4.05.2026, 10:00
Оқылды: 19

Оралда тарихи Хан тоғайы азып кетпеуі үшін экопарк жасау керек – ғалым

Орал қаласында Хан тоғайын экологиялық паркке айналдыру мәселесі көтерілді. Осыған орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жаратылыстану-география факультетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бағдагүл Әлжанова Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді. 

75b263bb-ef85-4f96-bb70-9de2f4bb47d3
Фото: Kazinform

– Бағдагүл Сақтағанқызы, Хан тоғайының іргесі қашан қаланғаны туралы қандай деректер бар?

– Хан тоғайы – Орал қаласындағы ең көне табиғи-тарихи нысандардың бірі. Табиғи нысан ретінде Жайық және Шаған өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан жайылма орман болып саналады. Жайық өзенінің жағалауында қалың ну ормандар кездесетіні туралы алғашқы ғылыми дерек 1769 жылы неміс жаратылыстанушысы Петр Симон Паллас жазбаларында келтіріледі.
Ал тарихи тұрғыдан «Хан тоғайы» деп аталуы 1812 жылы 7 шілдеде Бөкей сұлтанның және 1824 жылы 26 маусымда оның ұлы Жәңгірдің салтанатты түрде хан ретінде таққа отыру және олардың Ресей мемлекетіне ант беру рәсімі салтанатына байланысты. Кейін бұл аумақ қала тұрғындарының демалыс аймағына айналып, қадірлі қонақтарды сол тоғайға апару салты қалыптасқан.

1837 жылы Ресей императоры Александр ІІ, ал 1891 жылы тақ мұрагері, болашақ император Николай II-нің сапарынан кейін «Царевич тоғайы» атауы берілді.
1905 жылы патша билігімен күрескен революционерлер осы жерде өздерінің құпия жиындарын (маевка) өткізген. Бұл тарихи оқиғаға орай тоғайда белгі орнатылған.
1919 жылы азамат соғысы кезінде қаланы қорғау шебі болған. Осы оқиғаларға арналған «Дала гүрсілі. Орал от құшағында» деп аталатын көркем фильмнің фрагменттері Хан тоғайында түсірілген.

Өткен ғасырдың 30 жылдарында Горький атындағы тоғай деп өзгертілді. Бірақ жергілікті халық үшін бұл тоғай әр кезде Хан тоғайы болып қала берді. Атақты ақын Жұбан Молдағалиев «Жағаңда тұрмын, Жайығым» атты өлеңінде «...Анау ғой, сірә, Хан тоғай, Жаңа атын, кешір, білмеймін» деп жырлаған.

Көнекөз қариялардың сөзіне қарағанда, ХХ ғасырдың отызыншы және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ресейден көшіп келген зауыттар қажеттіліктері үшін Хан тоғайын түгелдей отағаны туралы деректер бар. Кейіннен 1940-1950 жылдары тоғайды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Өткен ғасырдың 90 жылдары сол аумақта тұратын тұрғындар отын ретінде ағаштарды заңсыз кесіп, табиғатына орасан зор нұқсан келтірген. Кесілген ағаштың орнына жас көшеттер отырғызу бағытында жұмыстар мүлдем жүргізілген жоқ. Соның салдарынан теректі-шегіршінді табиғи орманның орнына туынды (екіншілік) үйеңкілі-шағанды-рудеральды қауымдастықтар қалыптаса бастады.

Кеңес үкіметі кезінде де Хан тоғайы қалалықтардың жиі демалатын орнына айналды. Ол жерлерде концерттер ұйымдастырылып, оркестр ойнайтын жазғы театр болған. Қазіргі уақытта тоғай жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие.

– Бөкей мен Жәңгір хан ретінде таққа отырған осынау тарихи орынды кейінгі ұрпақ үшін де сақтаудың маңызы зор ғой, бәлкім, арнайы белгі орнату керек шығар?

– Жергілікті халықтың басым көпшілігі бұл тоғайдың Хан тоғайы деп аталатынын білгенімен, «Бұл хандар кім, неліктен дәріптейміз?» деген сұраққа дәл жауап бере алмайды. Мүмкін, олар білмегеніне кінәлі емес болар. Біздің қоғамда тарихи тұлғалар туралы бір жақты сыңаржақ пікір бар. Бұған кеңес заманынан бері қалыптасқан идеология әсері де болар. Мысалы, АҚШ-та керісінше америкалық магнат кәсіпкерлер Г.Форд немесе Д.Д.Рокфеллер өте қатаң, айлакер, үнемшіл тұлға ретінде емес, өз заманында үлкен жетістіктерге жеткен, ел экономикасын дамытуға зор үлес қосып, революциялық өзгерістер енгізген прогрессивті тарихи тұлға ретінде дәріптеледі.
1801 жылы Бөкей хандығы құрылды, биыл оған 225 жыл толып отыр. Осы орайда Бөкей ханның Еділ мен Жайықтың арасындағы ата-баба қонысына көшуі саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тарихи көрегенділік болғанын қазіргі заман дәлелдеп отырған жоқ па?!

Ал Жәңгір ханды алсақ, Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасында алғашқы қазақ-орыс мектебінің ашылуы, банк пен аурухананың салынуы, орман шаруашылығын дамытып, құм басу процесін тоқтату үшін қарағай көшеттерін егуі тәрізді басқа да көптеген іс-шаралар оның есімімен тығыз байланысты. Сондықтан тарихи орынды кейінгі ұрпақ үшін сақтау мақсатында арнайы белгі қою қажет деп санаймын. Бұл аймақ жылма-жыл су басатын өзен жайылмасы болғандықтан, іргетасы биік стела немесе обелиск орнатуға, ал тоғайдың биіктеу жерлеріне скульптуралық композициялар жасауға болады. Жобаланатын композициялар тарихы шынайылыққа сәйкес болғаны жөн: яғни ханның салтанатын көрсететіндей киімі, ақ киіз, қылыш, зеңбірек салюты, тағы басқа көріністер. Бірақ бұл архитектуралық элементтер тасқын су мен мұз қысымына шыдайтындай және коррозияға төзімді материалдардан жасалуы керек.

– Хан тоғайында қандай өсімдік, ағаштар өседі, басқа жерлерден ерекшелігі қандай?

– Хан тоғайы Шаған өзенінің Жайық өзеніне құяр сағасында орналасқандықтан, мұнда өсімдіктердің өсуіне өте қолайлы жағдай қалыптасқан. Яғни ерекше микроклимат, құнарлы аллювиальды тұзданбаған топырақ, органикалық заттардың көп болуы, қолайлы су режимі, жер асты суларының жақын орналасуы тиімді әсер етеді. Жайылма ормандар аймақтық экожүйелермен салыстырғанда, биоәртүрлілік көрсеткіштері жоғары рефугиум болып есептеледі.

Геоботаникада пайда болуына қарай бөлінетін «аборигенді және адвентивті өсімдіктер» деген ұғым бар. Аборигенді немесе автохтонды өсімдіктерге белгілі бір аймақта ежелден бері табиғи түрде өсіп тұрған түрлер жатады. Ал адвентивті өсімдіктерге адамның әдейілеп немесе басқа бір кездейсоқ жағдайға байланысты әкелінген және кейіннен қаулап өсіп кеткен бөгде түрлер, мысалы, көптеген арамшөптер кіреді.

Табиғи орман экожүйесі ағашты, бұталы және шөптесін ярустан тұрады. Әрбір ярус бірнеше ярусшадан тұрады, мысалы, ағашты ярус өз кезегінде биік, орташа және аласа ярусшаларға бөлінеді. Хан тоғайының табиғи ағашты ярусын ақ терек, қара терек, көктерек, ақ тал (ветла) және шегіршін тәрізді түрлер құрайды. Итмұрын, долана, сынғыш крушина, мойыл, сарғылт қарақат, бұта караған, шайқурай жапырақты тобылғы, көптеген бұта талдардан тұратын бұталы ярусы жақсы дамыған. Шөптесін ярус ылғал сүйгіш әртүрлі шөпті-миялы-астықты болып келеді. Тоғайдың ашық жерлеріндегі алаңқайларда қылтанақсыз арпабас, қоңырбас, қызыл мия өскен шалғындар бар.

Қазіргі уақытта табиғи қалыптасқан, әсемдігімен танымал және «Ханның тоғайы» деп атауға лайық бұл тоғайдың табиғаты жұтаңдап, азып, орнына «орманның арамшөптері» деп аталатын америка шағаны мен шаған жапырақты үйеңкіден құралған арамшөпті-рудеральды экожүйеге айналған.

Америка шағаны (Fraxinus americana L.) мен шаған жапырақты үйеңкі (Acer negundo L.) фитоценологиялық тұрғыдан өте агрессивті түрлерге жатады. Олар күй талғамайды, сонымен қатар өте көп мөлшерде тұқымы мен тамыр өркендері арқылы өздігінен тез көбеюге қабілетті. Тамырлары зиянды заттар бөліп, жергілікті ағаштардың тұқымы мен өскіндерінің дамуын тежейді, тозаңдары өте күшті аллерген болып саналады. Бұл қауымдастықтардың құрылысы қарапайым, 2-3 ярустан ғана, ретсіз, өте тығыз өседі, бұталы ярустары мүлдем болмайды.

Қазірдің өзінде америкалық бұл қауымдастықтар Хан тоғайының 60-70 пайызын алып жатыр. Егер оларға қарсы күрес шараларын жүргізбесек, болашақ 50-60 жылда шаған жапырақты үйеңкі, шаған және оңтүстікке қарай жыңғыл ғана «Жайықтың бойындағы ен тоғайда» өсіп тұруы әбден мүмкін.

Ал қысы-жазы өңін бермейтін қарағай екпелерінің келбеті өзгеріп, қурап, құлап жатыр. Қарағай екпелері орман шаруашылығы мен санитарлық-гигиеналық жағынан өте пайдалы. Бірақ оның өсіп жетілуі үшін кем дегенде 40-50 жыл және ерекше күтім керек. Сондықтан да осы алқапты қалпына келтіру шаралары – кезек күттірмес мәселе.
– Ендеше, экопарк жасау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ірі мегаполистер мен облыс орталықтары маңындағы аймақтарда экология мен халықтың өмір сапасын жақсарту үшін экопарктер құру жөнінде тапсырма берген болатын.

Табиғатының көріктілігімен қатар тарихи тұрғыдан да өзекті Хан тоғайы экопарк ретінде өте дұрыс таңдалған нысан деп санаймын.
Экопарк (экологиялық парк) дегеніміз – бұл табиғи экожүйелерді сақтай отырып, адамдарға демалыс, білім беру және экологиялық ағарту мақсатында ұйымдастырылған арнайы табиғи рекреациялық аймақ. Экопарктер қалалық саябақтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға ұқсас болғанымен, бір мезетте табиғи парк – экологиялық білім беру орталығы – рекреациялық аймақ қызметін атқарады.

Қазақстанда «экопарк» ұғымы жеке заңмен нақты бекітілмеген, бірақ ол бірнеше статусқа ие болуы мүмкін:

– ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА), ұлттық парк, қорық, табиғи парк;

– қалалық әкімдікке қарасты қалалық парк;

– аралас модель: орманды қорғау + туризм + экологиялық білім беру орталығы мекемелері.

Экопарк жобасын жасауға қала тұрғындарын белсенді тартып, олардың пікірін ескеру маңызды.

Экопарк жасау жобасы бірнеше кезеңнен тұруы керек. Оған ұзақ мерзімді жоспар қажет.

Аумағы 259,4 га болатын «Хан тоғайы» экопарк жобасын қазан айына дейін ашу жоспарланғандықтан, уақыттың тығыздығын ескере отырып, алдымен бірінші кезектегі шаралар – тоғайдың функциональдық аймақтарын жасау және жасыл желектер мен жануарлар дүниесін түгендеу жұмыстарын жүргізген жөн.

Мынадай функциональдық аймақтарды жобалаған маңызды.

Экспозициялық немесе кіру аймағы. Экопаркке ескі қала және «Динамо» спорт базасы орналасқан жерден кіру мүмкіндігін қарастыру. Болашақта Шаған өзені ескі арналарының бойынан аспалы жол, көпір салуға болады. Кіреберіске аркалар орналастыру және басқа жұмыстар жоспарлаған жөн. Оралға тарихи тұлғалардың келуін бейнелейтін, ақпараттық тақталар орнатуға болады. Хан тоғайына кіреберісте павильон немесе конференц зал тұрғызып, онда диорама мен ақпараттық материалдар орнату, тіпті театрландырылған көріністер жасауға болар, оның жобасын архитекторлар, дизайнерлар мен жобалаушылар шеше жатар.

Белсенді демалу аймағы. Спорт және ойын алаңдары, автотұрақ, прокат нүктелері, суретке түсетін фотоаймақ және басқалар тоғай ауданының 10-15 пайызынан аспауы керек.

Экологиялық соқпақтар. Жыл маусымдарына байланысты серуендеу, ғылыми-танымдық мақсатта жобаланады. Жаяу немесе веложол, шаңғы трассалары, атпен серуендеу маршруттарын жобалаған дұрыс. Міндетті түрде жол сілтемелері болуы және өрт қауіпсіздігі ережелері сақталуы керек. Тынығатын және жаңбырдан қорғанатын орындар қарастырылғаны абзал. Соқпақ жолдары ұсақ қиыршық тас немесе су шайып кетпейтіндей төзімді материалдармен төселгені жөн. Брусчатканы аз пайдаланып, су шайып кететіндіктен жыл сайын ауыстыру қажет.

Экологиялық тыныштық аймағы. Ғылыми зерттеулер, мониторинг жұмыстары ғана жүргізіледі. Оның айналасында буферлік аймақ жоспарланса деймін.

Экологиялық және тарихи экспозициялар. Тарихи оқиғалар болған орындарға және эталондық қауымдастықтар мен жасы үлкен ағаштарға белгілер орнату.

Қорғаныш аймағы. Экопарк ауданы периметрі бойынша қоршалғаны жөн.

Ал бірінші кезекте кезек күттірмейтін мәселе, бұл – тоғайды қоқыстан, қураған, ауру, өрт шалған ағаштар мен бұтақтардан және құндылығы төмен америкалық үйеңкі мен шаған өскіндерінен тазарту, санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу. Халық негізінен көгілдір отынды тұтынғандықтан, тұрғындар тарапынан осындай кесілген және отындық ағаштарға сұраныс жоқ. Сондықтан оларды терең өңдеу, компост жасау мақсатында пайдалануға болады. Сонымен қатар өткен жылдарда су тасқынына қарсы бөгеттер салу үшін пайдаланылған әк пен құм толтырылған қапшықтардан тазартса, дұрыс болар еді.

– Егер экопарк жобасы жүзеге асқан күнде ғалым ретінде қандай басты мәселелерге назар аудару керек деп санайсыз?

– Ең бастысы, «Табиғатқа минимальды әсер ету» қағидаты және рекреациялық жүктеме ескерілуі тиіс. Тоғайда ешқандай күрделі құрылысты жоспарламаған жөн. Құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде ауыр техниканың кіруіне жол бермеу үшін жиналмалы материалдарды сол жерде құрастыру мүмкіндігін қарастырған артық болмайды.

Әлем бойынша ауа температурасы көтеріліп жатыр. Осыған байланысты Қазақстанда орман өрті көбейіп кетті. Орманмен көмкерілген аумақтарды өрттен сақтау мәселесі өте өзекті. Тәуекел факторларды ескере отырып, Хан тоғайын Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-нің теңгерімінде қалдырған жөн. Себебі тоғайдағы ағаштардың басым көпшілігі түрлі зиянкестер мен аурулармен зақымданған, сонымен қатар орманды күтіп-баптау жұмыстары біліктілікті қажет етеді.
Барлық инфрақұрылымдар – соқпақтар, жарықтандыру, қоқыс салу орындары және санитарлық тораптар қажетті көлемде және табиғатпен үндестігі тұрғысынан қарастырылғаны абзал.

Бұл тоғайда аспан астындағы ашық зертхана ретінде эталонды орман қауымдастықтарын жасауға болады. Алдымен биологиялық ерекшеліктері мен экологиялық талаптарын ескере отырып, табиғи жайылма ормандарда өсетін ағаштар мен бұталарды егу керек. Мысалы, қара теректі жаларалық ойыстарда, ал ақ теректі аздап биігірек жалдар (грива) бойынша отырғызған жөн. Тоғайдың ашық жерлеріне қылтанақсыз арпабас немесе басқа да шалғында өсетін астық тұқымдастар мен бұршақ тұқымдастардан тұратын шөп қоспасын сепкен дұрыс.

Міндетті түрде табиғат жылнамасын жүргізу керек. Табиғат жылнамасы тек ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ғана жүргізілгенімен, бұл құжат жасыл желекті түгендеу, мониторинг және басқару жұмыстары үшін өте қажетті саналады.

Болашақта Хан тоғайы адамзат мен табиғаттың мүдделері тең деңгейде назарға алынып, қорғалатын жаңа пішіндегі нысан, әрі қала көркі болады деп үміттенемін.
Сәтті басталып, аяғы жоқ бұлыңғыр көп жобалардың бірі болмасын!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале