30.07.2026, 10:30
Оқылды: 14

Оралда Ұлттық ұланның жас сарбаздарына қару табысталды

Орал қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінде жас сарбаздарға жауынгерлік қаруды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бұл – әрбір әскери қызметші үшін ерекше маңызға ие сәт. Себебі қару алу олардың толыққанды әскери қызметке кіріскенін, қолбасшылықтың жоғары сенімін және ел қауіпсіздігін қорғау жолындағы зор жауапкершілікті мойнына алғанын білдіреді.

WhatsApp Image 2026-07-30 at 11.13.22

Салтанатты рәсімде әскери бөлім командирі сөз сөйлеп, бұл күннің мәні мен маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Қаруды қабылдау – үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік. Бұл – Отан қорғаушысы ретінде қалыптасу жолындағы маңызды қадам. Әрқайсыңызға жүктелген сенімді ақтап, әскери антқа адал болуларыңызға тілектеспін, – деді әскери бөлім командирі.

Іс-шара әскери бөлімнің саптық алаңында салтанатты жағдайда өтті. Сапқа жуырда ғана Ұлттық ұлан қатарына қосылған жас сарбаздар тұрғызылды. Олар әскери қызмет барысында қолданатын, жауынгерлік даярлықта шыңдалатын және қажет болған жағдайда мемлекет қауіпсіздігін қорғауға қызмет ететін жеке қаруларын қабылдады.

WhatsApp Image 2026-07-30 at 11.13.22 (1)

Алғаш рет өзіне бекітілген қаруды алғандардың бірі – мерзімді қызмет сарбазы Зинур Ілияс.

– Бұл күн мен үшін ерекше әрі есте қаларлық сәт. Командирлеріміздің бізге артқан сенімін толық сезінемін. Сол сенімді ақтап, әскери қаруға ұқыптылықпен қарап, Отан алдындағы борышымды абыроймен атқаруға бар күшімді саламын, – деді жас сарбаз.

WhatsApp Image 2026-07-30 at 11.13.22 (2)

Салтанатты рәсімге бөлімше командирлері, әскери бөлім офицерлері, Ұлттық ұлан қолбасшылығының өкілдері, ардагерлер мен құрметті қонақтар қатысты. Тәжірибелі әскери қызметшілердің қатысуы жас сарбаздар үшін әскери дәстүрлер сабақтастығы мен жауынгерлік бауырластықтың айқын көрінісіне айналды.

WhatsApp Image 2026-07-30 at 11.13.23

5517 әскери бөлімінде өткен қару табыстау рәсімі Ұлттық ұланның жауынгерлік әзірлігі мен әскери дәстүрлерінің берік екенін тағы бір мәрте айғақтады. Жас сарбаздар Отан қорғаушысы атану жолындағы маңызды белесті еңсеріп, алдағы жауапты міндеттерді абыроймен орындауға дайын екендіктерін көрсетті.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале