30.03.2021, 16:11
Оқылды: 157

Октябрьдегі су нысаны неге оңалмай тұр?

Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округіне қарасты Октябрь ауылында су нысаны пайдалануға берілді. Сол күні ақ түйенің қарны жарылғандай күй кешкен октябрьліктердің қуанышы ұзаққа бармады. Ауыл тұрғындары ауыз суға қарық бола қоймағандарын айтады. Нысан іске қосылған күннен бастап қара судың өзі өлшеммен беріліп келеді. Су беру кесте бойынша түскі және кешкілік уақытта 2-3 сағатқа ғана белгіленген. Су мұнарасын тұрақты қадағалап, суды құбырға жіберу үшін оператор жұмысын үш адам атқарып жүр. Бірақ оларға жалақы тұрақты берілмей келген.

 IMG-20210319-WA0056

Әңгіменің әлқиссасына оралсақ, мемлекеттік бағдарламалар есебінен су құбырының құрылысына 200 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиевтің өзі келіп қатысқан. Су мұнарасының құрылысын маңғыстаулық мердігер «Нұр-жол құрылыс» ЖШС жүргізген. Тапсырыс беруші мекеме – Бәйтерек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Аталған нысан әлі күнге коммуналдық меншікке толық берілмеген. Құрылыс бөлімі мен серіктестіктің арасындағы келісімге сәйкес, су нысанын қадағалайтын операторлардың еңбекақысын төлеуді мердігер міндетіне алған. Операторлардың бірі Құрманғазы Хайруллин компания жалақы төлемі жөнінен 2020 жылдың желтоқсан айы бойынша түгел есеп айырысқанын айтты. Қаңтар айында еңбекақының жартысын ғана төлеген. Қазіргі уақытта еңбекақысын қай тараптан дауларын білмей жүр. Мердігермен еңбек шарты жасалмаған.

IMG-20210319-WA0063

Операторлардың айтуынша, жер астынан тартылатын су құбырының сүзгісі он күн сайын ауыстырылып тұруы керек. Бұл істің мән-жайымен жете таныс адамның бірі, ауыл тұрғыны Берік Құрманғалиев кейінгі уақытта сүзгі материалы уақтылы ауыстырылмағандықтан, ауыз судың түсі сарғыш тартып үлгергенін тілге тиек етті.

«Жалпы, Октябрь тұрғындары көтерген әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалып келеді. 500-ден астам тұрғыны бар ауылда әлі күнге мектеп пен балабақша салынбаған. Осыған қатысты мәселені көтеріп келе жатқанымызға 12 жылдан асты. Таңғы сағат 6.00 шамасында ауыл балалары аялдамаға жиналады. Арнайы автобус балаларды көрші ауылдардағы мектепке тасымалдайды. Боран соққан күні жолды қар басып, оқушылардың бір апта бойы мектепке бармай қалатын кезі болады», - дейді зейнеткер.

IMG-20210319-WA0062 (1)

Самара – Шымкент бағытындағы тасжолға дейін жалғайтын алты шақырым кіреберіс автожол да ұзақ уақыттан бері жөнделмеген. Боран демекші, қатты аяз бен бұрқасын салдарынан ауылда электр желісі жиі істемей қалады. Электр қуатынан ажыраған соң, үйлер жарықсыз, жылусыз қалып жатады.

«Қала іргесінде тұрған ауылда ауыз су мәселесі әуелден өте өзекті. Тұрғындар ауыз суды ауласында соғылған жер құдықтан алып келді. Бірақ ыдысқа құйып алған соң, тұщы су құрамы лезде бұзылып, таттың дәмі шығады. Сондықтан жағдайы барлар қаладан таза су тасымалдайды», - дейді ақсақал.

IMG-20210319-WA0066 (1)

Су мұнарасынан құбыр арқылы жіберілетін су сапасы тұрғындар көңілінен шығып тұр. Әттеген-айы, жаңа су мұнарасының толық қуатында іске қосылмай тұрғаны тұтынушылар наразылығын турдырды. Оған қоса қыс кезінде еңбекақысын жарытып алмаған операторлардың дауы да уақтылы шешімін таппауда. Үш жұмысшыға жалпы 180 мың теңге қарыз болған мердігер жартысын ғана өтепті.

Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге байланысты мердігермен келісім болғанын айтты. Округ әкімінің сөзінше, резервуарға су қорын жинауға сүзгі жабдығы үлгере алмай тұр екен. Сағаттап ағатын су резервуарға бірден толмағасын, құбырдан су айдайтын қысым күші өте әлсіз. Ауыл әкімі тұрғындар көтерген мәселелерге қатысты сауалдарға да жауап берді. «Округке қарасты Жамбыл ауылында 308 орындық мектеп, 50 орындық балабақша салу жоспарланды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік экспертизаға жіберілді. Білім нысаны салынған соң, Октябрь мен Зеленый ауылдарына оқушы тасымалын ұйымдастыру әлдеқайда оңай болады. Қазіргі кезде октябрьлік оқушылар Мичурин мен Асан ауылдарына қатынап жүр. Жамбылға мектеп салса, жол едәуір қысқарады. Сондай-ақ қауіпсіз болады. Жамбыл мен Октябрьдің арасы 4-ақ шақырым», - деді округ әкімі.

Максим Болатұлы ауыл тұрғындары сұрап отырған жергілікті маңыздағы автожолды жөндеу мәселесі жуырда шешімін табатынын айтты. Осы ауылдың қасында «Sayat» этнотуристік орталығы бар. Этнотуристік орталығының жетекшісі, меценат Мұрат Жәкібаев өз қаражатына автожолды жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжатын жасап берген. Самара – Шымкент күрежолына қосылатын 8,3 шақырым жол Октябрь мен Жамбыл ауылдарының үстімен өтіп, Шаған өзені үстіне тартылған керме көпірге дейін жалғасады. Құны 6,5 миллион теңге болатын жоба құжаттамасын облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасы қарастыруда екен.

IMG-20210319-WA0054 (1)

Ауылдық округ әкімі электр қуатын таратын қосалқы станса 3 мыңнан астам абонентке қызмет етуге қауқарсыз болып отырғанынан да хабардар.

- Электр желісінде жиі ақау болуынының салдарынан тұрғындар үйлеріндегі жылу қазандығы істен шыққаны және тұрмыстық техникалары жарамсыз болып қалып жатқаны жөнінде жиі шағымданады.

IMG-20210319-WA0046 (1)

«Қосалқы стансаны жөндеу мәселесімен облыс әкімі Ғали Есқалиев таныс. Өңір басшысының қолдауымен қосалқы стансандағы авариялық тосқауылды жеңілдететін таратушы пункттерін жаңалауға қатысты жоба құжаты дайын тұр. Енді Энергетика министрлігі мақұлдаса, елді мекендерге таралатын кернеу күші реттеліп, ауылдардың көбінде бір уақытта электр жарығы сөніп қалмайтын болады», - деді ауыл әкімі.

Округ әкімі ауылға су беруге байланысты тағы бір мәселе ұшығын көтерді.

«Бір текше метр су бағасы 200 теңге болып есептеледі. Келісімшартқа сәйкес екі жылға дейін су бағасын реттеуге мемлекет тарапынан субсидия бөлінбейді», - дейді ауыл әкімі.

Тұрғындарды толғандырған мәселеге байланысты аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Арман Жұмабеков өз жауабын берді. Ауылға су беру толық жүргізілмей жатқанының басты себебі жер астында тереңде жатқан су сорғыларының өшіп қалуы және тазарту құрылғысының өткізу қабілетінің нашар болуынан көрінеді. Соған байланысты резервуарға жеткілікті дәрежеде су толтыра алмауы тіршілік нәрін үздіксіз беруге кедергі екен.

Арман Аманғалиұлы су мұнарасын тұрғызуға жергілікті материалдар қолданылғанын айтты.

«Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген су мұнарасын тұрғызған маңғыстаулық мердігер ауа райы жылыған шақта барлық олқылықты жояды. Өйткені бес жылға дейін су үздіксіз беріледі деп кепілдік берген. Егер су нысанын жөндеуді ойдағыдай жүзеге асырса, жаз айларында су толық көлемде беріле бастайды», - деді Арман Жұмабеков.

Аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Коммунальник» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Жангелді Сапаров жұмысшылардың жалақысын беру мәселесінің шешімі табылғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі кезде Октябрь ауылындағы су айдайтын мұнара «Коммунальник» меншігінде өтеусіз пайдалануға беріліпті. Жазғы маусымға дейін барлық құжаты реттеліп, аталған нысан толықтай мекеме теңгеріміне өтеді.

«Қазіргі кезде жұмысшыларға қаңтар айындағы жалақысының жартысы төленді. Октябрь ауылына су беретін нысан жұмысшыларының ақпан айындағы жалақысы бірнеше күн ішінде түседі. Ал оған дейінгі жалақысын мердігер компания өтейді. Енді жұмысшылардың жалақысын алу жөніндегі мәселе болмайды», - деді Жангелді Сапаров.

Октябрьдегі су мұнарасы оңала қояр ма? Бұл сұрақ уақыт еншісінде қалып тұр. Қала іргесінде тұрған ауылдың қат-қабат мәселесін шешу, октябрьліктерге жарытып су бере алмай тұрған нысанның жөнделуі мердігердің қарқынды қимылдауына байланысты. Бірақ қалыптасқан аухалға зер салған сайын «Кісідегінің кілті аспанда» деген мәтел тілге еріксіз орала береді.

 

Нұртай Текебай,

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале