10.12.2020, 19:02
Оқылды: 78

Оралда стадион мемлекет меншігіне қайтарылмақ

Облыс орталығындағы «Жастар» стадионында қыс түскелі жаппай сырғанау ұйымдастырылған жоқ. Бұл іс-шараны жүргізу нысанды сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерге жүктелген.

стад

Бұл нысан туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нигметуллин баяндады.

– Стадиондағы мұздатқыш құрылғы жұмыс істеп тұр. Бір айтатын жайт, 2019 жылы оған ток жеткізетін кабель жанып кеткен. Бірақ  былтырғы қысқы маусымды қосалқы кабельді пайдаланып аяқтады. Жалпы ол құрылғы тек күн жылы уақытта мұз еріп кетпес үшін іске қосылады. Ал қысқы минус температурадаоны қосудың қажеті жоқ. Сондықтан стадионның жұмыс істемеуіне ол себеп емес, - дейді Жеңіс Махамбетұлы.

Оның сөзінше, мұз алаңын салған мердігер «Марасант» ЖШС-ы биыл кепілдік мерзімі шеңберінде істен шыққан кабельді ауыстырған. Ал оның қалай жұмыс істейтіні күн жылығанда тексеріледі. Егер онда кемшіліктер анықталса, мәселе сот арқылы шешіледі. Бүгінде стадион «Айғаным» ЖК-ның сенімгерлік басқаруында. Ендігі жерде стадионның меншік иесі өзгермекші. Себебі кәсіпкер бұл нысанды мемлекет меншігіне кері өткізуге ниет етіп, өтініш жасаған.

– Қаржы басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкердің нысанды жақсарту бағытында  атқарған жұмыстарын тексерді. Онда келісімшартта көрсетілген жұмыстар орындалған. Ендігі кәсіпкер істелген жұмыстардың есебін, кеткен шығындарды құжатпен дәлелдеуі қажет. Нысан мемлекет меншігіне қайтарылған соң, стадион тиісінше дайындалып, қолданысқа беріледі. Бұл жаңа жылдан кейін болуы мүмкін, - дейді басқармасы басшысының орынбасары.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале