12.01.2018, 15:09
Оқылды: 145

Оралда аспан әлемін бақылауға мүмкіндік беретін обсерватория бар

Оралдағы оқушылар және жастар сарайында орналасқан обсерватория облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығына қарайды. Айта кетейік, орталық биыл жаңа ғимаратқа көшірілген болатын.

- Оқушылар және жастар сарайы қалалық білім басқармасына қарайды. Әкімдіктің қолдауымен біз су жаңа ғимаратқа көштік. Техникалық, ғылыми бағытта жұмыс істегендіктен, обсерватория пайдалануға берілді. Бұрын үлкендер обсерватория үшін Алматы, Саратовқа барамыз деуші еді. Қазірдің өзінде елімізде обсерватория аз. Өзім Астана, Алматы, Павлодар қалаларында бар екенін білемін. Обсерваториямыз ғимараттың алтыншы қабатында орналасқан. Мұндағы телескоп арқылы аспан әлемін күндіз-түні бақылауға болады. Сонымен қатар қашықтықтан басқару арқылы ғарыштан сурет түсіруге де мүмкіндік бар. Мұндай дүниеге біздің қолымыз жаңа жетіп жатыр. Ал әлемдік ғалымдар аспан әлемін біздің ғасырға дейін де зерттеп, танып кеткен. Обсерваториядағы телескоптың сан мың мүмкіндігі бар. Ол арқылы түрлі зерттеулер, бақылаулар жүргізуге болады. Біз қазір осы мүмкіндіктердің аз ғана пайызын пайдаланып отырмыз. Себебі бізде осы саланың мамандары жоқ. Болашақтың еншісінде шығар,-дейді облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының директоры Шаймардан Шоңыраев.

Шаймардан Рамазанұлының айтуынша, осы оқу жылынан бастап ғарыш әлемін зерттейтін «Жас астроном» үйірмесі ашылған. Аптасына екі рет өтетін үйірмеде бастапқыда астрономия, күн, жұлдыздар аспаны, галактика сияқты тақырыптар түсіндіріледі. Кейін бала машықтанған соң, макеттер жасауға көшеді. Қазір 4 топта 15 оқушыдан оқиды. Осы үйірме жанынан планетарий мен обсерватория ашылған. Планетарий кабинетінде балалалар аспан әлемі туралы қызықты жаңалықтар мен бейнероликтерді 3D форматта көре алады. Сонымен қатар қаламыздың мектептерінен оқушылар келеді. Ол үшін арнайы ашық есік күні де өткен екен.

- Жалпы орталығымыз екі бағытта жұмыс істейді. Қазір спорттық-техникалық («Авто механик», «Кеме үлгісі» т.б.), құрастырушы техникалық («Радиотехника», «Шебер қолдар», «Фотоөнер» т.б.) бойынша 800-ге жуық оқушы қосымша білім алуда. 56 үйірме жұмыс жасауда. Соңғы үшеуі осы оқу жылында қосылды. Олар – «Жас астроном», «Жас ғарышкер», «Компьютерлік дизайн». Оқушылардың қабілеттері керемет. Жетістіктеріміз өте көп. Жақында 4 оқушымыз командалық сында Алматы қаласында өткен астротурнирден жүлделі үшінші орынды алып келді. Аудандағы техникалық шығармашылық бағыттағы үйірмелермен тығыз байланыстамыз. Республикалық байқауларға іріктегенде, міндетті түрде ауыл-аймақтың балаларын қосамыз.

Жақында оқушыларымыз Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетіне, «Зенит» зауытына, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне, Батвс Қазақстан инженерлік технологиялар университетіне экскурсияға барып келді. Бұл кәсіби бағдарлаудың бір тәсілі десем болады. Оқушыларымыз ғарышкер Айдын Айымбетовпен жүздесті. Бұл да ғылымға әуес балаға үлкен стимул.

Қуантатыны – қарапайым мектепте оқитын балаларымыз үздік университеттерде радиоэлектроника сияқты мамандықтар бойынша білім алуда. Шет елде білім грантын ұтып алған оқушыларыз қаншама?! Біздің орталық ғылымға құштар балалардың жолын ашып жатыр. Ертең-ақ олар мықты маман болып оралады.

Орталыққа келген әр бала уақытын бос өткізбейді, сабағы нашар болса, оны да түзеп алады. Себебі ғылымдар бір-бірімен байланыста екенін түсіне бастайды. Дүниетанымы ашылады. Сөйлеу мәнері қалыптасады. Өмірдің, ғылымның жаңалықтарына үйір болады, - дейді Ш.Рамазанұлы.

Обсерваторияға кез келген адам келіп, ғарыш әлеміне саяхат жасай алады. Оқушылар және жастар сарайы Орал қаласы, Московская көшесі, 18-үй мекен жайында орналасқанын естеріңізге саламыз.

Айта кетейік, оқушылар және жастар сарайында кітапхана, зертхана, көрме және концерт залдары, асхана, жеңіл атлетика залы, мұз айдыны, планетарий, обсерватория, бассейн және басқа орындар бар. Кең залдың бірінде Д.Елеусінов атындағы бокс орталығы орналасқан. Әлеуметтік және спорттық нысан 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға берілді.

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале