3.02.2017, 18:20
Оқылды: 68

Өкілеттілікті бөлу халықпен келісіліп жасалады

Muradov  Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Ахмет Мурадов «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның еңбек ұжымымен кездесті.


  Депутат алдымен аталмыш компанияның бас директоры Даурен Сисеновтың бастауымен кәсіпорынның өндірістік цехтарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Одан кейін акт залында жұмысшыларға Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуінің және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының мән-маңызын түсіндірді.

  -Бұл зауытта 1995-1997 жылдары болғанмын. Мұнайшы болғандықтан, мұнайгаз саласындағы Қазақстан мен Ресейдің арасындағы экономикалық қарым-қатынасты орнатуға жұмыстандық. Мүмкіндігі мол, өзіндік орны, техникасы, мықты мамандары бар кәсіпорынның  тығырыққа тіреліп, тұңғиыққа кетіп бара жатқанына қатты алаңдағанбыз.  Құдайға шүкір, бүгінде зауыттың жағдайы дұрысталды, енді зауыттың табысы, технологиясы, өнімдері жайында ауыз толтырып айтуға болады. Осының бәрін бір сөзбен қорыта айтсақ, сіздің кәсіпорынның үлгісінде 25 жыл ішіндегі тәуелсіз Қазақстанның дамуын көруге болады, - деді Ахмет Мурадов. Оның айтуынша,  Президент, Үкімет, Парламент арасындағы өкілеттілікті бөліп беру талабы еліміздің дамуына байланысты туындап отыр. Ұсынылып отырған мемлекетті басқарудың жаңа моделі бойынша 40-қа жуық өкілеттілік Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентіне беріледі. Енді Үкіметті қалыптастыру, оның мүшелерін бекіту Парламенттің құзырына өтеді. Сонымен қатар Парламент саяси бәсекелестігінің нәтижесінде жеңіске жеткен партиялардан құрылады. Барлық министрлер Парламенттің «сүзгісінен» өтіп, тестулеуден сүрінбеулері тиіс. Осының барлығы партиялық және саяси қоғамдық ұйымдардың рөлінің күшейетіндігін көрсетеді. «Бастысы, өкілеттілікті бөлу халықпен келісіліп жасалады. Сондықтан 26 ақпанға дейін өкілеттілікті бөлуге қатысты нақты ұсыныс-ойларыңызды білдіруге болады. Сіздердің ұсныыстарыңыз назардан тыс қалмайды»,- деді Мәжіліс депутаты.

  Жиында А.Мурадов Елбасы Жолдауындағы бес басым бағытқа тоқталды. – Сіздің зауытта барлық өндіріс, яғни нөлден бастап дайын өнім шығарғанға дейінгі цикл ІТ технологиясымен, озық технологиямен іске асырылады. Елбасы Жолдауында алдымызға қойылған бірінші міндет - цифрлық индустрияны дамыту, экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту. Қазіргі уақытта ІТ технологиясыз  дамудың мүмкін еместігін зауыттықтар жақсы білесіздер. Екінші міндет - экспорттық әлеуетті арттыру. Бұл ретте кәсіпорынның өнімдері (мұнайгаз жабдықтары, қару-жарақ) нарықта сұранысқа ие. Шымкентте жас жігіттер еркін экономикалық аймақта шұлық фабрикасын салған. Құрал-жабдығы  Оңтүстік Кореянікі. Онда Кореялан келген ешкім жоқ, барлығы өз еліміздің азаматтары жұмыс істеуде. «Қазақстанда жасалған» деген белгі бар. Мұндағы шұлықтар Астанадағыдан 200 есе арзан. Бизнеске жасалып жатқан қамқорлықтың арқасында жас кәсіпкерлер өнімнің өзіндік құнын төмендетуге қол жеткізген», - деді депутат.

  А.Мурадовтың айтуынша, ел бюджетінің 40 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Өткен жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 1% -ды құрады. Соған орай Елбасының тапсырмасымен қаржының басым бөлігі бөлінетін әлуметтік сала министрліктерінің қаржыны игеруі жіті тексерілетін болады.

  Жиын соңында А.Мурадов елімізде қолайлы тірлік етуге барлық жағдай жасалғанын айта келіп, Елбасының Жолдауын іске асыруға жұмылуға шақырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале