Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Мемлекет басшысының Үкімет отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелерін талқылаған актив отырысы өтті.
Өңір басшысы өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған және Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
– Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,7%-ға артып, 713 млрд теңгені, соның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 538 млрд теңгені (76%-ды) құрады. Өңір экономикасын әртараптандыру маңызға ие. Былтыр 104 млрд теңгеге 21 инвестжоба іске қосылды (597 жаңа жұмыс орны). Биыл 26 жобаны іске қосу жоспарымызда бар (800 жұмыс орны). Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы» индустриалдық аймағы құрылып, асфальтбетон, химия кешені, 3D декор - панельдері өндірісі және аутокөлік шиналарын өңдеу жобалары орналастырылуда, – деді облыс әкімі.
Өткен жылы жаһандық инвестициялар жөніндегі 81 млрд теңгеге оңтүстік кореялық инвестор «Hyundai Solar KZ 777» ЖШС-мен меморандумға қол қойылды. Осының ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жылыжай кешендерін, күн панельдерінен электр энергиясын өндіру стансасын салу көзделуде. Алдағы жылдары жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын бірқатар маңызды инвестициялық жоба іске асырылады.
Олар: «Қазақ калиум» компаниясының «Сәтимола» кен орнында калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенін салу жобасы;
- «Батыс Пауэр» компаниясы инвестор «China Energy» компаниясымен бірлесіп, газтурбиналық электр стансасының қуатын 300 МВт-қа жеткізу;
- Орал трансформатор зауытының базасында алюминий бұйымдарын өндіру («Ural Electric» ЖШС, 10 жұмыс орны);
- «Zhaik Petroleum LTD» компаниясының метанол өндірісі бойынша жобасы.
Өткен жылдың 11 айында экспорт көлемі 6,4 млрд долларды құрады. Импорт көлемі 9%-ға төмендеп, 990 млн долларды құрады. Экспорттың басым бөлігі мұнай-газ өнімдеріне тиесілі, сондықтан өңдеу өнеркәсібін дамытуды ескерген жөн. Облыс басшысы инвестицияларды тарта отырып, кәсіпорындар жұмыс көлемін арттырып, экспортқа бағытталған өнім шығаруға басымдық беруі керек екендігін баса айтты. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовке, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына аталған кәсіпорындардың жаңа жобаларына қолдау көрсетуді тапсырды.
Шағын және орта бизнес субъектілері 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл салаға өткен жылы 3 млрд теңге бөлініп, 1 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Жалпы, өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36% деңгейінде (2024 жылдың 1-жартыжылдығы). 2028 жылы шағын кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы үлесін 40%-ға жеткізу міндеті тұр. Соған орай өңір басшысы облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовке, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына нақты іс-шаралар жоспарын жасақтауды тапсырды.
– Мемлекет басшысының бюджеттік тәртіпті қатаң түрде нығайту жөніндегі тапсырмасы өте маңызды. Бюджет қаражаты тек ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсалуы тиіс. Тиімділігі төмен шығындарды қайта қарау есебінен 2023 жылы 600 млн теңге, 2024 жылы 3,7 млрд теңге үнемделді. Үнемделген қаражат әлеуметтік мәселелерді шешуге, түрлі әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, ал босатылған қаражаттың басым бөлігі өткен жылы орын алған төтенше жағдайдың салдарын жоюға бағытталуда. Өңір экономикасының өсуі үшін салық жинау тетіктерін жетілдіру және салық төлеушілер қатарын толықтыру жұмыстарын жандандыру қажет, – деген Нариман Төреғалиұлы орынбасары Тілепберген Каюповке, салаға жауапты мемлекеттік құрылымдар мен аудан, Орал қаласының әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Облыста атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 27,6%-ға азайды (1742 отбасы). Отбасының цифрлық картасындағы тұрмысы төмен отбасылар саны 17%-ға азайды. Облыс басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, Орал қаласы мен аудан әкімдеріне жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздарды кәсіптік оқуға және әлеуметтік жобаларға тарту, халықты жұмыспен қамту жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін еске салды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 2025 жылға дейін жаңа 50 медициналық нысан құрылысы жоспарланып, 2023-2024 жылдары 36 жаңа нысан пайдалануға берілді. Биыл 14 нысанның құрылысы аяқталады. Бөрлі және Казталов аудандарында аудан-аралық ауруханалар салу мәселесі қарастырылуда. Өткен екі жылда облыс бойынша 250-ден астам медицина маманы жұмысқа қабылданып, 120 маман ауылға жолданды.
2023-2024 жылдары облыста 22 жаңа мектеп, соның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 3 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 17 жаңа мектеп салынады. Осы жұмыстардың нәтижесінде
8 апатты және 7 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілмек. Орал қаласындағы балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жүргізілуде, бұған 13 млрд теңге бөлінген. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевке,облыстық құрылыс және білім басқармаларына «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан мектептердің уақтылы тапсыру, заманауи жабдықтармен жарақтандыру, инвесторлар тарту арқылы жеке мектептер салу, ваучерлік қаржыландыру жобасының тиісті деңгейде жүргізілуі мәселелерін қатаң бақылауды тапсырды.
Өткен жылы 4 ауданда жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді (Қырқопа, Қайыңды, Тоғанас, Мерей). Ағымдағы жылы 6 мәдениет үйі және 2 кітапхана салынады. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры есебінен Теректі ауданының Жаңаөмір ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарланды. Енді облыстың ірі ауылдары 8 спорт нысанымен қамтылады. Аудан әкімдеріне Қазақстан халқына қорымен бірлесіп шағын ауылдарда бос тұрған ғимараттарды жөндеп, спорт залдарын ашу арқылы жастарға барлық жағдайды жасаулары қажеттігі айтылды.
– Соңғы екі жылда облыста көппәтерлі 59 тұрғын үйдің құрылысы жүрді. Нәтижесінде 132 мың шаршы метр немесе 1 473 пәтер жаңа иесін тапты. Өткен жылы 110 ауылда кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 14,2 млрд теңгеге 805 пәтер салынды. Биыл осы мақсатқа 205 пәтер салуға 2,8 млрд теңге қарастырылуда. Ендігі жерде мемлекет тұрғын үй құрылыстарын тапсырыс беру арқылы салуды қойып, кәсіпкерлерден дайын үйлерді сатып алуға көшті. Бұл механизм қала, аудан әкімдеріне қосымша жауапкершілікті жүктейді. Құрылыс компанияларын шақыру, жер телімін заңды жолмен беру мәселесін үнемі қадағалап отыру керек, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповке, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына, Орал қаласы мен аудан әкімдеріне жолдардың, әлеуметтік және инфрақұрылым құрылыстарының сапасын қадағалап, уақтылы пайдалануға берілуін қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
– Энергетика саласы бойынша маңызды мәселенің бірі – өзге елге тәуелділікті азайту. Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары электр қуатын Ресей Федерациясынан алады. Осыған байланысты
5 мегаватты газ поршеньді қондырғыны орнату бойынша Энергетика министрлігімен келіссөз жүргізілуде. Жәнібек ауданында 3 ауыл (Қамысты, Борсы, Талов) және Бәйтерек ауданында 1 ауыл (Раздольный) газды Ресейден алады. Жәнібек ауданындағы ауылдарға өз газымызды жеткізу үшін мердігер анықталды. Енді Бәйтерек ауданы бойынша жоба жасақталуда, – деді баяндамашы. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қаржыландырылған барлық жобаның жүзеге асырылуын бақылауға алуды тапсырды.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында облыста «Ауыл аманаты» жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Президенттің тікелей тапсырмасымен 2023 жылы 11 мың тонна сүт өндіретін
4 тауарлы-сүт фермасын қолдауға республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Өткен жылы тағы бір тауарлы-сүт фермасына 3,8 млрд теңге бағытталды. Биыл жеке инвестиция есебінен
1 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылдың соңына дейін облысты сүт және сүт өнімдерімен қамту 28%-дан 37%-ға дейін жеткізіледі деп күтілуде.
Облыс әкімі су тасқынына дайындық өткен жылдың күз айында басталғанын айтты. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда және ерекше бақылауда.
Баяндамадан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша еңбек ардагері Табылғали Сапаров, кәсіпкер Валерий Крылов, Қазақстанның Еңбек Ері, мұғалім Эльмара Траисова сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Актив отырысын қорытындылаған Нариман Төреғалиев жұмыстың аз еместігін, енді алдағы жоспарды, Мемлекет басшысының тапсырмаларын, сондай-ақ Үкімет қойған міндеттерді уақтылы және нәтижелі орындалуы үшін бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын айтты. Айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін жеткізді.
Табылғали Сапаров,
еңбек ардагері:
– Қазіргі күрделі жағдайда Президент Үкіметке жаңа дәуірдің күрделі сын-қатерлерінің алдын алу бойынша нақты іс-қимыл стратегиясын әзірлеуді міндеттеді. Ал бұл облыс деңгейінде осы стратегияны іске асыру бағдарламаларын әзірлеу қажет. Мысалы, Бөкей ордасы ауданында мал басының өсуі нәтижесінде жайылым тапшылығы 50%-ға жетті. Бұл мәселені миллионға жеткен ақбөкендердің көбеюі одан әрі қиындатып отыр. Қысқы кезеңде жем-шөп тапшы, өйткені шабындық жерлер жеткіліксіз. Содан мал шығыны көбейді. Былтыр қуаңшылық салдарынан жем-шөп басқа өңірлерден тасымалданды. Облыс әкімінің тасымалдауды субсидиялау туралы шешімі шаруаларға үлкен көмек болды. Бірақ әзірленген субсидиялау ережелері барлық мал иелерін қамтымады. Бұл ережелер мемлекеттік қызметшілер тарапынан әзірленді, ал олардың жоғары біліктілігі мен шаруалардың тағдырына деген жауапкершілігі қайда?
Ауданда мал шаруашылығын дамытудың нақты бағдарламасы жоқ. Озық технологияларды енгізу, жайылымдарды мәдени түрде жақсарту, шабындық жерлердің құнарлылығын арттыру сияқты мәселелер шешімін таппаған. Осының салдарынан халықтың көші-қоны күшейіп отыр. Егер 2020 жылы бұл ауданда 15 мыңнан астам адам тұрса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14 мыңға дейін азайды. Ал 10-15 жылдан кейін жағдай қандай болатынын болжау қиын емес. Облыс әкімінің тапсырмасымен былтыр қараша айында мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағдарламасын әзірлеу жөнінде комиссия құрылды. Бірақ үш ай өтті, мәселе шешілген жоқ. Бұл жағдай Президент Қ. Тоқаевтың: «Мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі жағдайларда айқындалады», – деген сөзімен қаншалықты үйлеседі?
Агробизнесті дамыту жаңа жағдайларда тәуекелдердің артуымен қатар жүреді. «Ақжайық» ӘКК-нің функциялары мен өкілеттіктерін қайта қарап, оған жоғарыда аталған міндеттерді жүктеу керек. Агробизнесті қолдаудың барлық қаржылық құралын бір орталыққа шоғырландыру қажет. Сонда мемлекеттік аппарат бағдарламалар әзірлеумен, талдаумен және олардың орындалуын бақылаумен айналысады. Мемлекеттік құрылымдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметін үйлестіру үшін жетекші ауыл шаруашылығы өндірушілері және білікті мамандардың қатысуымен облыстың агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамыту бағдарламасын әзірлеу, оны іске асыру тетіктері мен қаржыландыруды қарастыру мақсатында арнайы штаб құруды ұсынамын. Штаб өз қызметі туралы облыс әкіміне апта сайын есеп беріп отыруы тиіс.
Валерий Крылов,
«Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның директоры:
– Мен орта бизнестің өкілі ретінде экономикаға инвестиция тарту мәселесін айтқым келеді. Кәсіпкерлікке несие алуға кепілзат жетіспейді. Кәсіпорын даму үстінде. Жаңа жабдықтар алып, жаңа цехтар саламыз. Осы цехтар екінші деңгейдегі банктерге кепілге салынады. Мемлекет тарапынан берілетін кепілдік шегі бар, ол жетпейді. Сондықтан қарқынды үдету үшін бізге екінші деңгейдегі банктер алдындағы мемлекеттің кепілдігі керек. Енді сол банктер сондай көмекті кәсіпкерлерге көрсетуі керек. Бірақ банктердің бұған құлқы жоқ. Ал орта кәсіпкерліктерді қаржыландыруға келгенде, жобалардың тәуекелділік деңгейін анықтайды. Біздің кәсіпорында 22 жыл ішінде электр қуатын пайдалануды 10 есеге ұлғайттық. Осының өзі өндірістің ұлғайғанын көрсетеді. Сапалы жабдық алып, өндірісті әрі қарай дамыту үшін қаражат, несие қаржысы керек.
Эльмара Траисова,
Қазақстанның Еңбек Ері, Орал қаласындағы №34 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Президенттің білім беру саласындағы тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтқым келеді. Мектеп балаға білім беріп, елжандылыққа, адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейді. Бүгінгі шәкірт – Отанымыздың ертеңгі азаматы. Патриоттық тәрбие отбасыдан басталуы керек. Білім ұясындағы тәрбиеде халыққа деген сүйіспеншілікке, оның тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметке аса мән беріледі. Өзге халықтың құндылықтарын құрметтеуді үйренулері тиіс. Ата-аналар бала тәрбиесіне, олардың гаджеттер мен смартфондарынан нені көріп, нені оқып жүргендеріне көңіл бөлгендері жөн. Олардың өмірге қауіпті түрлі ойындар ойнап, түбі жамандыққа соқтырған жайттар жетерлік.
Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, жайлы мектептердің салынып жатқанына алғыс айтамын. Өңірде ашылған осындай үш білім ұясында оқушылар үшін оқуға қолайлы, заман талабына сай келетін материалдық-техникалық база жасақталған. Басқа да жаңадан бой көтерген мектептердің білім сапасын арттыратынына шүбә келтірмеймін. Сонымен қатар үш ауысымдық мектептер мәселесінің түйінін шешетіні сөзсіз. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында мектептерде ұл-қыздарды кәсіпке ертерек бағыттау іс-шаралары қолға алынды. Мұның өзі балалардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтарын оятады.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»