Бүгін Орал қаласындағы М.Ихсанов көшесінде жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мерекелік жәрмеңкесі өтті. Бұл игі шара қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерін ұсынуға бағытталды.

Жәрмеңкеге Теректі, Бөрлі, Тасқала және Бәйтерек аудандарынан келген шаруа қожалықтары мен өңірдің басқа да тауар өндірушілері қатысты. Олар өз өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыларға ұсыну арқылы тиімді бағада сауда жүргізді. Сауда сөрелерінде ет және сүт өнімдері, жаңа піскен көкөністер, шұжық өнімдері, жұмыртқа, балық және өзге де азық-түлік түрлері кең ассортиментте ұсынылды.

Сондай-ақ Сырым ауданынан келген “Бекжан” шаруа қожалығы да өз ет өнімдерін осы жәрмеңкеде ұсынып отыр. “Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарына табиғи, сапалы ет өнімдерін қолжетімді бағамен жеткізу”, – деді Ернаров Нұржан.

Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары да өз пікірлерімен бөлісті. Зейнет жасындағы Роза апа: “Бұл жер шынымен де өте ыңғайлы. Әр жұма сайын осында келіп, өзімізге қажетті азық-түлікті тиімді бағамен сатып аламыз. Өнімдердің сапасы жақсы. Әсіресе ет пен сүт өнімдерінің бағасы қолжетімді. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса, халыққа үлкен көмек болар еді”, – деп өз ризашылығын білдірді.

Мұндай жәрмеңкелердің басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, халықты сапалы өнімдермен қамтамасыз ету және жергілікті өндірушілерді қолдау. Сонымен қатар, бұл бастама ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өндірушілерге өз өнімдерін нарыққа тікелей шығаруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасына сәйкес, осындай жәрмеңкелер апта сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын алдағы жәрмеңкелерге белсенді қатысуға шақырады.

Айта кету керек, мұндай шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, сондай-ақ отандық өнімге деген сұранысты арттыруға оң ықпал етеді.

Бекзат Қанәділ
Суретке түсірген автор
zhaikpress.kz