29.07.2026, 9:45
Оқылды: 7

Оң рульді көліктерге тыйым: Автосарапшы жол апатының басты себебін атады 

Қазақстанда Toyota Alphard көліктеріне немесе жалпы оң рульді көліктерге тыйым салу туралы бастама ара-тұра қайта көтеріліп жүр. Шынында, тыйым салу мәселенің шешімі ме, әлде қоғамдағы дауға берілген эмоциялық жауап қана ма? BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Man's hands on a steering wheel demonstrating the correct procedure for holding a steering wheel and car safety

Сурет: istockphoto.com

Автосарапшы Алексей Алексеев мұндай шектеудің ешқандай негізі жоқ деп есептейді.

Оның айтуынша, Қазақстанда бірнеше жыл бұрын заңнамаға өзгеріс енгізіліп, оң рульді көліктерді тұрақты жолаушылар тасымалы мен такси қызметінде пайдалануға тыйым салынған.

Егер осы талап сақталса, онда Alphard-тың қандай қатысы бар? Мәселе көлікте емес, біріншіден, рөлде отырған адамда. Екіншіден, заң талаптарының орындалуында. Оң рульді Alphard тұрақты қалааралық тасымалмен айналыспауы тиіс. Егер біреу осы талапты бұзып жатса, онда бақылауды күшейту керек, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, құқық қорғау органдарының негізгі міндеті – оң рульді көліктердің жаппай заңсыз жолаушы тасымалдауына жол бермеу.

Оң рульдің қаупі бар, бірақ оған заң әлдеқашан шектеу қойған

Алексей Алексеев оң рульді көлікпен қала сыртындағы жолдарда басып озу сол рульді көлікке қарағанда күрделірек екенін жасырмайды.

Әрине, оны да үйренуге болады. Бірақ қауіпті екені рас. Мұндай жағдайда жүргізуші өз өмірімен ғана емес, өзге адамдардың өмірімен де тәуекелге барады. Егер бұл күнделікті кәсіпке айналса, оған жол беруге болмайды, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, дәл осы себептен заң тұрақты коммерциялық тасымалдауда оң рульді көліктерді пайдалануға шектеу қойған.

«Alphard – адамдарды тасымалдауға арналған көлік»

Автосарапшы Toyota Alphard-ты арнайы жолаушылар тасымалына лайықталған көлік деп сипаттайды.

Бұл – сенімді жапон бренді. Қазақстанда да, әлемде де өзін жақсы жағынан дәлелдеген көлік. Сондықтан дәл осы модельге тыйым салудың еш қисыны жоқ. Ертең адамдарды немен тасымалдаймыз? Мұндай міндетке сай келетін әрі сенімді көлік бізде өте аз. Негізінде балама ретінде Hyundai ғана қалып отыр, – дейді Алексей Алексеев.

Оның пікірінше, ертең тасымалдаушылар Hyundai көлігіне отырса, жол-көлік оқиғалары сол көліктің қатысуымен тіркелуі мүмкін. Сонда тағы сол модельге тыйым салу мәселесі көтеріледі.

Жол апатына ең көп түсетін – ең көп қолданылатын көліктер. Егер осы логикамен жүрсек, онда Қазақстанда саны көп барлық көлікке тыйым салу керек болады, – дейді сарапшы.

Alphard-қа қатысты жеке статистика жоқ

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда Toyota Alphard көліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары бойынша бөлек статистика жүргізілмейді.

Тіпті ондай статистика болған күннің өзінде, олардың апатқа жиі түсуінің себебі – бұл көліктердің жолаушылар тасымалында кеңінен қолданылуы. Олар осы мақсатқа арналған, ыңғайлы әрі сенімді көлік болғандықтан көп пайдаланылады, – дейді ол.

Заң жұмысы істесе, күмән келтіруге еш негіз жоқ 

Соңғы уақытта қайта жабдықталған көліктердің қауіпсіздігі де жиі талқыланып жүр.

Алексей Алексеев бұл мәселеде де жауапкершілік мемлекеттің өзінде екенін айтады.

Оның сөзінше, оң рульді көліктерді сол рульге қайта жабдықтауға мемлекет арнайы компанияларға лицензия берген, олардың құжаттарын тексерген. Кейін мұндай көліктерді мемлекеттік тіркеуге қойып, пайдалануға рұқсат берген.

Демек мемлекет олардың пайдалануға жарамды екенін мойындады. Сондықтан бүгін қайта жабдықталған көліктерді пайдалануға болмайды деу заңға қайшы келеді. Оның үстіне қайта жабдықтаудың салдарынан жол апаты болғанын дәлелдейтін ешқандай статистика жоқ, – дейді сарапшы.

Жол апатының басты себебі – жүргізушінің әрекеті

Автосарапшының пікірінше, мәселенің түп-тамыры көлікте емес.

Негізгі себеп – жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, жол жағдайын дұрыс бағаламау. Соның салдарынан ауыр жол апаттары болады. Бұл жерде жүргізушінің жауапкершілігі бірінші орында, – дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы мемлекет те қауіпсіз жол инфрақұрылымын дамытуға көбірек көңіл бөлуі керек деп есептейді.

Оның айтуынша, қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөлетін қоршауы бар жолдар Қазақстанда өте аз. Тіпті жаңадан салынып жатқан кейбір жолдардың өзі екі жолақты күйінде пайдалануға беріліп жатыр.

Мұндай жолдарда тек Alphard емес, кез келген көлік апатқа ұшырауы мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.

Тыйым салынса, жол ақысы қымбаттайды

Алексей Алексеев ықтимал тыйымның экономикалық салдары да болатынын айтады.

Оның пікірінше, тасымалдаушылар басқа, қымбатырақ көліктер сатып алуға мәжбүр болады. Ол үшін несие алады, ал шығын кейін билет пен жол ақысының қымбаттауына әсер етеді.

Олар басқа көлікке ауысады, соның шығынын өтеу үшін бағаны көтереді, – дейді сарапшы.

Шешімі ба ма?

Автосарапшы мәселені көлікке тыйым салудан емес, қоғамдық тасымалды дамыту арқылы шешу керек деп санайды.

Оның айтуынша, егер белгілі бір бағыттарда адамдар жеке тасымалдаушылардың қызметіне жүгінсе, онда сол бағыттарға тұрақты автобус пен шағын автобустарды шығару қажет.

Сонда билет арзанырақ болады, адамдардың қауіпсіздігі де артады, – дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы қалааралық жеке тасымалдаушыларға бақылауды күшейтуді ұсынады.

Оның айтуынша, мұндай жүргізушілердің көбі жылдамдықты асырады, ал олардың кәсіби даярлығы, сертификатталуы мен техникалық бақылаудан уақытылы өтуі жеткілікті деңгейде қадағаланбайды.

Бұл саланың өзі ретке келтіруді қажет етеді. Ал Alphard-пен күресу – заңға да, логикаға да сыймайтын шешім, – деп түйіндеді автосарапшы Алексей Алексеев.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале