5.01.2024, 20:00
Оқылды: 77

Оралда жаңбырлатып суару құрылғысы шығуда

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов Оралдағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да болды.

IMG-20240105-WA0092

Аталмыш компания – елдегі жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлейтін және өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Қазір мұнда ауыл шаруашылығына қажетті жаңбырлатып суаратын құрылғылар өндірісі қолға алынуда. Сенат депутаты Арман Кәрімұлы аталмыш құрылғы өндірісінің жай-жапсарымен танысып, зауыттықтардың мәселелерін тыңдады.

– Елу жылдық тарихы бар аталмыш зауыт негізінен қару-жарақ шығарады. Соңғы жылдары мұнай-газ саласындағы және газ-турбиналық қондырғыларды жөндеуде. Бүгінде зауыттың ауыл шаруашылығына қажетті жаңбырлатып суару құрылғысын шығаруға толық мүмкіндігі бар. Биыл бір шаруа қожалығының тапсырысымен аталмыш құрылғыны жасап, пайдалануға берген. Болашақта құрылғыға сұраныс көп болады деп ойлаймын. Осы орайда кәсіпорынға мемлекет тарапынан көмек керек. Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен пайдаланылмай жатқан жерлер қолданысқа берілуде. Сондай-ақ Президент суармалы жерлердің көлемін көбейтуді тапсырды. Бұл тұрғыда БҚО-ның мүмкіндігі зор. Себебі қажетті осы жерде шығады әрі зауыттағылар жаңбырлатып суаратын құрылғыға бірнеше жылға кепілдік беріп отыр. Облыста 50-100 мың гектарға дейін суармалы жер көбейген жағдайда, аталмыш қондырғыға деген сұраныс артады. Сол кезде оны «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке беруге мүмкіндік бар. Мен Үкіметтің және Ауыл шарауашылығы министрлігінің алдында бұл мәселені көтеремін, – деді Арман Кәрімұлы. Сондай-ақ Сенат депутаты жаңбырлатып суаратын құрылғы суды тиімді пайдалануға, сапалы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік беретінін де атап өтті. Арман Өтеғұлов зауыттың әлеуетінің зор екеніне, нарық сұранысына сай қызмет көрсете алатынынан сенім білдірді. «Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев облысқа келген жұмыс сапарында біздің кәсіпорында болған еді. Сол кезде жаңбырлатып суару құрылғысын өндіру жобасын қолға алдық. Былтыр облыста алғаш рет бұл құрылғыны іске қостық. Тапсырыс аз болғандықтан, оның 15 пайызы біздің зауытта жасалды. Бірақ өндірістің жергілікті қамту үлесін 45 пайызға дейін арттыра аламыз. Бүгінде өңірдегі фермерлерден тапсырыстар түсуде. Қазір қолға алған 200 метрлік айналмалы қондырғының өндірісін шілде айына дейін бітіреміз деген ойдамыз», – деді «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары Азат Қапашев.

IMG-20240105-WA0087

Бүгінде кәсіпорын қызметкерлері 82 гектар суармалы жерге арналған жаңбырлатып суару құрылғысын жасап, іске қосқан. Олар аталмыш құылғының санын арттыра бермек.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале