22.03.2018, 14:50
Оқылды: 144

Оралда шеберлер жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылмақ (ФОТО)

nauruz (27)Наурыздың 22-сі күні Достық үйі алдында  қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Өз өнерін кәсіпке айналдырған отызға тарта оралдық көрмеге қолдан жасалған бұйымдарын қойды. Оның ішінде ұлттық киім, тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқ, әшекейлер мен кәдесыйлар және сәндік бұйымдар болды. Жәрмеңкені облыстық туризм және сыртқы  байланыстар басқармасы ұйымдастырды. Көрме салт-дәстүрді жаңғырту, орта және шағын бизнес өкілдерін қолдау мақсатында өткізілді.

– Көрмеге бесіктер мен шағын үстелдерді және Құран оқуға арналған тұғырды саттыққа әкелдім. Кәсібімді бастағанына жеті жыл болды. Өндіріс орнымыз «Шебер» базарында орналасқан. Қарауымда жеті адам жұмыс жасайды. Ағаштан  ұлттық бұйымдарды жасаймыз. Жиналмалы бесіктерді көтерме сауда бағасымен сатып алып жатады, – деді оралдық кәсіпкер Нұрділдә Алсеуов.

Шеберлер жәрмеңкесіне алғаш қатысқан Гүлсая Бақыт фетрдан жасалған қыздарға арналған сәндік бұйымдар мен әшекейлі сөмкелерді көрмеге қойыпты. Ол биыл мемлекеттік бағдарлама аясында Орал «Сервис» технологиялық колледжінде үш ай тігін курсын оқыған. Қалалық жұмысен қамту орталығы ұсынған жұмыс орнының жалақысы аз  болған соң, өз кәсібін бастауға бел буыпты. Өзі бұрыннан ісмерлікке үйір екен. Тігін курсынан көйлек тігуді де үйреніпті. Гүлсаяның көрмеге қойған бұйымдарын сатып алушылар табылды. Ол кәсіп жолындағы алғашқы табысын осы жәрмеңкеден түсірді.

Шебердің бірі Елена Полищук балдан жасалған, түрлі мүсін кейпіндегі шағын балауыздарын әкеліпті. Бояу жағылмаған,қоспасыз жасалған балауыздар жағылған соң, қалдығын өсімдік майын араластырып, емге пайдалануға болады. Елена түрлі-түсті көздің жауын алатын фарфор шамдарды да саттыққа қойыпты. Жәрмеңкеден басқа да бұйымдар саудаланды. Бір шебер жылқының қылынан өрілген қамшыны жасап әкеліпті. Құнын 10 мың теңгеге бағалапты.

«Достық ауылының» екінші қанатына қаладағы этномәдени орталықтардың көрмелері де орналасты. Өзге этнос өкілдері ұлттық тағамдар мен этнографиялық және діни кітаптарын қоса ұсынды. Қолөнер шеберлері жәрмеңкесінде жасөпірімдер арасында күш сынасу, асық ату және тоғыз құмалақ ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкені ай сайын ұйымдастыру жоспарлануда. Келушілерге анкеталар таратылып, өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік жасалған. Келесі жәрмеңкеге еліміздің Алматы қаласы мен Ресейдің көршілес Самар облысынан қолөнер шеберлерін шақыру ойластырылуда.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

babf778c-e3b9-40b4-8ecb-5880bc3b0636 c3dc5dd5-4d12-4de4-a26d-8afb25b6209e dcbb70c5-ef0a-4728-b119-093951c6bb2f fea5ad89-0efa-4d9e-8501-a2d1b0a0de7a 3d1dc1c2-003a-4182-b31f-314311d00341 9fa2ed08-6bd4-4a9c-bebf-5ebfe7666e38 2482bbf8-6754-423a-ab55-4217091d6091

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале