20.11.2019, 22:04
Оқылды: 121

Оралда "Қазбат" көркем фильмі көрсетілді

Бүгін Оралда шынайы оқиғаларға негізделген "Қазбат" көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

IMG-20191120-WA0092-800x533
Туындыда 1995 жылы көктемде Тәжікстанда болған қақтығыста Қазақстан Республикасының бітімгерлік миссия атқаруы кезіндегі оқиғалар суреттеледі. Онда Ұлттық ұлан әскерилерінің ерлігі мен жанқиярлығы шынайы көрсетілген.
1995 жылғы 7 сәуірде ҚР Ішкі әскерінің 7-ші жиынтық ротасы Пшихавр шатқалында торуылға тап болып, іргелес жақтың содырларымен ұрысқа түседі. Сол ұрыста 17 жауынгер қаза тауып, 33-і жараланады. Ауғанстан жақтан шабуыл жасаған Тәжікстандағы заңсыз оппозицияның содырлары бір сағат ішінде Тәжікстан аумағына кіруді ойлаған. Бірақ күшті қарсылыққа тап болып, бес сағатқа созылған ауыр ұрыстан соң артқа шегінеді. Бұл ұрыста батысқазақстандық жауынгер, ҚР ІІМ ішкі әскерінің сержанты Радик Каймульдиев те ерлікпен қаза тапты. ҚР Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қаза тапқан 17 жауынгердің бесеуі ll дәрежелі "Айбын" орденімен, он екісі "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен наградталды. Жауынгерлердің барлығы Ресейдің l дәрежелі "За отличие в службе" медалімен наградталды. Жерлесіміз Радик Каймульдиев те қаза тапқан соң ll дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
Фильм идеясының авторы - ҚР Ұлттық ұланының бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов. Режиссеры - Асқар Ұзабаев, бас қоюшы-оператор Максим Задорновский. Фильмде талантты актерлер Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков бастаған жас әртістер ойнайды.

IMG-20191120-WA0091-800x600
Көркем фильм ертеңнен бастап еліміздегі барлық кинотеатрда көрсетіледі. Ал телевизиялық нұсқасы алдағы жылы 7 сәуір күні тәжік-ауған шекарасында болған оқиғаның 25 жылдығына орай "Qazaqstan" телеарнасында көрсетіледі.
Шекара шебінде жүрген жас сарбаздардың отаншыл рухы, жанқиярлық ерлігі шынайы суреттелген көркем фильмді жайбарақат қарау мүмкін емес.
"Батыс" өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Б.Алазов Радик Каймульдиновтың туыстарына естелік сыйлықтар табыс етті.

Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале