5.05.2021, 16:57
Оқылды: 204

Оралда «Жігіт сұлтаны» байқауы басталды

Бүгін Орал ат спорт кешенінде 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні қарсаңында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Жігіт сұлтаны-2021» облыстық байқауы басталды. Оған Орал қаласы және Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Теректі және Шыңғырлау аудандарынан жиналған қазақтың төл  өнері мен ұлттық спортын дәріптеп жүрген жігіттер қатысып, бақтарын сынауда. Байқауға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

IMG_20210505_201354_064

- Құрметті Орал қаласының тұрғындары мен қонақтары! Бүгін  7 мамыр - Отан қорғаушылар күні қарсаңында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақжайық өңірінде «Жігіт сұлтаны-2021» облыстық байқауы өтуде. Бұл қазақтың өнері мен спортына елеулі үлес қосатын шара болады деп сенемін. Жақында ғана ашылса да Орал ат спорты кешені жақсы бастамаларды қолға алуда. Болашақта осы жерден елдің атын асқақтататын чемпиондар шығады деп ойлаймын. Біз ұлан-ғайыр қазақ жерін    қорғап қалған, қорған болған бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан бүгін Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында осындай үлкен шараны бастауды қолға алдық.

Елдегі орын алған қиын ахуалға қарамастан ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын шараны қолға алуды ұйғардық. Өйткені ұлттық рухымызды көтеретін осындай игі бастамалар жоғалмауы керек. Қазақ баласының ішінде «Жігіттің сұлтаны» деген атқа лайық ер мінезді, жүректі, батыр жігіттеріміз көп болғай! Іске сәт! - деді шараның ашылу барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы.

IMG_20210505_201357_011

Байқау «Қазақтың баласымын тегі бүтін», «Жігіттер бар нарқасқа», «Аттың даңқы жігіт қолында», «Жігіт даңқы өз қолында», «Жігіттер бар асыл сөзді», «Жігітке аз болады жеті өнер» секілді бес кезеңнен тұрады. Жарыстың бірінші күнінде байқауға қатысушы жігіттер ісмерлік, шеберлік, қолөнер сайысы, ұлттық ойындардан – аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан бақ сынайды. Ал ертең шешендік өнер, сұрақ-жауап және өз өнерлерін көрсетуден сайысқа түспек. Жарыстың қорытындысы ертең белгілі болмақ.

IMG_20210505_201400_374

IMG_20210505_201402_613

IMG_20210505_201349_855

Ләззат Шағатай,
Суреттерді түсірген: Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале