Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде облыс мектептерінің жоғары сынып оқушыларына арналған «Ашық есік күні» шарасы өтті. Оған қала мен облыс аудандарының мектептерінен 10-11 сынып оқушылары қатысты.

Алдымен оқушылар университет фойесіндегі білім беру бағдарламалары туралы көрмені аралап, өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша ақпараттармен танысты.

Бұдан әрі іс-шара жоғары оқу орнының үлкен залында жалғасып, оқушыларға білім ордасы туралы бейнеүзік көрсетілді. Мектеп оқушыларына университет ұжымы атынан ыстық ықыласын білдірген тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов алпыс жылдан астам тарихы бар Жәңгір хан университетінің еліміздегі беделді әрі іргелі оқу орындарының бірі екенін атап өтті. Бұдан әрі институт директорлары Асқар Бакушев мен Айжан Ибыжанова шараның маңыздылығына тоқталып, оқу орнының ерекшеліктері туралы мәлімет берді.

Өз кезегінде университеттегі Студенттер контингентін қалыптастыру орталығының директоры Бибігүл Губашева өткен оқу жылының қорытындысы бойынша түлектерінің БҚАТУ-ға оқуға түсу көрсеткіші жоғары болған мектептердің кәсіби бағдар беруші педагогтарын алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында Орал қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББ мектебінен Индира Құрмашова, Х.Доспанова атындағы №30 ЖОББ мектебінен Гауһар Елешова, Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейден Айбарша Ағысова бар. Ашық есік күніне өңіріміздегі 40 шақты мектептен 450-ден астам оқушы келді.
БҚАТУ баспасөз қызметі