19.10.2017, 10:02
Оқылды: 131

Оралда құтқарушылар күніне орай мерекелік шара өтті

Орал қаласындағы жаңа алаңда «Құтқарушылар күніне» орай мерекелік шара өтті.

Айтулы шараға қатысушылардың назарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мамандарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Сонымен қатар шарада «Орал қалалық газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі» студенттері флешмоб өткізіп, өрт, авариялық - құтқару техникаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Мерекеге жиналғандарды Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғаныс майоры Назарали Селимов құттықтады.

- Кез келген сәтте адамдарға көмекке келуге дайын болатын еліміздің құтқарушылары мен өрт сөндірушілерінің ел амандығы мен қауіпсіздігінің күзетінде тұрғанына, міне, 22 жыл толды. Құтқарушы – бұл мамандық қана емес! Бұл үнемі жанқиярлық пен ерлікке әзір тұратын өмір салты. Тек батыл, ержүрек, және табанды адамдар ғана құтқарушы мамандығын таңдайды. Сіздерді бәріміздің ортақ мерекеміз – Құтқарушылар күнімен құттықтаймын!-деді Өрт сөндіру қызметінің бастығы Н. Селимов.

Сондай-ақ шара барысында сала мамандары қиын да жауапты жұмыс барысындағы кездескен кедергілер мен бастан кешкен қызықты жайттар туралы әңгімеледі.

Мамандар өңіріміздің жас жеткіншектерін құтқарушы мамандығын игеруге үгіттеп, ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуге шақырды.

Жаңа алаңдағы мерекеге жиналған халық өрт, авариялық-құтқару техникаларының көрмесін тамашалап, төтеншеліктердің арнайы техникаларымен танысып, құрал-жабдықтарын қолдарына ұстап көрді. Ал, ержүрек қала тұрғындары автокран арқылы көп қабатты үйлердің 7-9 қабаттарына дейін көтеріліп, құтқарушылардың күнделікті қиын қызметін шынайы сезінуге мүмкіндік алды.

         Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале