13.02.2020, 16:45
Оқылды: 93

Оралда «Еріктілер академиясы» жұмысын бастады

Орал қалалық білім беру бөлімі жанындағы мектептен тыс жұмыс орталығында осы орталықтың және қалалық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйытқы болуымен «Еріктілер академиясының» ашылу салтанаты өтті.

eriktiler

Дарынды, ерекше оқуды қажет ететін балаларды қолдау, әлеуметтік жауапкершілікке үйрету, ынтымақтастықты дамыту, тәлімгерлерді ынталандыру, жас белсенділерді «Еріктілер академиясына» мүшелікке қабылдау мақсатындағы екі күндік шара «Біз болмасақ, енді кім?» қалалық балалар форумы түрінде ұйымдастырылды. Форумға балалар қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары, халықаралық, республикалық және облыстық интеллектуалдық олимпиадалар мен шығармашылық, спорттық-техникалық конкурстардың жеңімпаздарынан құралған 400 бала қатысты. Сондай-ақ мектептердегі қамқоршылық кеңестерінің мүшелері, қамқоршылар, көп балалы аналар, әлеуметтік педагогтар, тәлімгерлер, шеберлік сыныптарының модераторлары және басқалары қатысып, өзара пікір алмасты.

Қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов Еріктілер жылы шеңберінде атқарылатын жұмыстарды саралап, жиналғандарды «Еріктілер академиясының» ашылуымен құттықтады.

Форум жұмысының екінші күні төрт алаңда мотивациялық кездесу өткізілді. Жас буын өкілдері БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Айгүл Түркинаның, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Ерболат Байбатыровтың, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі, ұстаз, ақын Талап Қуаныштың, «Ана. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Тайманованың шеберлік сағаттарына қатысты. Сондай-ақ Орал қалалық ювинальдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанованың, мектептен тыс жұмыс орталығындағы «Жұлдыз» би студиясының жетекшісі Аягүл Салықованың, стрит-лифтинг бойынша спорт шебері, Азия чемпионы Дастан Бижановтың жетістіктерге жету, сол жолдағы қиындықтармен күрес, өмірдің мәні жөніндегі әңгімелері қызықты болды. Қатысушылар өздерінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауап та алды.

Енді осы айдан бастап еріктілер базасы жасақталмақ. Еріктілер аптасына екі мәрте мектептен тыс жұмыс орталығына келіп, түрлі бағытта дәрістер алып, жылдық жоспар бойынша іс-шара ұйымдастыруға атсалысады. Шараны ұйымдастырушылар «Еріктілер академиясы» жобасына демеуші болған қаладағы «Зәм-зәм» кафесінің басшысы Асхат Ишмұхамбетовке, «Белоруссия тоқыма киімдері» дүкендер желісінің жетекшісі Ардақ Хайыроваға және «Родник» ЖШС-ның директоры Әбдібек Бимендиевке алғыс айтты.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале