26.08.2020, 18:33
Оқылды: 156

Оралда педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Бүгін облыс әкімдігінің Нұр Сұлтан залында «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған ауқымды шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев, сондай-ақ zoom байланысы арқылы аудан әкімдері мен білім беру бөлімдерінің басшылары қатысты.

8ABFC4EB-20D1-4E3C-B263-B7140B985CCF

-Бірнеше күннен кейін барлық білім ошақтарында жаңа оқу жылы басталады. Биыл бірінші сынып табалдырығын 12 мыңнан астам бүлдіршін аттайды. Биылғы оқу жылында облыс педагогтерінің қатары 300-ге жуық жас маманмен толықты. Олардың басым бөлігі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті мен Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің түлектері. Ұстаз деген қасиетті мамандықтың иесі атанған жас мамандарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеймін. Осы ретте, білім саласында 40 жылға жуық еңбек етіп, биыл ғана зейнеткерлікке шыққан ұстаздарымызды ерекше атап өткім келеді. Олар Орал қаласының Орал қаласының №41 лицейінің директоры Валиса Ықсанова, №14 мектептің директоры Тамара Рудич, Казталов ауданы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмаржан Хайбуллина, Орал политехникалық колледжінің өндіріс шебері Виктор Неводов және тағы басқалары бар. Қазір облыста коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатқанымен, қауіп әлі де сейіле қойған жоқ. Қауіпті індет жұмыс тәртібімізге, қоғамдық өмірдің барлық саласына елеулі өзгерістер алып келді. Шынтуайтына келсек, өткен оқу жылында қашықтықтан оқыту форматына оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар дайын болмады. Осындай қиын жағдайда жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыра білген педагогтерге, түсіністікпен қараған ата-аналарға алғыс айтамыз. Сондай-ақ биыл облыс әкімдігі тарапынан  түлектерге 100 білім гранты бөлінді. Бүгінгі таңда 50 грант өз иесін тапты. Аталған гранттардың 37-сі медициналық мамандық бойынша болса, тоғыз грант педагогикалық және төртеуі теология саласы бойынша берілді. Еліміздегі мектептер толығымен жаңартылған мазмұнға көшті, колледждерді жаңғырту жобасы іске асырыла бастады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл 4,5 млрд. теңгеге Орал қаласы мен аудандардың 33 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар 8 млрд. теңге қаражатқа алты мектептің құрылысы жүргізілуде. Өңірімізде үш ауысымдық жеті мектеп болса, жеті мектеп апаттық жағдайда тұр. Апатты мектептердің мәселесі мен үш ауысымдылықты жою мақсатында ел қазынасынан тиісті қаражаттар бөлінді. Аталмыш қаржыға апатты жағдайдағы екі  мектептің, үш ауысымды бес мектептің мәселесі шешілетін болады,- деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.

4D591181-FC74-4CF7-8B71-3023236DEE1C

Сондай-ақ облыс әкімі білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігіне ерекше тоқталды. Бүгінде облыстағы барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау жүйесімен қамтылып, санитарлық талаптарға сәйкес жағдайлар жасалуда. Нақтырақ айтсақ, 310 млн. теңгеге мектепішілік 139 дәретхана салынса, 206 млн. теңгеге бейнебақылау орнатылған. 

C28701B8-D1BE-47F8-B232-55622CC933EF

Бұл саладағы өзекті мәселенің бірі – мектеп оқушыларының жолдағы қауіпсіздігі болатын. Осы орайда Орал қаласының  магистральды көшелеріне 4 мыңға жуық жарық шам, сегіз қауіпті қиылысқа бағдаршам орнатылған. Жыл соңына дейін жалпы 15 мың жарық шам ауыстырылмақ. 62 жаяу жүргінші жолын жарықтандыру жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ. Ал шаһардағы жалпы орта білім беретін 20 мектептің маңына бағдаршам  құрылғылары мен жаяу жүргінші жолағы орналастырылған. Аталмыш жұмыстар аудан-ауылдарда да жүзеге асуда. A353F521-2F30-4A89-9FED-318C4D12B795

Тамыз кеңесі барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев педагогтардың назарын бірқатар маңызды мәселелерге аударды.

Оның айтуынша, елімізде бала өлімі, олардың жарақаттануы, балалар арасындағы мүгедектік, балаларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтар жыл сайын өсіп келеді. Жасөспірімдердің суицидке бару оқиғалары да 7 пайызға артқан. Түрлі гаджеттерді бақылаусыз қарау балалардың кибербуллингке және электронды кеңістіктегі алаяқтыққа ұрынуына алып келуде. Сондай-ақ бүгінде ата-ана жауапкершілігінің төмендеуі, балалардың алдында өз міндеттерін дұрыс орындамауы жиі көрініс табуда. Балалар құқығын қорғау комитетінің бастамасымен балалар құқығына қатысты ұлттық заңнамаға 83 түзету енгізілген. Енді педагогтар ғана емес, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау мамандары да балалар жасаған я оларға қатысты жасалған заңбұзушылықтарды құқық қорғау органдарына шұғыл жеткізіп отыруға міндетті.

Жиында М.Өтемісов атындағы БҚУ ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Серғалиев «Жоғары оқу орындарында педагогикалық кадрларды дайындау: жаңа жағдай және жаңа талаптар» тақырыбында баяндама жасаса,  Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахишева қашықтан оқытудағы жаңа мүмкіндіктер туралы айтты. Ал орта білім ұйымдарындағы қашықтан оқыту жүйесінің әдіс-тәсілдері, оқыту форматы туралы «Bilim Media Group» ЖШС-ның атқарушы директоры Санжан Кенжеханұлы баяндады.

Сондай-ақ тамыз кеңесі барысында облыстың үздік ұстаздары мен үздік білім ошақтары марапатталды. Айта кетсек, «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық байқауының жеңімпазы деп Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейі танылып, арнайы диплом мен 34 млн. теңгенің сертификатына ие болды. Ал мектепке дейінгі ұйымдардың «Үздік педагогі» байқауының жеңімпазы Теректі ауданындағы «Бөбекжай» бөбекжайының әдіскері Ризвангүл Құспанова  болса, орта білім беретін ұйымдар арасындағы «Үздік педагог» облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған №11 С.Сейфуллин атындағы қазақ мектеп интернат кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақерке Байжиенова атанды. Сонымен қоса бірқатар тәжірибелі ұстаздар Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале