Орал мен Цзиньчжоу бауырлас қалалар атанды. Батыс Қазақстан облысы мен Ляонин провинциясы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды келісімге Шэньян шаһарында өткен халықаралық конференцияда қол қойылды.

Аспанасты еліндегі ауқымды іс-шараға аймақ басшысы Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация арнайы қатысты. 50 мемлекеттің өкілдері бас қосқан жиында Қытайдың ірі өнеркәсіптік орталығы саналатын Ляонин провинциясының әлеуеті таныстырылды.

Конференцияның жалпы отырысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз сөйлеп, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
- Батыс Қазақстан облысы — Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласында жариялаған «Бір белдеу — бір жол» бастамасының маңызды транзиттік торабы. Келіссөздер мен қолдаудың нәтижесінде қытайлық компаниялар сұйық метанол, цемент зауыттары, газтурбиналық және жел электр стансаларын салуға кірісті. Өзге де жоба-жоспарларымыз аз емес. Былтыр БҚО мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1,5 есе өсіп, 175 млн АҚШ долларына жетті. Біз Ляонин провинциясымен инновациялық шешімдер, жасанды интеллект, өңдеу өнеркәсібі саласында инвестициялық байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайынбыз, - деді Нариман Төреғалиев.

Ляонин провинциясына қарасты шаһарлар әлемнің 96 қаласымен бауырлас. Бүгін бұл қатарға Батыс Қазақстан облысының орталығы да қосылды. Орал мен Цзиньчжоу қалаларының басшылығы бауырластық қатынастар орнату туралы ниеттестік хаттамасына қол қойды. Оның аясында тараптар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-спорттық және өзге де маңызды бағыттар бойынша тұрақты байланыс орнатуға уағдаласты.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі