5.01.2022, 11:50
Оқылды: 84

Өмірі күймен өрілген

Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші-ұстаз Орынбай Дүйсеннің мерейлі 70 жасқа толуына арналған «Күй - ғұмыр» атты шығармашылық кеш өтті.

fb6a2fef-2b9d-4f08-93ef-d788b7e7a13a
Мерей жас иесін облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұқанғалиев құттықтады.

– Туып-өскен мекеніңізге қош келдіңіз. Ақ Жайық өңіріне ат басын тіреген сізді облыс әкімі Ғали Есқалиев ресми қабылдап, иығыңызға шапан жауып, ат мінгізіп, ілтипатын көрсетті. Елімізде күй мектептерін қалыптастырған кәсіби шебер екеніңізден өнерсүйер қауым хабардар. Орынбай ағамыздың ұстазы - дарынды күйші Құбыш Мұқитов болса,  Құбыш ағамызға ұстаздық еткен Науша Бөкейханов. Ал оның ар жағы Дәулеткерейге келіп тірелетінін сезіп отырған шығарсыздар. Міне, бұлардың бәрі де төре күйшілер мектебін жалғастырушылардың алдыңғы легі сапында.  Құбекеңнің шәкірті ретінде жас буынды күй әлеміне тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қостыңыз. Көзі тірі-сінде атақты Ғарифолла Құрмағалиевпен бірге ел аралап, жанында болып, оның шығармаларын саф күйінде сақтадыңыз. Шәкірттеріңізге өзіңіздің өнегелі ісіңізбен, өмірдегі ұстанымыңызбен үлгі болып келесіз, – деді ол өз сөзінде.

Кеш шымылдығы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауында Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашылды. Оркестрге «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов жетекшілік етті.

Көрермендердің ыстық ықыласы, зор қошеметімен сахнаға көтерілген Орынбай Дүйсен қолындағы қоңыр домбырасымен Абыл, Құрманғазы, Қазанғап, Дина, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қали Жантілеуовтың және басқа халық композиторларының күйлерін шабыттана орындады. Концерт үстінде көзі қарақты, көңілі ояу көрермен оның Дина Нұрпейісованың күй тарту мәнерін мейлінше жеткізуге тырысатынын аңғарып отырды. Күйші қандай күй орындаса да, жиналған жұртшылық оның музыкалық шығармасы аяқталған сәтте алақандарын аямай, қол соғып, айрықша құрмет көрсетті. Сахнада О.Дүйсеннің «Қосбасар»,«Әнші дауысы» күйлері жоғарыда аталған оркестрдің сүйемелдеуімен орындалып, ақын Серік Тұрғынбековтың сөзіне жазылған «Саялы Алатау кешінде» атты әнін Ардақ Айғалиева тамылжыта шырқады.

Туған елінің алдында есеп беріп, көңілі көтеріліп, бір серпіліп қалған Орынбай Дүйсен осы кешті өткізуге септігін тигізген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға,  облыс әкімдігіне, облыстық мәдениет басқармасына, сондай-ақ еңбегін бағалап жатқан жерлестеріне, көрермендерге, күйлерін орындаған оркестр ұжымына және концертті ұйымдастыруға атсалысқан барша қауымға алғысын жеткізді.

– Оралға келердің алдында Нұр-Сұлтан қаласында өнер көрсеттік. Күй өнеріне көңіл аударғаныма елу жылға жуықтады. Алдымызда небір дүлдүлдер өтті. Солардан үйреніп өстік. Қали Жантілеуовты, Дина Нұрпейісованың шәкірті Рүстембек Омаровты көре қалдық. Құбыш Мұхитовты, Хабидолла Тастановты, Шамғон Қажығалиевты, Базарбай Жұманиязовты ұстаз тұттық. Сол ағалардың алдын көріп, ұстаздық етуінің арқасында осындай дәрежеге жеттім. Күйде ұлттық мүдде болуы керек. Өңірлік, тайпалық деген ұғым болмайды. Концертте ылғи да күй мектебінің шығармаларын орындап, жастардан да әрдайым соны талап етемін. Келер ұрпақ халқымыздың қастерлі өнерін меңгеріп, болашаққа жеткізуін тілеймін, – деді күйші өзінің мерейтойлық концертінің соңында.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале