30.03.2021, 12:01
Оқылды: 270

Оралда «Жанартау жыр» І облыстық онлайн поэтикалық дуэлі өтеді

Поэзия – ой мен сезім астасқан бөлек әлем. Биіктік пен тереңдіктің жыр бәйгесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады. Жайықтың жас ақындарын елге таныстыру мақсатында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында Орал қаласында «Жанартау жыр» І облыстық онлайн поэтикалық дуэлі өтеді.

 онмц1

Бұл бастаманың мақсаты – тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан шыққан ерекше таланттарды тану, жаңашыл орта қалыптастыру, жас ақындар мен оқырман қауымның арасындағы байланысты нығайту, қатысушылардың ақындық тұлғасының қалыптасуына мүмкіндік жасау және әдеби өмірде белсенділігін арттыру, ақындарды қолдау.

Дуэльде Жайықтың жас ақындары Шамұратов Дәурен, Лукбанов Меңдібек, Сыдық Мейрамбек, Аманжолов Әнуар, Мусин Әли, Ғилымхан Марлен, Бақиев Азамат, Насиев Төрехан, Бақытжанова Айзада, Саматов Райымбек, Қадырқұлов Нұртілеу, Рахимова Инабат бақ сынайды.

Көркемдік кеңес пен қазылар алқасының шешіміне сәйкес 18-29 жас аралығындағы жұптасқан ақындар кезекпе-кезек еркін тақырыпта 2 өлеңнен оқиды және өз ойларын ортаға салады. Қатысушылардың осы тартысты сәті видеороликке түсіріліп, ОХШО әлеуметтік желілеріне жарияланады.

Қатысушының сөз саптауы, өлең мағынасының тереңдігі, тақырып аясының кеңдігі, жаңашылдығы, ой мен қиялдың ұшқырлығы бағаланады. Ақындар Орал қаласында өтетін қорытынды шараға арнайы шақырылып, жүлдегерлер марапатталады. «Жыр қағаны» анықталады.

Ертай Бимұханов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале