Орал қаласында конфессияаралық келісімді нығайту мен діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған YNTYMAQ комьюнити орталығы пайдалануға берілді. Оның ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Жаңа алаңда дін саласындағы мәселелер «бір терезе» қағидаты бойынша қарастырылады.


Басты мақсат – өңірдегі діни бірлестіктер арасындағы сындарлы байланысты нығайтып, деструктивті идеологияларға қарсы тұрудың заманауи тетіктерін жетілдіру. Мұнда азаматтарға заңгерлік және теологиялық кеңестер беріліп, конфессия өкілдерінің басын қосатын ашық диалог алаңы жұмыс істейді. Сондай-ақ, мамандар өңірдегі діни ахуалға кешенді талдау мен мониторинг жүргізеді.


Мекеме директоры Мейрамбек Кабдоллин аймақ басшысына өңірдегі діни ахуалды зерделеуге арналған YNTYMAQ BQO мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл цифрлық жүйе 6 негізгі бағытты, атап айтқанда ақпараттық алдын алу хабы, «All жауап беруші» чат-боты, «Стоп радикализм» айдары, «ДінГИС» картасы, жедел желі және «Кибер қорған» секторларын қамтиды.
Қазіргі таңда орталықта 24 маман тұрақты жұмыс істейді. Олар «Киберқадағалау» жүйесі арқылы интернет кеңістігіндегі күмәнді сайттар мен теріс бағыттағы жарияланымдарды бұғаттау тетіктерін іс жүзінде көрсетті. Мұндай технологиялық шешімдер ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге және деструктивті ағымдардың алдын алуға бағытталған. Бұл қадам өңірдегі рухани тұрақтылық пен конфессияаралық татулықты сақтауда маңызды рөл атқарады.
Орталық қызметімен танысқан облыс әкімі мұндай алаңның маңызын атап өтті.
- Өңір халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жолындағы саясатына біртұтас ұлт ретінде сенімді тірек болып келеді. Ал, дінаралық және конфессияаралық келісім мен татулық – басты құндылықтардың бірі. Бұл бағыттағы кешенді шаралар жалғаса береді, - деді Нариман Төреғалиев.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі