2.03.2021, 14:21
Оқылды: 223

Оқушылар мектепке оралуда

БҚО бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылдың 1 наурызындағы қаулысына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сынып оқушылары штаттық режимде оқитын болды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев БАҚ өкілдеріне қаулыға енген өзгерістерді түсіндіре келе, 300-ге дейін оқушыға білім беретін мектептердегі барлық сынып 15 оқушыдан білім алатынын айтты. Колледждер мен ЖОО-лардың І курс студенттеріне екінші семестрден бастап штаттық оқуға рұқсат етілді.

нұрт1

– Жалпы білім беретін мектептердегі 1-5 сыныптар бойынша 25 оқушыға дейін оқытуға рұқсат берілді. Сынып бөлмесі санитарлық талапқа сәйкес таза ұсталуы, парталар арасында қашықтық сақталуы, оқушылар маска тағып отыруы тиіс. Егер бір оқушыдан ауру белгілері байқалса, сынып түгелімен қашықтан оқуға көшеді. Одан кейін инкубациялық кезең өтпей жатып, екі немесе одан да көп ауру дерегі тіркелсе, мамандар ұсынысымен мектепті карантинге жабу туралы шешім қабылданады. Мұндай шешім қабылданбастан бұрын эпидемиологтар мектептегі жағдайды жан-жақты саралап, алдын ала тергеу жұмысын жүргізеді, - деді Нұрлыбек Мұстаев.

Қаулыдағы басқа да өзгерістерге тоқталсақ, сауда үйлері мен базарларда сенбі-жексенбі күндері сауда жанданатын болды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік нысандардағы еңбек ұжымының 60 пайызына қашықтан жұмыс істеу ұсынылып отыр.

Нұрлыбек Мұстаев 1 ақпанда басталған коронавирусқа қарсы екпе жұмысы жалғасып жатқанын айтты. Ақпан айында облыс бойынша жұқпалы ауруларға шалдыққандарды емдейтін ауруханалар мен «Жедел жәрдем» бекеттерінде және санитарлық-эпидемиологиялық талапты қадағалайтын мекемелерде қызмет атқаратын 1000 адам ине салдырды. Вакциналаудың екінші кезеңіне сай 21 күннен соң олар қайтадан егілуде. Облыс бойынша алдағы уақытта 3 мың адам екпе қабылдамақ.

 

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале