Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты ресми түрде басталды.

Ел біріншілігінің ашылу салтанатына БҚО әкімі Нариман Төреғалиев пен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.

Төрт күнге созылатын айтулы додаға еліміздің 17 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаласынан 600-ге жуық спортшы жиналып, 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда.

Шара барысында жақында ғана кадеттер арасында әлем чемпионы атанған Фатима Сұпығалиеваға жаңа пәтердің кілті мен 3 млн теңге, ал оның бапкерлеріне 1 млн теңгеден сыйақы берілді.

Сонымен қатар БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, спорт ардагері Мұрат Тілегеновке 80 жас мерейтойына орай министрдің құттықтау хаты табысталды.

Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz