Орал қаласындағы «Жастар» стадионында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және заң мен тәртіп құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Чемпиондық рух» жобасы өтті, деп хабарлайды «Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі
300-ге жуық жас қатысқан іс-шара облыстық «Әділет» партиясының филиалы, «Жастар Рухы» жастар қанаты БҚО филиалының ұйымдастыруымен, БҚО «Мақсат» жоғары медициналық колледжі студенттерінің қатысуымен және БҚО полиция департаментінің қолдауымен өткізілді. Жоба «Заң мен тәртіп – Қазақстан үшін» және «Есірткіге жол жоқ» бастамалары аясында жүзеге асырылуда.
Шараның басты мақсаты – жастарды спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және есірткінің зияны мен заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Қазіргі таңда есірткі қылмысының алдын алу – қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, есірткінің адам денсаулығына келтіретін зияны мен оны заңсыз қолдану және тарату үшін көзделген жауапкершілікті түсіндіру бойынша арнайы мамандар жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Шара барысында қатысушылар Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен кинолог мамандардың жұмысымен танысып, олардың қызметі туралы ақпарат алды. Бұл жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, есірткі қылмысының алдын алудағы полиция қызметінің маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

«Чемпиондық рух» жобасы спорттағы табандылықты, ерік-жігерді және жеңіске деген ұмтылысты насихаттауға бағытталған. Шара барысында қыздар арасында планка, ұлдар арасында қолды бүгіп-жазу және кермеге тартылу секілді спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар белсенділік танытып, өзара бақ сынасты.

Шараға «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған, БҚО полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бағдат Тугелов, БҚО «Мақсат» медициналық колледжінің директоры Мақсот Берген, «Әділет» партиясы жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы Ерлік Шамғалиев қатысып, сөз сөйледі.

Жастарға спорттық мотивация беру мақсатында шараға өз еңбегімен жеңіске жетіп, кейінгі буынға үлгі болып жүрген чемпион спортшылар да шақырылды. Олардың қатарында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының самбодан қола медаль иегері Еркебұлан Нығмет және Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, Әлем кубогінің жеңімпазы, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спортшысы Райана Манарбекова бар.
Қонақтар жастарға спорттағы жетістікке жетудің негізі – тәртіп, тұрақты еңбек, ерік-жігер, жауапкершілік және мақсатқа деген сенім екенін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Чемпиондық рух — бұл тек жеңіс емес. Бұл — күнделікті еңбек, тәртіп, жауапкершілік және өз мақсатыңа адал болу. Нағыз жеңіс адамның өз-өзін жеңуінен, қиындыққа мойымай, алға ұмтылуынан басталады», - деп жастарға мотивациялық ойын жеткізді «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған.
«Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында халық денсаулығын нығайту және өмір сүру сапасын арттыру міндеттері белгіленген. Бағдарламада профилактикалық медицинаны дамыту, аурулардың алдын алу, оңалту жүйесін жетілдіру және халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу мақсаты көзделген. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту және азаматтарды тұрақты дене шынықтыруға тарту маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындалған.
Осы мақсаттарды жастар арасында кеңінен насихаттау үшін шара барысында спорттық белсенділікке де ерекше көңіл бөлінді. Чемпиондар мен қонақтар жастармен бірге таңғы жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстанудың күнделікті өмірдегі маңызын көрсетті. Жаттығуды БҚО «Мақсат» жоғары медициналық колледжінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жүргізді.

Ұйымдастырушылар жастарды есірткі секілді зиянды заттардан аулақ болып, спортты өмір салтына айналдыруға шақырды. Шара соңында қатысушылар «Жайық жастары – есірткісіз қоғамды таңдаймыз!» деген ортақ ұран көтерді.
Мұндай жобалар жастарды бұқаралық спортқа кеңінен тартумен қатар, олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауына, заң мен тәртіпті құрметтеуіне, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауына және белсенді өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді.