәбит Қамытбекұлы саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеу бойынша облыстардан үлкен құрамда келген алғашқы делегация екендігін тілге тиек етті. Орталық архив базасында жұмыс жасауға арнайы кабинет жасақтап беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

5

Ғылыми іссапар аясында өңірлік комиссия мүшелері Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында болып, осы ғылыми орталықтың директоры Зиябек Қабылдиновпен, аға ғылыми қызметкерлер Шәмек Тілеубаев және Арман Әбікеймен жүздесті. Институт директоры Зиябек Ермұханұлымен өңір тарихына қатысты болашақта бірлескен жобалар жасауға келісілді. Институт тарапынан оралдық ғалым-мамандарға Алматыда болған кезде тақырыптық бағыттар бойынша Мемлекеттік комиссияның мүшелерімен және алматылық зерттеуші ғалымдармен кездесулер ұйымдастыру, институттың материалдық базасын пайдалану, шаралар ұйымдастыру бойынша  қолдау білдірді.

Өңірлік комиссия мүшелері іссапардың екінші күні Алматы облысы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музей кешеніне барды. Жаңалықтағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қорымына зиярат етіп, ғылыми тәжірибе алмасу мақсатында кездесу ұйымдастырды. Оралдық қонақтарды қарсы алған репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін  «Арыс»  қорының жетекшісі, профессор Ғарифолла Әнес Алматы облысы бойынша «Жетісудің шерлі тарихы» жобасының жүргізілу барысын баяндады. Бас қосуда алматылық тарихшы – мамандар, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Баянұлы, архивтанушы Рашид Оразов, Phd докторант Еркін Стамшалов, Жаңалық мұражайының меңгерушісі Меиржан Мусабаевтар Алматы архивтерінің Батыс Қазақстан тарихы жөнінде құнды деректері бар қорларының сипаттамасымен бөлісті.

6

Оралдық зерттеуші ғалымдар Алматы қаласындағы екі апталық ғылыми іссапар шеңберінде Орталық архив, Президент архиві, Ұлттық кітапхана, Қолжазбалар орталығы, Алматы қаласының Полиция департаменті мен ҰҚК-нің арнайы архивтері, Алматы қалалық мемлекеттік архиві Ұлттық ғылым академиясындағы ғылыми-зерттеу институттарына барып, өңір тарихына қатысты тың деректерді анықтауды алдарына мақсат етіп қойып отыр.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале