28.09.2024, 18:58
Оқылды: 152

Оралда Қазақстан офтальмологтар қоғамының көшпелі отырысы өтті

Оралда Қазақстан офтальмологтар қоғамының витреоретинальды патология бойынша сараптамалық кеңесінің отырысы өтті. Қазақстан офтальмологтар қоғамы бұл отырысты Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен және қоғамның Орал қаласындағы (БҚО) филиалымен бірлесіп өткізді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офтальмологы, м.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Тұрсынгүл Ботабекова өңірімізге осы саланың бір топ білікті мамандарын бастап келді.

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.36.47

Сараптамалық Кеңес мүшелері - Қазақстанның офтальмолог дәрігерлері отырыс басталмас бұрын «Uniserv Medical Center» медициналық орталығының жұмысымен танысып, кейін көз ауруы асқынған науқастарды қабылдап, оларға кеңес берді.

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.36.41

- Бүгін осындай тарихи, әдемі қала Оралда Қазақстан офтальмологиясының тарихында алғаш рет Қазақстан офтальмологтар қоғамының көшпелі отырысын өткізгелі отырмыз. Ал Қазақстан офтальмологиясы 90 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офтальмологы ретінде айтарым, біздің келуіміздің басты себебі өңірдегі офтальмологиялық қызметті қолжетімді, түсінікті ету және оның деңгейін арттыру. Облыс аса үлкен емес, халқының саны шамамен 700 мыңдай десек те, 700 мыңдай халыққа небәрі 48 офтальмолог-дәрігер ғана қызмет көрсетеді. Бұл әрине өте аз, қаладағы, аудандардағы емханаларда дәрігерлер жетіспейді. Қалыптасқан жағдайды талдай отырып, бірінші орында кадр тапшылығына, балалар офтальмологиясы қызметінің жоқтығына назар аудардық. Бас офтальмолог ретінде мен үшін қиыны қала тұрғындарының шекаралас жатқан Ресейдің қалаларына емделуге баратыны. Келген уақыттан бері емханаларды араладым, «Uniserv Medical Clinic» емханасында болдым. Үлкен клиника, ең заманауи техникамен, жабдықтармен жабдықталған, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында да қызмет көрсетеді. Біріншіден, облыс басшылығымен, денсаулық сақтау басқармасының басшысымен кездесу барысында ең алдымен бірінші звено - емханаларды кадрмен қамтамасыз ету қажет екені туралы айттым, өйткені емханаларға тұрғындар барады. Екіншіден, емханаларды базалық тексеру үшін қажетті деген техникалық жабдықтармен жабдықтау, үшіншіден, облыстық офтальмологиялық орталықты техникалық жабдықтау немесе қазіргі таңда жабдықталған клиникаларды МӘМС аясында қамтамасыз ету қажеттігі жөнінде айттым. Себебі офтальмологиялық қызмет қолжетімді болуы керек және өңір тұрғындары қайда барамын деп баратын жер іздемеу керек, - деді Тұрсынгүл Ботабекова.

Қазақстан офтальмологтар қоғамының Сараптамалық Кеңес отырысын еліміздің бас офтальмологы Тұрсынгүл Ботабекова ашып, батыс өңіріне келген мақсаты - саланың жергілікті мамандарына көмек көрсету, білім беру, тәжірибе алмасу екенін айтып өтіп, өзімен бірге келген тәжірибесі мол, білікті, кәсіби мамандарды таныстырды.

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.36.44

Шараға БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Утешев қатысып, қатысушыларға отырыстың сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

- Отырысқа қатысушылар мен Жайық өңіріне келген әріптес қонақтар, сіздерді бастап келіп отырған Тұрсынгүл Көпжасарқызы, қош келдіңіздер! Біздің өңірімізде көптен осындай жиын болған жоқ. Бүгінгі шараның республика көлемінде офтальмология саласында қандай жетістіктер мен жаңалықтар бар, өңіріміздегі саланы дамыту жолдары қандай деген мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап алып, жас мамандарды тәрбиелеуде пайдасы мол деп сенемін, - деді Мадияр Утешев.

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.46.25

«Uniserv Medical Center» көпсалалы клиникасының офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі, көз дәрігері Әсел Мұқанбетқалиева өз сөзінде Қазақстан офтальмологтар қоғамының витреоретинальды патология бойынша сараптамалық кеңесінің отырысы дәл осындай форматта алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген офтальмолог дәрігерлер отырыс барысында витреоретинальды интерфейс патологиясының, диагностиканың, витреоретинальды хирургияның (ВРХ) өзекті мәселелерін, күрделі жағдайлар мен клиникалық талдауларды талқылайтынын айтты.

- Витреоретинальды патология – медицинадағы күрделі және жоғары технологиялық саланың бірі. Витреоретинальды патология аурулары көбінесе асқынуларға, соқырлыққа және көру қабілетінің нашарлауына әкеледі. Витреоретинальды патология – бұл көздің артқы бөлігіндегі күрделі асқынулар, торлы қабықтың бөлінуі, диабеттік асқынулар, көз жарақаттарының асқынулары, олар көбінесе көру қабілетінің тұрақты жоғалуына, мүгедектікке және көру қабілетінің нашарлауына әкеледі. Сондықтан да бұл әлеуметтік маңызды аурулар қатарына жатады, - деп баса назар аударды Әсел Мұқанбетқалиева.

Альфия Шамаева,

zhaikpress.kz

Фото: Дастан Жарасұлы

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.36.17 (1)

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.36.19

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.36.48

WhatsApp Image 2024-09-28 at 19.36.46

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале