10.09.2024, 11:30
Оқылды: 161

Оралда референдумға дайындық пысықталды

БҚО аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен алдағы референдумға дайындық мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Оған аудандық және Орал қалалық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

25257D89-981B-4271-A3CB-242E5287D225

Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі жалпы­ұлттық референдум арқылы шешілетін болады. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 6 қазанда Республикалық референдум өткізу тағайындалды. Республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайды, референдумды дайындауды және өткізуді ұйымдастырады.

– Республикалық референдум, бұл – еліміздің даму сатысындағы маңызды мәселелер бойынша өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру.  АЭС салу немесе оны салудан бас тарту – еліміздің болашағына қатысты өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, жалпы-халықтық референдум – кең, ауқымды жалпыұлттық диалогтың та­ғы бір көрінісі және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болмақ, – деді жиынды ашқан БҚО аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов.

Саяси маңызды шараны өткізуге байланысты жақында аумақтық референдум комиссиясының отырысы өткі­зіліп, күнтізбелік жоспар бе­кітілді. Қазіргі кезде облысымызда 681 сайлау комис-сиясы (14 АСК – 98 мүше, 171 ОСК –  855 мүше, 496 УСК – 3122 мү­ше) болса, референдумда соның 510-ы, яғни құрамында 3220 комиссия мүшесі бар 14 аумақтық референдум комиссиясы (98 адам) және 496 учаскелік референдум комиссиясы (3122 адам) жұмыс  істемек. Барлық референдум комиссияларындағы бос  орындар тамыз айының соңында мәслихат сессияларында жабылды. Сонымен қатар Орал қаласында 5 жаңа сайлау учаскесі құрылып, ол учаскелерде комиссия мүшелері жасақталды. Облыс референдум өткізуге дайын.

Ә.Жоламановтың айтуынша, комиссия мүшелерін оқыту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Биылғы  31 шілде – 3 тамыз аралығында Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен облыстық аумақтық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының 7 мүшесі Астана қаласында оқыту семи-нарына қатысты. Сәйкесінше, семинарға қатысқан тренерлер барлық аудан мен Орал қаласының комиссия мүшелерін оқытуды жүзеге асырады. Осылайша, барлық комиссия мүшелерін оқыту жоспарлануда. Бүгінде жергілікті атқарушы құрылымдар референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімін нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Учаскелік референдум комис­сияларын материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері де шешімін табуда. Өңірде референдум өткізуге 636 млн теңге бөлінді, бұл қаржының дені референдум комиссияларының мүшелері­нің еңбекақысын төлеуге жұмсалады.

Семинар кеңесте «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер тақырыбында БҚО АРК мүшесі Мағрипа Нигишева баяндама жасады. Тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шаралары туралы БҚО АРК хатшысы Жасұлан Нұрғожин әңгімеледі. Референдум алдындағы үгіт жұмыстары туралы БҚО АРК мүшесі Асыланбек Ғұбашев тарқатып айтып берді.

Семинар кеңесте аудандар мен Орал қаласы аумақтық және учаскелік референдум комиссия мүшелерін оқыту мәселелері қаралды. Соңынан аудандық және қалалық референдум комиссия мүшелерінің қызметін тұрақты әрі кәсіби негізде атқаратындар арнайы тест тапсырды.

Шараны қорытындылаған БҚО АРК төрағасы әріптестерге бірқатар нақты тапсырма берді.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале