29.10.2023, 11:53
Оқылды: 245

Оралда кеншілер рухына Құран бағышталды

Бүгін Орал қаласындағы «Ар-Рахман» орталық мешітінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты Костенко шахтасында орын алған жарылыстан зардап шеккендердің рухына Құран бағышталды. Осы шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов, облыс имамдары және аталған мешіт жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

IMG_6138

– Қалың бұқараның қабырғасын қайыстырған Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға орай 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Алла Тағала құрбан болғандардың ұрпағына көркем сабырлық берсін. Науқастанып жатқандарға шипа дарысын. Амандық-саулық, тыныштық тілеп, Құран бағыштадық. Дұғамыз қабыл болып, жамандық атаулыдан алыс жүрейік, – деді «Ар-Рахман» мешітінің найб-имамы Наурыз Құбаев.

IMG-20231029-WA0010
28 қазан күні сағат 02:33-те болған жарылыс бірнеше кеншінің өмірін жалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес апаттың себеп-салдарын анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

IMG-20231029-WA0011
– Өмірден өткен кеншілерге Алла Тағаланың мейірімін, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың шапағатын тілейміз. Ел үшін, жанұясы үшін адал қызмет етіп жүріп опат болғандар қашанда есімізде. Қасиетті Құран Кәрімнің 604 беті түгел оқылатын болады. Жаудан, тіл-көзден, пәле-жаладан және ауру-сырқаудан аман болайық, - деді «Ар-Рахман» мешітінің жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі Махамбет Ықсанғали.

IMG_6136

Egemen.kz-те жарияланған мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта 35 адамның мәйіті табылып, оның 29-ы жер астынан шығарылған. 11 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале