31.05.2018, 10:13
Оқылды: 68

Оралда бес балалы жалғызбасты әке алаяқтарға алданып қалды

Оқырманның есінде болса, «Орал өңірі» газетінің биылғы жылдың қаңтар айындағы №7 санында «Далаға тастар балам жоқ» атты мақала жарияланған еді. Бұл мақалада отбасын тастап, өзгенің қолынан ұстап кеткен әйел, бес баласын қанатының астына алып, жалғыз қалған Сержан Мұқанов есімді әкенің тірлігі турасында редакция тілшісі Серік Ихсанғали жазған болатын. Жақында Сержан ағамыз редакцияға қоңырау шалып, алаяқтарға оңбай алданғанын айтты.

«Жығылғанға жұдырық» демекші, алды 15-ке, кенжесі үш жасқа толатын балаларын қайтсем жетілдірем деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырылдап жүрген әкенің мұң-мұқтажын біліп, түйткілдің түйінін шешу мақсатында кейіпкеріміздің жұмыс орнына бардық.

– 2016 жылы отбасын асыраймын деп Ресейдің Самара қаласында тұратын ағаммен бірлесіп жұмыс жасадым. Тапқан қаражатымды әлсін-әлсін жанұяма әкеліп беріп тұратынмын. Бір келгенімде әйелімнің менен суына бастағанын байқадым. Ішім бір жамандықты сезгендей, он күннен соң қайта оралдым. Келсем әйелім үш қызымды Сырым ауданында тұратын сіңлісіне апарып, қалғанын үйдегі кәрі әкемнің қасына тастап, өзі тайып тұрыпты. Содан аурулы әкеммен, бес баламен жалғыз қалдым. Бұл әңгімені теледидардан да айттым, газет бетіне де шықты. Сондықтан бүге-шүгесіне тоқталмай-ақ қояйын. Басыма түскен ауыртпалықты естіп, облысымыздағы «Ақжайық», «ТДК-42» телеканалдары арнайы хабар түсіріп, «Орал өңірі» газеті мақала жариялады. Сол кезден бастап жағдайыма қаныққан өңір халқынан көмектер келе бастады. Бірі есеп шотыма қаржы аударса, енді бірі азық-түлік, балаларыма киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттарды алып берді. Сол көмектердің арқасында өткен қыстан қиналмай шықтым. Қолұшын созған барлық жерлестеріме айтар алғысым шексіз, – дейді Сержан.

Сөйтіп, барға қанағат етіп, ел қатарлы күнін көріп жатқан әкенің тыныштығын бір ғана телефон қоңырауы бұзған екен.

– Бір күні Астанадағы Еуразия бірінші телеарнасының, «Пендеміз ғой» бағдарламасынан хабарласты. Жол шығынын өздері өтейтіндерін айтып, ток шоуға қатысуға шақырды. Бес баламды алып, поездбен Астанаға бардым. Бағдарламаға қатыстық. Басымызға түскен жағдайды айттық. Ток шоуға Жеңіс Ысқақова, Бауыржан Исаев сынды өнер жұлдыздары қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Бағдарламаны эфирден мамыр айының 7-сі күні көрсетті. Артынша 14-і күні қайталады. Бар пәле осы күннен басталды. Сол күні бағдарлама көрсетілімі аяқталған соң, ұялы телефоныма біреу қоңырау шалды. Өзін Гүлмира Оспановамын деп таныстырған әйел «Ана мен бала» қорынан екендігін айтты. «Сіздің қиын жағдайыңызды теледидардан көрдік. Біздің қор сізге 750 мың теңге қаражат аударуды ұйғарды. Сіздің атыңызға есепшот ашуымыз керек. Оны ашу үшін сіз бізге 80 000 теңге қаржы аударуыңыз керек» деді. Ертесіне, яғни 15 мамыр күні таңертең қайта қоңырау шалып, «Бізге бір кәсіпкер тағы 200 мың ақша алып келді. Сіз 125 мың теңге аударсаңыз, сіздің есепшотыңызға 950 мың теңге қаражат аударамыз» деп өздерінің есепшот нөмірлерін берді. Мұндай қомақты көмектен кім бас тартқан деп ойладым. Үйде бір қысылыс кіргенде керек болар деп жинап жүрген 25 мың теңгем болатын. Жан ұшырып жұмыс орныма келіп, бастығымнан 100 мың теңге қарыз сұрадым. Өзім «Камал Ойл» құрылыс компаниясында күзетші болып қызмет етемін ғой. Басшым сөзге келместен сұраған қаржымды қолыма ұстатты. Сөйтіп 15 мамыр күні 125 мың теңгені Баймолданова Райхан Жұмахановна деген әйелдің есепшотына аудардым да жібердім. Кейін аталған адам күнде таңертең хабарласатын болды. «Аударған ақшаңыз біздің есепшотқа түспей жатыр. Жақында «Нұр Отан» партиясының адамдары және Зағипа Балиева арнайы барып, жағдайыңызды білетін болды. Сізге Жеңіс Ысқақова мен Бауыржан Исаев 400 мың теңге аударып отыр. Ол үшін сіз бізге 53 мың теңге қаражат салуыңыз керек» деді бір күні. Барып бастығыммен ақылдастым. Ол кісі бұлар дұрыс адамдар еместігін айтып, ешқандай ақша аудармау керектігін ескертті. Сөйтіп арада үш-төрт күн өтті. Аударылатын ақшадан еш хабар жоқ. Сосын 18 мамыр күні облыстық ішкі істер департаментіне барып арыз жаздым. Көп ұзамай қалалық ішкі істер бөлімінен хабарласып, менің арызымның соларға жолданғанын айтып, келуімді өтінді. Полиция бөлімшесіне барып, фамилиясы есімде жоқ, аты Қайырбек деген тергеушіге жолығып, қайта арыз жаздым. Олар бір жағдай анықталса, өздері хабарласатындықтарын айтты. Шыдай алмай 24 мамыр қайта бардым. Әзірге нәтиже жоқтығын айтып, шығарып салды. Кеше хабарласып, нәтиже болмаса БАҚ өкілдеріне хабарласатынымды айттым. Олар әлі де болса күтуімді, журналистерді шақырмауымды өтінді, – дейді кейіпкеріміз.

Жанұясын, көздері мөлдіреген төрт қызы мен жалғыз ұлын тастап кете барған «көкек анадан да» еш қайыр болмай тұр. Кейіпкеріміздің жағдайы дүйім теледидар, газет арқылы жұртқа жария болған соң балалардың анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Одан соң осы жылдың қаңтар, ақпан айларында бар болғаны 5000 теңгеден алимент төлепті. Наурыз, сәуір айларында тағы төлемей, мамырда үш айға 14 000 теңге ғана аударыпты.

IMG_20180530_095251– Бес балаға айына бес мың теңге аударады. Сонда бала басына шаққанда айына мың теңгеден келеді. Маған хабарласып, «Бір балаға айына 1000 теңгені жеткіз» дейді. Ол ақша менің қай жыртығыма жамау болмақ? Ішінен шыққан бауыр еті балаларын тастап кетсе де, «Күміс алқа» иегері ретінде жәрдемақы алады. Ол не үшін беріледі сонда? Ешкім оны үйден қуған жоқ, өз аяғымен кетті. Олай болса, мемлекет неге алиментті күштеп төлетпейді? Заңдылық жағын дұрыс білмегендіктен бұл жайттарды түсіну мен үшін қиын. Ендігі мақсатым – бұрынғы әйелімді заңды түрде аналық құқығынан айырса екен деймін. Денім сау болса, осы балаларды оның көмегінсіз өзім-ақ жетілдіремін, – дейді Сержан.

Күзетші болып жұмыс жасап, қолына алатын 40 мың теңгесі мен халықтан түскен азын-ауық көмекті місе тұтып, балапандарын асырап отырған отағасы осылайша оңбай алданған. Ол алаяқтарға аударған 125 мың теңгені адал термен табуы үшін кемі төрт ай жұмыс жасау керек. Жалғызбасты әке ретінде де ешбір жеңілдік қарастырылмаған. Балалар әзірге каникулда. Күні ертең үш ай демалыс артта қалып, балаларды сабаққа дайындау керек болады.

-125 мың теңге мен үшін көп ақша. Мінезім ашық, адамға сенгіш жанмын. Сол себепті де алданып отырмын ғой. Қасиетті Рамазан айында адамдардың осындай алааяқтыққа баратынын кім ойлаған? Ендігі жерде жергілікті полиция қызметінен көмек күтемін. Мені алдап соққан жандарды тауып, ақшамды қайтарып берсе екен деймін. Полицияға шағымданғанда алаақтардың телефон номерін, аударған қаражатымның түбіртегін, аты-жөндерін толық көрсеттім. Сол деректер бойынша қылмыскерлерді тез анықтайтын болар деп есептегем. Шағымданғаныма 12 күндей уақыт өтті, еш нәтиже болмай тұр,-дейді Сержан.

Кейіпкеріміздің қолындағы ұялы телефоннан тергеушінің» номерін алып, біз де хабарласып көргенбіз.

-Сержан Мұқанов есімді азаматтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іске қатысы болуы мүмкін деген адамдарды анықтау үшін басқа облыстарға сұраныстар жолданды. Бүгінгі таңдағы қолда бар мәліметтерді жария ете алмаймыз. Тергеу аяқталған соң толық ақпарат беретін боламыз, - дейді қалалық ішкі істер басқармасындағы, анықтау бөлімінің қызметкері, полиция лейтенанты Қайырбек Құбаев.

Онсыз да балаларымды қалай жетілдірем деп шақшадай басы шарадай болып жүрген Сержанның бүгінгі халі осындай. Балпандарының амандығын тілеп, Рамазан айында ауыз бекіткен кейіпкеріміздің өкініштен өзегі өртеніп, көзіне жас үйірілгенін көрудің өзі қиын екен. Жергілікті полиция бұл іске оң көз танытып, алданған жанның ақшасын тезірек қайтарып беруге мүдделі болса екен дейміз.

«Жетімін жылатпаған, жісірін қаңғытпаған елміз» деп мақтанып жатамыз. Бұл оқиға екі аяқты адам баласының азғындығында шек жоқтығын тағы бір мәрте дәлелдегендей ме? Қалай өзі?

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»    

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале