5.06.2026, 10:45
Оқылды: 34

Оралда жасанды интеллект орталығы ашылды

Цифрлық технологиялар адамзат дамуының жаңа кезеңін айқындап отыр. Әсіресе жасанды интеллект бүгінде ғылым мен өндірістен бастап білім беру, медицина және мемлекеттік басқару салаларына дейін кеңінен еніп, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.  Осындай жағдайда заманауи технологияларды меңгерген білікті  мамандар даярлау  мәселесі  ерекше маңызға ие.  Осы мақсатта Орал қаласында жасанды интеллект орталығы ашылды.

DSC00295

Жаңа білім беру алаңы мектеп оқушылары мен студенттердің цифрлық технологиялар саласындағы білімін жетілдіруге бағытталған. Мұнда жастар жасанды интеллект негіздерін тегін меңгеріп, тәжірибелік дағдыларын шыңдай алады. Болашақ IT мамандарын даярлауға арналған жобаны Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мен «IT GROUP KAZAKHSTAN» компаниясы бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Орталықтың негізгі мақсаты – жастарды цифрлық дәуірдің талаптарына бейімдеп, жаңа технологияларды тиімді қолдана алатын мамандар қалыптастыру. Бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллект, машиналық оқыту, деректерді талдау, нейрожүйелермен жұмыс істеу және цифрлық өнімдерді әзірлеу бағыттары бойынша білім алады. Теориялық сабақтар тәжірибемен ұштасып, тыңдаушылар нақты жобалар әзірлеу арқылы алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алады.

Мамандардың пікірінше, бүгінде жасанды интеллект технологиялары экономиканың барлық саласына қарқынды енгізіліп жатыр. Сондықтан мұндай орталықтардың ашылуы өңір жастарына жол ашып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетін арттыруға  ықпал  етеді.

Облыс  прокурорының аға көмекшісі Жанар Иманалиеваның айтуынша, бастама Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында  қолға  алынған.

– Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру мақсатында облыс прокуратурасы «IT GROUP KAZAKHSTAN» компаниясымен меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде AI Hub орталығы ашылып отыр. Мұнда прокуратура қызметкерлерімен қатар мектеп оқушылары мен колледж студенттерін жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге үйрету көзделген, – деді ол.

Жобаның тағы бір маңызды қыры – құқық  қорғау құрылымдары қызметкерлерінің цифрлық сауатын арттыру. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет саласында заманауи технологияларды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Орталықта білім алушылар халықаралық тәжірибеде қолданылатын заманауи бағдарламалармен жұмыс істеп, инновациялық жобалар әзірлей алады. Мұндай бастамалар өңірдегі стартап мәдениетінің дамуына да оң әсер етпек.

«IT GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС-ның бас директоры Михаил Дудниченков жастардың тың бастамаларын қолдауға дайын екендерін жеткізді.

– Егер тәжірибеде қолдануға болатын перспективалы жобалар ұсынылса, оларды жүзеге асыруға және кеңінен енгізуге жан-жақты қолдау көрсетеміз. Біздің мақсатымыз – жастардың идеяларын нақты өнімге айналдыруға көмектесу, – деді компания басшысы.

Оқу бағдарламасы жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған. Бір жарым айға созылатын курс барысында қатысушылар жасанды интеллектінің негізгі қағидаларын меңгеріп, деректерді өңдеу, нейрожүйелермен жұмыс істеу және цифрлық шешімдерді әзірлеу бағыттарында тәжірибе жинақтайды. Курс соңында арнайы сертификат табысталады.

DSC00321

Дегенмен жоба ұйымдастырушылары үшін басты нәтиже сертификатпен өлшенбейді. Ең маңыздысы – жаңа технологияларды еркін игерген, инновациялық ерекшелігін ойлайтын және елдің цифрлық дамуына үлес қоса алатын жас буын қалыптастыру. Оралда ашылған жаңа орталық осы мақсатқа бастайтын маңызды қадамдардың  бірі  болмақ.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале