Биыл Орал қаласының аумағында заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Жеке кәсіппен айналысқан А. есімді азамат 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың сәуіріне дейін Оралдағы «Мирлан» орталық базарында шетелде шығарылған, цифрлық таңбалаусыз, түрлі маркадағы 41 108 қорап заңсыз темекі өнімдерін сатқан.
Сурет: freepik.com
Кәсіпкер саудалаған темекілердің құны – 31 653 160 теңге. Сонымен бірге ол Зашаған кентінде орналасқан аутокөліктерге техникалық қызмет көрсететін стансаның бір бөлігін қойма ретінде пайдаланып, тауарды сонда сақтаған. Орал қалалық соты аталған азаматты ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп тауып, оған 1000 АЕК мөлшерінде, яғни 3 692 000 теңге айыппұл салған. Сонымен қатар тәркіленген барлық темекі өнімі мен оларды тасымалдаған кезде қылмыс құралы ретінде пайдаланған «OPEL ZAFIRA» автокөлігі мемлекет пайдасына тәркіленген. Бұл ақпараттарды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Асылбек Дүйсенов баяндады.
Асылбек Әбілхайырұлының айтуынша, соңғы үш жылдағы статистика экономика саласындағы заңбұзушылықтардың криминалдық-көлеңкелі қызметтердің жандануына қолайлы жағдай жасап отырғанын көрсетеді. Өткен 3 жылда БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 100-ден астам экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықты тергеген. Оның ішінде заңсыз кәсіпкерлік фактілері бойынша 14 қылмыстық іс тіркелген. Тек 2023-2024 жылдары заңсыз айналымнан 345 мыңнан астам қорап темекі тәркіленіпті. Негізінен, бұл – алкоголь және темекі өнімдері түріндегі акцизделетін тауарларды тасымалдаумен, сақтаумен және сатумен байланысты заңсыз кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыру.
– Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті мәселенің бірі – заңсыз кәсіпкерлікпен күрес. Экономиканы басқару құралы – қолма-қол ақша. Заңсыз кәсіпкерлік барлық деңгейдегі бюджетке түсетін қаражатты тоқтатып, елдің салық саясатына кері әсер етеді. Ал бюджетте ақшаның болмауы, ең алдымен, әлеуметтік салаға, мәдениеттің дамуына, экономикаға, әскер мен құқық қорғау құрылымдарына теріс әсер етіп, әлеуметтік шиеленіс пен саяси тұрақсыздықты тудырады. Салықтан заңсыз жасырылған қаражат «көлеңкелі» бизнеске түседі. Осылайша ұйымдасқан қылмыстың экономикалық базасын нығайтып, қылмыстық құрылымдар жұмыс істей бастайды. Заңсыз бизнесте табыс алып, салық төлемеу деген түсінік бар. Шындығында, бұл дұрыс емес. Заңсыз кәсіпкерлік – адамның жүйелі түрде кіріс алу мақсатында өз бетінше жұмыс істеуі. Бірақ тіркеуден өтпейді, қажетті лицензияларды алмайды, – деді департамент басшысы.
Бұдан соң спикер заңсыз кәсіпкерлік қызметтің түрлері және бұнымен айналысқан адамдардың қандай жауапкершілікке тартылатыны жөнінде баяндады. ҚР Азаматтық кодексінің 10-бабы кәсiпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға негізделген. Мемлекет кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi. Ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 463-бабында тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлікпен немесе өзге де қызметпен айналысуға қатысты жаза түрлері көрсетілген. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындар қылмыстық жауапкершілікке де тартылады.
Мысалы, ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабында заңсыз кәсiпкерлiк, заңсыз банктік, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет жүргізудің салдары санамалап көрсетілген. Кәсіпкерлік қызметті, банк қызметін (банк операцияларын), микроқаржылық немесе коллекторлық қызметті тіркеусіз немесе лицензиясыз жүзеге асыруға болмайды. Егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi зиян келтiрсе немесе iрi мөлшерде табыс алумен, қомақты мөлшерде акцизделетін тауарларды өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен немесе өткізумен байланысты болса, кәсіпкер жауапқа тартылады. Оған 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығын шектеу қарастырылған. Мүлкі тәркіленеді немесе бас бостандығынан айырылады.
Дәл сол әрекеттерді қылмыстық топ жасаса, аса ірі көлемде табыс алумен байланысты болса және бiрнеше рет жасалса, жаза күшейтіледі. Ал осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттi бiрiншi рет жасаған адам келтiрiлген зиянды өз еркiмен өтесе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Брифингте аталған департаменттің тергеу басқармасының басшысы Бақыт Сатаев экономикалық құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларға жедел жауап берілетінін айтты. «Көлеңкелі» экономикада дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар жөнінде 8 (7112) 53-84-27 сенім телефонына хабарлап, айтуға болады. Сонымен қатар мұндай ақпаратты Telegram мессенджеріндегі «АФМ Іnsider» ботқа да жазуға мүмкіндік бар. Анонимдікке кепілдік беріледі.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz