14.11.2017, 16:00
Оқылды: 93

Оралда Есенғали Раушановтың шығармашылық кеші өтуде

Оралда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі ақын Есенғали Раушановтың «Еркем, Жайық» атты шығармашылық кеші өтуде. Әдеби шараны Қадыр мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйымдастыруда. Айта кетейік, Есенғали Әбдіжаппарұлы биыл алпыс жасқа толып отыр.

Ақынның кешіне ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қаламгер-журналист Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Светқали Нұржанов, ақтөбелік ақын, Шəкəрім атындағы сыйлықтың иегері Ертай Ашықбаев жəне бір топ алматылық жас ақын келді.

Шарада Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов қонақтарға қош келдің айтып, ақынның иығына шапан жапты.

Сонымен қатар ақын Ақұштап Бақтыгереева батыс жұртшылығы атынан тілегін білдірді.

- Ақжайықта бүгін үлкен той. Өзгелермен шатастыруға, қатар қоюға келмейтін, көп қолжазбаның ішінен өзінің даусымен танылатын Есенғали келіп отыр. Есенғалидың жырларында даланың ботасы, аруанасына, түйенің мінезіне шейін бар. Қазақтың мінезі бар. Оның «Қара бауыр қасқалдағы» неге тұрады. Дүр сілкіндірді. «Құстар біздің досымыз» ше? Онда құстар мінезінен түрлі тағдырды оқисыз. Бұны Есенғали əкелген жанр дер ем. Тал түсің құтты болсын, - деді ол.

Шара өтіп жатқан Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры фойесінде ақынның шығармашылығына арналған көрме жасақталған. Онда ақынның кітаптары, əр жылдары жарық көрген мақалалар, аудармалары топтастырылған. Айта кетейік, өзбек классигі Хамза Ниазидің өлеңдерін өзбек тілінен тікелей аударып, жеке кітап етіп шығарды. Орта ғасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде Есенғали Раушанов тәржімасымен сөйледі.

Айдана Хамидуллина,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале