17.10.2022, 10:15
Оқылды: 161

Өңірді көркейту – ортақ шаруа

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің облыстық мәслихат депутаттарының назарына ұсынған есебінде ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталған. Есепті баяндамада әлемде өршіп тұрған геосаяси жағдайға қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң динамика тән екендігі айтылады. 

4533eeec-faf2-4413-9a83-dabcb7fefb99

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 586 мың гектарды құрады (2021 жылғы көрсеткішпен 19,0 мың га артық). Қолайлы  ауа райы жағдайында  дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда жоғары деңгейге жетті (2022 ж. күздік дақылдар өнімі 16 ц/га, 2021 ж. – 8,1 ц/га). «Жасыл белдеу» жобасы аясында 2025 жылға қарай картоп, пияз, қырыққабат пен сәбіз дақылдарының алқаптарын 2100 гектарға дейін ұлғайту арқылы, олардан алынатын өнім көлемін 35%-ға арттырып, облыс халқының қажеттілігі толық қамтылады. 2022 жылы картоп (174 га), пияз (18 га), сәбіз (105 га), қырыққабат (68 га) танаптары  365 га қосымша ұлғайтылды. Соның нәтижесінде 60,6 мың тонна картоп, 6,9 мың тонна сәбіз, 6,8 мың тонна пияз және 9,3 мың тонна қырыққабат өнімін жинаймыз. Облыста сақтау сыйымдылығы 51,8 мың тонна болатын көкөніс сақтайтын 52 қойма бар. Биыл сыйымдылығы 7,0 мың тонналық 2 жабдықталған көкөніс қоймасы іске қосылды («Жаңа Әлем» ШҚ - 3,2 мың тонна, «Рубежинский» АӨК – 3,8 мың тонна). «Сүт белдеуі» жобасы аясында 2025 жылға дейін сауылатын сүт көлемін 45,9 мың тоннаға, сүт өндірісін 240 мың тоннадан 286 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыстың жергілікті сүт өндеу кәсіпорындарының өнімдерімен қамтылуы 20%-дан 50%-ға дейін өседі. Өңірде-гі сүт импортын төмендету мақсатында Бөрлі ауданын-да 600 басқа арналған заманауи технологиямен жабдықталған сүт фермасы іске қосылды. Былтыр жылына 47 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өндіретін «Uralsk Trade Company» ЖШС сүт өңдеу зауыты ашылды. Теректі ауданында 640 басқа арналған «Ringo Milk» ЖШС тауарлы-сүт фермасы жыл соңына дейін іске қосылады.

Өңір экономикасына құйылған инвестицияларға келсек, жыл басынан бері жалпы құны 221,5 млрд теңгенің 13 жобасы іске қосылып,  511 жұмыс орны ашылды. Озық жобалардың ішінде 4-ші газды қайта айдау компрессорын орнату жобасы («ҚПО б. в.», 212,4 млрд теңге), шарикті клапандарды, вентильдер мен ысырмаларды жөндеуге арналған өндіріс («ПетролВалвз КАЗАХСТАН» ЖШС, 3 млрд теңге), 2 кірпіш зауыты («134», «Алтын-АлмаСтрой» ЖШС-лары) бар. Жыл аяғына дейін  686 жұмыс орнын ұсынатын 16,6 млрд теңгенің 20 жобасы «жанданады». Одан басқа 4000 жұмыс орнын құратын, құны 1,5 трлн теңге шамасындағы 67 жобаның құжаттамалары жасақталуда.

f4012d4d-4c5d-441f-951e-8b76267b679f

2022 жылы 3,3 мың тұрғыны бар 27  елді мекенді (Бәйтерек ауданының 3, Жаңақала ауданының 4, Теректі ауданының 4 және Казталов ауданының 16 елді мекенін) табиғи газбен қамтамасыз ететін 9 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында өңір жұртшылығын табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 99,8%-ды (2020 ж. –  98,6%, 2021 ж. – 99,3%) құрамақ.

Өткен жылы 7 мың халқы бар 19 ауыл таза ауыз сумен қамтылды. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үлесі 89,8%-ға (2019 ж. – 86,5%, 2020ж. – 88,4%) жетті. Жыл аяғына дейін 21 ауылды таза ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Сонда биылғы жылдың соңында ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үлесі 92%-ға жетеді.      Облыста  6 апатты және 8 үш ауысымды мектеп бар. Мемлекет басшысының 2025 жылдың аяғына дейін 1000 мектеп салу тапсыр­масы аясында өңірімізде 77 мектептің құрылысы жоспарланды. Оның ішінде 51-і  – шағын жинақты мектеп, 26-сы – мақсатты мектеп. 2022 жылы 2 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға бе­рілді және 1 жаңа жеке мектеп ашылды. Апатты және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында қазіргі таңда бюджет қаражаты есебінен 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қаратөбе ауданының Шалғын ауылындағы төтенше жағдай салдарынан бұзылған мектептің орнына 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Биыл «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында 60 және 108 орындық 15 шағын жинақты мектеп құрылысының құжаттамалары жасалып, конкурстық рәсімдер жүргізілуде (Пойма ауылында 1 мектептің құрылысы басталды). Сондай-ақ биыл  19 білім беру ұйымының күрделі жөндеу жұмысына қаражат бөлініп, қазан айына дейін 5 нысандағы жұмыс аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған нысандар күрделі жөнделуде.

– Есепті кезеңде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қамтамасыз етілді. Ілкімді істер халық қалаулыларымен және барлық мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Жүйелі әрі жемісті істе әр ауданның, әр белсенді азаматтың қосқан үлесі бар. Алдымызда үлкен саяси науқан тұр. Облыстың дамуы үшін ауқымды міндеттер мен шаруаларды бірге еңсеріп,  жауапты саяси науқанды ұйымшылдықпен өткізуге шақырамын. Ақ Жайық өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету  бағытындағы жұмыс  жалғасын тауып, өңірдің көркеюіне бар күш-жігерімізді жұмсаймыз,  – деді  Ғали Есқалиев.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале