10.05.2024, 11:00
Оқылды: 84

Оралда «Сабаз» деректі драмасының премьерасы өтті

А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрда «Сабаз» деректі драмасының премьерасы өтті. Ең әуелі баспасөз мәслихатында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов драма ерекшелігі туралы айтты. Театр директоры спектакльдың Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызыл Жұлдыз және III дәрежелі Даңқ орденінің, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Сабаз Арыстановтың өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында сахналанып жатқанын жеткізді.

сабаз (2)

– Пьесаның авторы – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлиева. Режиссері – «Өнертану» ғылымдарының магистрі Алмат Шарипов. Ал қоюшы суретшісі – «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мамбетов. Бұл қойылым облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен сахналанып отыр. Премьераға зиялы қауым өкілдері мен Сабаз ағамыздың ұрпақтары, сонымен қатар «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» вице-президенті, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан, театртанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, «Өнертану» ғылымдарының магистрі Айзат Қыдыралиева қатысуда, – деді Нұржан Қадержанұлы. Өз кезегінде басқа да спикерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына толыққанды жауап қатты. Содан соң Мира Шүйіншәлиеваның Алматы қаласындағы «Қазақ кітабы» баспасынан жарыққа шыққан «Сабаз» кітабының тұсауы кесілді.

сабаз (1)
– Кітап пышақтың қырындай болғанмен, оның ішінде ардагер Сабаздың өшпес ерліктері бар. Пьесаның Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында сахналанып жатқанына қуаныштымын. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымына алғысым шексіз. Жалпы соғыс тақырыбында бұрын да қалам тербегенмін. Алғаш рет Сабаз ата жайында 2000 жылы «Жайық үні» газетіне шағын мақала жаздым. Сол кезде жауынгердің өмірі мені қатты толғандырған еді. Соның да әсері болған шығар, бүгін, міне, Сабаз ата ерліктері кітапқа, спектакльге айналып отыр. Біз – Сабаздай сарбаздардың арқасында тыныштық туын желбіреткен бақытты ұрпақпыз. Сондықтан елінің еркіндігі үшін жанын пида етіп, белін бекем буып, титтей қос құлынын жан-жарына аманаттап, қан майданға атойлап аттанған Сабаз Арыстановтың ерлігін ұлықтауды парыз санадым, – деді Мира Хамзақызы. Мазмұны терең, мағынасы зор, көпшілік оқырманға арналған кітаптың тұсауын Теректі ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Хамидолла Ғайсин мен Сабаз Арыстановтың қызы Әлия Сабазқызы кесті. Бұдан кейін театрсүйер қауым жаңа қойылымды тамашалады.сабаз (5)
– Спектакльде әкемнің өмір жолын көрсету арқылы соғыс бейнесі ашылады. Бұл қойылымда сағыныш та, махаббат та, ыза да бар. Алдағы уақытта басқа да соғыс ардагерлерінің ерліктері зерттелуі керек деген ойдамын. 2015 жылы 7 ақпан күні «Подвиг народа» сайтынан әкем туралы тың деректерді таптым. Оның аты-жөні Сабаз Арыстанов емес, Сабоз Аристанов деп жазылған екен, – деді Әлия Сабазқызы.

Қойылым екі кеңістікте өрбиді. Бірінде соғыс картиналары көрініс тапса, бірінде әкесі жайлы шындықты аласұра іздеген Әлия бейнеленеді. Әлия «қара қағаздың» не үшін келгенін, Орал қаласындағы Жеңіс алаңында шайқаста мерт болғандар қатарында Сабаз есімінің не себепті жазулы тұрғанын білгісі келеді. Себебі жауынгер Сабаз соғыстан үйіне дін аман оралған. Осы ізденіс арқылы ол әкесінің ерлік істері жайында оқиды, тың мағлұматтарға кездеседі, құжаттарды табады. Қойылымдағы бір ғана сарбаз өмірі бірнеше тақырыпты қозғаған.

сабаз (3)
«Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?». Көрнекті қаламгер Сырбай Мәуленовтің сөзіне жазылған ән жақынын сағынған жанның образын, соғыс психологиясын аша түскендей. Қысқасы, осы бір деректі драмадан көрермендер өзіне керегін тапқандай әсер қалдырды. Спектакль аяқталған соң өнер иелеріне өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің ықылас гүлі табыс етілді.

сабаз (7)
– Бұл спектакль – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Нақты деректер қамтылған. Ешкім де ұмытылмайды. Ардагерлеріміздің іздеушісі бар. Бұл қойылымның театр репертуарына енгізіліп, алдағы уақытта талай рет көрермен назарына ұсынылатынына сенемін. Рөлдерді жоғары деңгейде сомдап шыққан белгілі театр майталмандары Сердеш Қажымұратов пен Гүлжиян Шынтемірге және Ринат Сабырғалиев, Назгүл Батанова, Самал Иманғалиева, Жадыра Бектембаева, Аманжол Сатқанбаев сынды Хадиша театрының әртістеріне мың рақмет! Шығармашылық ұжымға ризамыз, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуанышбек Мұқанғалиев. Өз кезегінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов пьеса ауторы мен театр ұжымына толағай табыс тіледі.

сабаз (6)
Айта кетейік, Сабаз Арыстанов 1911 жылы бұрынғы Ақжайық ауданы Аңқаты маңындағы Ақмешіт ауылында жарық дүниеге көрінген. 1942 жылы майданға аттанған. Мира Хамзақызының мәлімдеуінше, батыр кескілескен соғыста ауыр жарақат алған. 285-атқыштар дивизиясындағы екінші минометтік ротаның бөлім командирі, сержанты болған. Ақ Жайығына 1946 жылы аман оралған.

InShot_20240510_184933105
Сұрапыл соғыс суреттелген «Сабаз» кітабында: «Туған топырағына табаны тиген Сабаз батыр енді қарудың орнына қолына ұзын сапты күрек ұстайды. Сөйтіп, ауылдың тыныс-тіршілігіне, қарапайым шаруаға белсене кіріседі. Майданға кеткенде күтімсіз күй кешіп, өкпесі сыздап өмірден өткен асыл жары Әзипаның қайғысына да қамығады. Жетім ботадай жәудіреп жүрген титтей ұлы Амангелді мен қызы Марияның болашағы, қос құлынның ертеңгі тағдыры Сабазды біраз титықтатады. 1948 жылы ауылдың қарапайым қызы Үнзилаға үйленеді. Ағайын-туыстың ақ батасымен отау құрған ерлі-зайыптыдан 11 ұрпақ өрбиді. Өкінішке орай, тұңғыштары Әбілқайыр кішкентайында көз жұмса, одан соң Ақкенже, Талғат, Мерхат деген балаларын да қара жерге тапсырады. Өмір-өзен жалғасады. «Орнында бар оңалар» дегендей, көз алданыштары Ғалия, Набия, Әубәкір, Жаңыл, Сұңғат, Махмут және 1971 жылы Әлия жарық сәулеге шыр етіп келіп, жүректерін жылытады» делінген...

сабаз (4)

Сондай-ақ жаңа жинақта соғыс ардагеріне қатысты құжат көшірмелері, фотосуреттер қоса берілген.

Марлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале