26.05.2026, 15:00
Оқылды: 10

Оралда ерекше балаларды қолдауға бағытталған кездесу өтті

Жақында Орал қаласында ерекше балаларды қолдауға бағытталған маңызды кездесу өтті.  «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі  ата-аналарға арнап ақпараттық-танымдық басқосу ұйымдастырып, остеопатияның бала денсаулығына әсері мен оның мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндірді. 

DSC05679

Кездесуге остеопат маман Әсел Атауова қатысып, ата-аналарды толғандырған сауалдарға жауап берді.

«Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі ерекше балалар мен олардың ата-аналарына жиырма жылдан астам уақыттан бері қолдау көрсетіп келеді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – ата-аналарға балаларды оңалтудың заманауи тәсілдері туралы ақпарат беру және тәжірибе алмасу. Бірлестік директорының орынбасары Венера Мұсаханованың сөзінше, орталықта тек түзету-педагогикалық жұмыстар ғана емес, балалардың жалпы дамуына ықпал ететін қосымша терапиялық бағыттар да назардан тыс қалмайды.

Дети ДЦП - Мади салык (1)

– Бүгін біз ата-аналармен кездесуге остеопат маманды арнайы шақырдық. Көпшілік бұл саланың мүмкіндіктері туралы толық біле бермейді. Остеопатия – жұмсақ әдістер арқылы баланың денесіндегі бұлшық еттердің қысылуын азайтып, жүйке жүйесінің жұмысын жақсартуға көмектесетін тәсіл. Әрине, бір ғана остеопат барлық мәселені шешеді деуге болмайды.  Бұл – кешенді оңалтудың бір бөлігі. Біздің орталықтағы түзету жұмыстары мен остеопатиялық көмектің нәтижесінде балалардың зейіні, оқу қабілеті, қарым-қатынасы жақсара түседі, – деді ол.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұндай мамандармен кездесулер тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Реабилитологтер,емдік дене шынықтыру нұсқаушылары мен басқа да мамандар ата-аналарға кеңес береді. Дегенмен ерекше балалармен жұмыс істейтін білікті кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселе ретінде қалып отыр. Мәселен, орталықта жетпістен астам балаға бір ғана емдік дене шынықтыру маманы қызмет көрсетеді. Соның салдарынан кезек ұзарып, әр балаға жеткілікті уақыт бөлу қиынға  соғады.

Кездесуде ата-аналар өз тәжірибелерін де бөлісті. Бес жасар Владимир Демченконың анасы баласының дамуындағы оң өзгерістерді дәл осы остеопатиялық емнен кейін байқағанын айтты.

– Бұрын ұлым түнде дұрыс ұйықтамайтын, жиі мазасызданатын. Себебін түсіне алмай, түрлі дәрігерге қаралдық. Кейін тексерулер барысында мойын омыртқасындағы қысылу бар екені анықталды. Остеопатиялық ем алғаннан кейін баламның тілі шыға бастады, жаңа сөздер айтып, зейіні арта түсті. Бұрын байқалмаған рефлекстер пайда болды. Қазір қатарластарын қуып жетуге талпынып келеді. Біз үшін бұл – үлкен үміт, – дейді ол.

Жиын барысында ата-аналар балалар арасындағы сөйлеу тежелісі мәселесін де көтерді. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда екі баланың бірінде сөйлеу дамуының кешеуілдеуі байқалады. Оның себептері түрлі болуы мүмкін, соның ішінде мойын тұсындағы бұлшық еттердің қысылуы  да  әсер  етуі  ықтимал.

Остеопат Әсел Атауова өз сөзінде қазіргі таңда балалар арасындағы даму тежелісі мен неврологиялық мәселелердің көбейіп отырғанын атап өтті.

– Біздің әдістеменің басты мақсаты – аурудың салдарымен емес, оның түпкі себебімен жұмыс істеу. Қазір дамуында кешеуілдеу бар балалар өте көп. Сонымен қатар психоэмоционалдық қиындықтарға тап болатын аналар да аз емес. Сондықтан біз ана мен баланы бірге қарастырып, кешенді қалпына келтіру тәсілдерін қолданамыз, – деді маман.

Маманның айтуынша, ерте анықталған мәселелерді түзету мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Сондықтан ата-аналар баланың дамуындағы кез келген өзгеріске бейжай қарамай, дер кезінде маман кеңесіне  жүгінгені  жөн.

Кездесу соңында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, ерекше балаларды оңалтудың жаңа тәсілдері туралы пайдалы мәліметтермен танысты. Ұйымдастырушылар мұндай ақпараттық кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале