15.02.2024, 11:45
Оқылды: 44

Оралда Ауған ардагерлерін құттықтады

Жуырда Оралдағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған жауынгерлерінің ерлігі» атты кездесу кеші өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанындағы мәдени-ағарту бірлестігінің ұйытқы болуымен өткен шараның мақсаты – Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жастарға патриоттық тәрбие бере отырып, қайсар жауынгерлердің ерлігін үлгі ету.

WhatsApp Image 2024-02-13 at 15.25.24

Шараға Ауған жерінде интернационалдық борыштарын өтеген, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ардагерлер – Беркінғали Ғабделов, Анатолий Боровский, Нұрболат Кенжеғалиев, сондай-ақ «АТиСО» академиялық колледжі, Орал гуманитарлық колледжі және Сервис және жаңа технологиялар колледжінің студенттері  қатысты.

Кеш барысында филармонияның фойесінде Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының «Ауған жаңғырығы» атты кітап көрмесі таныстырылып, кітапханадағы жасөспірімдер бөлімінің басшысы Бибігүл Жұмағазиева тақырыпқа шолу жасады. Ал «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер театрының талантты өнерпаздары өлең оқып, «Ауған мұңы», «Я вернусь», «Майдангерлер», «Ауған жыры», «Туған жер», «Атамекен» әндерін орындады.

WhatsApp Image 2024-02-13 at 15.22.30

– Тарих жылнамасында өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Он жылға созылған соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен соғыс жүргізді. Талай сарбаз ерлік жолында мерт болды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне оралмады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінде мәңгі сақталады. Сол себепті интернационалдық парызға адал болған ауғандық ардагерлерді қадірлеп, құрметтеу – сіз бен біздің мәңгі борышымыз, – деді мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Кенжегүл Ахметова. Сондай-ақ ол Орал қаласы мәдениет  және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиевтің атынан Ауған ардагерлеріне құттықтау хат табыстады.

Жиын соңында жаужүрек тұлға, қазақтың «Қара майоры» атанған Ауған соғысының ардагері Борис Керімбаев туралы «Паншер патшасы» деректі фильмі көрсетілді. Фильмде Ауған соғысында әскери тәсілді терең меңгерген қолбасшының өмірі мен ерлігі баяндалды.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале